Назарбаев ескерткішімді құлатады деп ойлаған жоқ, ол қазір халқына өкпелеп жатыр –  Шабдарбаев

Qaz365.kz редакциясы

Шабдарбаев сұхбат берді

Qaz365.kz коллажы

«TalkLike» ютуб арнасына Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс- төрағасы, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев сұхбат беріп, Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргі көңіл күйі жайлы ойын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz

«Нұрсұлтан Әбішұлы бұлай болады деп ойлаған жоқ. Ойына кіріп те шыққан жоқ. Осы халық «шал, кет!» деп айтады деп, риза болмай, ескерткішін құлатады деп ойлаған жоқ. Ол кісі «халқым мені сүйеді, жақсы көреді, менен басқа Қазақстанда еңбек істеген адам жоқ» деген ойда болды. Ал енді қазір мынаның бәрін көріп, естігеннен кейін бар ғой – ол халқына өкпелеп жатыр. Бәрі өкпелер еді. Солай ғой!? Сондықтан реніші бар», – дейді Аман Тасығанға сұхбат берген кезінде Амангелді Шабдарбаев.

Оның айтуынша, Назарбаев пен Ресей президенті Путиннің екеуінің қарым-қатынасы жақсы кезінде біріне-бірі «бір-бірімізге көмектесеміз» деген шығар деп болжайды. 

«Ол өз қамын, балаларын ойлады. Екі баласын алдын ала жіберетін жаққа жіберді. Кім біледі?! Димаш Ахметұлы кеткен кезде Нұрсұлтан Әбішұлы екеуінің арасы әке мен баладай болған. Ал жарты жыл ішінде арасы ажырады. Баласы билікке келгеннен кейін ана кісіге (Димаш Қонаевқа) көмектеспей қойды. Теледидардан сөйлетпеді. Сонда кішкене кешірімді болуы керек еді ғой. Ол кісіге көп керек пе!? Машина бере сал, бір-екі рет теледидардан сөйлете сал, кітаптарын шығара сал. Несі кетеді!? Оны істемеді. Өзі солай істемегеннен кейін қазір өзінің басына келуі мүмкін. Қазіргі Президент екеуінің арасы өте жақсы болып, осы уақытқа дейін көтеріп әкеліп тұрып, өз орнына қалдырды. Қаңтарда жасалғаны үшін Қасым-Жомарт Кемелұлы «неге бұлай болып кетті» деп өкпелеуі мүмкін. Енді оның өзінің құқығы бар», – дейді ол.