Құрылтай сайлауы референдумнан қымбатқа түсуі мүмкін

Qaz365.kz редакциясы
gov.kz

Қазақстанда өтетін Құрылтай сайлауына жұмсалатын шығын жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумнан қымбат болуы мүмкін. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) хатшысы Шавхат Өтемісов Парламенттің бірлескен отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Хатшының айтуынша, қазіргі уақытта нақты цифрларды атау ерте, себебі сайлаудың нақты күні әлі белгіленбеген. Шығын көлемі сайлауға дайындық күндерінің санына және сайлау комиссиясы мүшелерінің жұмыс істеу мерзіміне тікелей байланысты болады. Электоралдық науқанға бөлінетін қаражаттың негізгі бөлігі комиссия мүшелерінің еңбекақысына жұмсалады.

Сонымен қатар Шавхат Өтемісов бағаның өсуі мен тауарлар мен қызметтерді сатып алу құны да бюджетке әсер ететінін атап өтті.

«Сайлау референдумнан қымбат болады деп ойлаймыз. Қазірше цифрлармен сөйлей алмаймыз, бәрі датаның жариялануына байланысты. Тауарлар мен қызметтердің бағасы ол уақытта өзгеруі мүмкін», — деді ОСК хатшысы.

Еске сала кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір палаталы Құрылтайға сайлау тамыз айында өтетінін мәлімдеген болатын.