Тоқаев биыл журналистердің басын қосып, үлкен баспасөз мәжілісін өткізеді

Qaz365.kz редакциясы

Тоқаев БАҚ өкілдерімен үлкен баспасөз мәслихатын өткізеді

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл журналистерге арналған баспасөз жиынын өткізеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл журналистермен соңғы төрт жылдағы алғашқы кездесу болмақ.

«Иә, баспасөз мәслихаты болады. Бірінші жартыжылдыққа жоспарлап отырмыз», - деді Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Press.kz тілшісіне берген сұхбатында. 

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы маусымда өткен сайлаудан кейін журналистермен алғаш рет жолыққан. Оған 66 БАҚ, оның ішінде 22 шетелдік ақпарат құралы атынан 107 журналист қатысқан болатын.

Кездесуде Президентке 30-ға жуық сұрақ қойылды. Бір сағаттан астам уақытқа созылған баспасөз мәслихатынан кейін Президент Тоқаев мұндай кездесулер дәстүрге айналатынын айтты. Содан бері төрт жылдан астам уақыт өтті, бірақ бүгінге дейін Ақорда тарапынан баспасөз мәслихаттарын дәстүрлі ету әрекеті байқалмады.

Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 20 қарашасында кезектен тыс президенттік сайлау өткізген. Сол кезде баспасөз мәслихаты болатына уәде еткен.

«Егер мен сайлансам, жылдың соңында немесе келесі жылдың басында үлкен баспасөз мәслихатын өткізу керек», - деген еді Президент.