Дархан Қыдырәлі: Біз журналист Сандуғаш Дүйсенованы қолдаймыз

Qaz365.kz редакциясы

Оның айтуынша, журналистің адвокаты министрлікке бәрі заң аясында болғанын мәлімдеген

Коллаж: Qaz365.kz

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі журналист Сандуғаш Дүйсенованың ұсталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның айтуынша, журналистің адвокаты министрлікке бәрі заң аясында болғанын айтқан.

“Біріншіден, біз оқиға болған күні осыған қатысты мәлімдеме жасадық. Сонымен қатар оқиғаның өрбуін қадағалап отырдық. Органдармен де байланыста болдық. Біз Сандуғаш әріптесімізді жақсы білеміз, журналист ретінде құрметтейміз. Екіншіден, оның адвокатымен және көмекшісімен сөйлесіп отырмыз. Адвокаты бәрі заң бойынша жүргенін айтты. Біз тергеу амалдарына араласа алмаймыз. Бірақ құқықтық қолдау көрсетуге дайынбыз. ІІМ айтуынша, барлығына сондай процедура жүреді”, – деді министр.

Айта кетейік, Сандуғаш Дүйсенова қамауға алынған болатын. Кейін қамаудан қолхатпен босатылды. Осыдан кейін журналист Самал Қабышева тергеу мекемесінде Сандуғашты жалаңаш видеоға түсіріп, сағын сындырғысы келгенін айтты. Дүйсенованың өзі 8 сағат бойы уақытша ұстау изоляторында болған кезде көрген қорлығы туралы айтып, көмек сұрады. Ол тергеу кезінде төстартқышсыз ер адамдардың алдында жүруіне тура келгенін айтты. Кейін Жетісу полициясы журналист Сандуғаш Дүйсенованың мәлімдемесіне қатысты түсініктеме берді. Ішкі істер министрлігі де журналист Сандуғаш Дүйсенованың ісіне қатысты пікір білдірді.