Ол тергеу изоляторында жалаңаш жүруге мәжбүр болғанын айтқан болатын
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев журналист Сандуғаш Дүйсенованың шағымына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ол бейтаныс адамдардың көзінше адамды жалаңаштау қалыпты жағдай ма деген сұраққа жауап берді.
«Қылмыстық істерді тергеп-тексеру барысында жүзеге асырылатын заңды әрекеттер және бұл әрекетті орындау кезінде азаматтың бастан кешіретін қолайсыздықтары азаптауға жатпайды. Бұл жеке тінту не қылмыстық іс жүргізу заңнамасымен реттеледі және барлық азаматтар үшін бірдей. Оны уәкілетті лауазымды адам, яғни бұл жағдайда бір жыныстағы куәгерлердің қатысуымен тергеуші жүргізеді. Бұл жағдайда Дүйсенова ханымның қорғаушысы да болды. Ол бұл туралы өз пікірін білдірді», - деп жауап берді Марат Қожаев.
Айта кетейік, Сандуғаш Дүйсенова қамауға алынған болатын. Кейін қамаудан қолхатпен босатылды. Осыдан кейін журналист Самал Қабышева тергеу мекемесінде Сандуғашты жалаңаш видеоға түсіріп, сағын сындырғысы келгенін айтты. Дүйсенованың өзі 8 сағат бойы уақытша ұстау изоляторында болған кезде көрген қорлығы туралы айтып, көмек сұрады. Ол тергеу кезінде төстартқышсыз ер адамдардың алдында жүруіне тура келгенін айтты. Кейін Жетісу полициясы журналист Сандуғаш Дүйсенованың мәлімдемесіне қатысты түсініктеме берді.