"АрселорМиттал Теміртауға" тиесілі ЖЭО-ға жылу маусымына дайындық паспорты берілмеді

Qaz365.kz редакциясы

Компанияға 1 млн теңге айыппұл салынды

primeminister.kz

"АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ға тиесілі Теміртаудағы №2 жылу электр орталығына жылу маусымына дайындық паспорты берілмеген, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Қарағанды облысы бойынша энергетикалық қадағалау департаментіне сілтеме жасап.

ЖЭО-да 4 және 5 қазандықтарды күрделі және орташа жөндеу кестесі бұзылған, ескі, 16 жыл бұрынғы қондырғылар жаңартылмаған, олардың ақауы бар, 5-қазандықтағы коллекторлар ауыстырылмаған.

"№5 қазандықты жөндеу жұмыстарының сметасында 12 дана коллекторды толық ауыстыру көзделгеніне қарамастан, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ оларды өзгертпеген. Тек тазалаумен және жөндеумен шектелген. Жұмыс істеп тұрған коллекторлардың 150-ден 200 мм-ге дейін елеулі ауытқуы бар", – деп түсіндірді департамент.

Сонымен қатар №3 қазандықтан түтін құбырына дейін газ құбырын жылу оқшаулау және қазандық цехының шатырын жөндеу жұмыстары аяқталмаған.