Назарбаев билікке қайта келсе, жұмысымыздың бәрі құрдымға кетеді – депутат Бақытжан Базарбек

Qaz365.kz редакциясы

Мәжілісмен Назарбаевтың басқару кезеңіндегі олқылықтарды атады

Фото: ашық дереккөздерден

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билікке келуін құптамайтынын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Журналистер депутаттан Нұрсұлтан Назарбаевтың 12 желтоқсанда «Астана клубының» пленарлық отырысына қатысуы жайлы пікірін сұрады.

«Енді бәрі ол кісінің әртүрлі шараларға қатысқанын талқылап жатыр. Шыны керек, мен қызықпаймын оған. Кітабын да оқыған жоқпын. Оның билікке қайтып келуі мүмкін емес. Себебі, біз қазір сол кісінің басқару кезеңіндегі былықтың бәрін жөндеп жатырмыз. Ол кісінің қайта билікке келуі жұмысымыздың барлығын құрдымға кетіреді. Оның заманы өтті. Жаңа заманға аяқ бастық. Ол кісінің билікке қайтып келуі екіталай. Себебі, біріншіден, қаншама халықтың мұңы, одан кейін қордаланған мәселелер энергетика, ауылшаруашылығы, жер, су салалары, білім, денсаулық сақтау, халықаралық қарым-қатынастар – осының барлығы сол кісінің басқару кезінде орын алды. Әрине, жетістіктер болды. Бірақ мәселелер көп болды», – деді мәжілісмен.

Оның айтуынша, экс-президенттің басқару кезіндегі әсіресе қордаланған мәселе – сыбайлас жемқорлықтың белең алуы.

«Қан-тамырластардың бәрі қаптап кетті. Енді осылардан кейін ол кісінің қайта билікке келуі деген ұят нәрсе», – деді ол.

Депутат сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдарды күшейту жөнінде Үкіметке ұсыныс жасағанын атап өтті.

Айта кетейік, кеше экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев «Астана клубының» жетінші отырысына қатысты.