Көкшетауда Төтенше жағдай жарияланды

Qaz365.kz редакциясы

Жедел штаб құрылды

Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Көкшетауда Қылшақты өзенінің арнасынан асып, тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды, көшелер мен үй аулаларын су басуына байланысты Төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Су тасқынынан келтірілген залалдарды жою бойынша жедел штаб құрылды.

«Көкшетау қаласында қалыптасқан жағдайға байланысты, яғни Қылшақты өзеніндегі судың деңгейі шамадан тыс көтерілуі тұрғындардың өмір сүруіне қолайсыздық туғызды. Жағдайды тұрақтандыру үшін Төтенше жағдай енгізілді. Соның шеңберінде келтірілген шығын көлемі анықталып, комиссия арқылы материалдық көмек мәселесі шешіледі. Су тасқынынан келтірілген залалдарды жою бойынша жедел штаб құрылды. Су басқан аймақтардағы тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүргізілуде, қазіргі кезде 100-ге жуық адам арнайы дайындалған орындарға орналастырылды. Жерлестеріме жағдайды түсінгеніңіз үшін және су тасқынына қарсы күресте қолдан келгенше көмек көрсеткеніңіз үшін алғыс айтамын», - деді қала әкімі Бауыржан Ғайса.

Айта кетейік, бұған дейін Көкшетаудағы Қылшақты өзені арнасынан асқан болатын. 16 жеке үй, 29 жеке аула аумағы және 12 көпқабатты тұрғын үй ауласы, сондай-ақ «Ертөстік» балабақшасының 1-қабатын су басты.

25 наурызда Көкшетау қаласындағы № 22 орта мектеп ғимаратын еріген су басып қалды.

Барлық зардап шеккендер 8 775 666 99 08 (Whatsapp) телефон нөмірі бойынша хабарласа алады.