«Әйелдерді теріс бағытқа тәрбиелейтіндер көп»: Ринат Зайытов «Отағасы» туралы заңның не үшін қажет екенін айтты

Qaz365.kz редакциясы

«Отағасы» туралы заң жобасы жасалады ма

Фото: parlam.kz

Депутат Ермұрат Бапи әйелдер мен балалардың құқығын қорғау туралы заң жобасын талқылау барысында тың ұсыныс білдірген еді. Яғни «Отағасы туралы» заң қажеттігін айтқан болатын. Осыған қатысты тағы бір депутат Ринат Зайытов пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Бір жақты қарауға болмайды. Онымен келісемін. Біздің қоғамда, өкінішке қарай, әйелдердің статусын биіктеткіміз келгенімен, Қазақстанда заңда жазылмаса да бар нәрсе. Әрқашан қызын төрге шығарып, анасын аялаған ел болғандықтан, солай болуы тиіс. Алайда қазір қоғам бұзылғандықтан, идеология нашарлап кеткеннен кейін әйелдерді теріс бағытқа тәрбиелейтіндер көп. Мен әріптестерімнің айтқысы келгені осы шығар. Бұл қауіпті ешкім жоққа шығармайды. Ертең өзінің отбасын сақтай алмағандар ақтап алу мақсатында неше түрлі қадамға баруы мүмкін. Балалар мәселесінде де қауіп бар. Бір кейсті айтайын. Бір қыз әке-шешем ұрып жатыр деп полицияға хабарласқан. Полиция келгенде әке-шешесі оны білмейтін болып шыққан. Сөйтсе, қызы ренжіп, екінші бөлмеге барып, киімін жыртқан», – дейді Ринат Зайытов.

Оның айтуынша, Ермұрат Бапи бастаған депутаттар бар нәрсені ортаға салды, басқа теріс ойы жоқ.

Тілші «биліктегі шенеуніктер мен депутаттардың арасында да әйелін ұратындар бар болуы мүмкін, өздерін қорғау мақсатында осындай заң қабылдатқысы келе ме?» деп сұраған.

«Сіз олай ойлауға қақыңыз бар. Бірақ мен кішкене басқаша ойлаймын. Жаңағыдай қауіп болғаннан кейін осы мәселені ортаға салды. Таяқтың екі ұшы бар дегендей, кез келген заңды да жан-жақты қарастыру керек. Ол заң қай бағытта жұмыс істейді деген үлкен сұрақ бар», – дейді депутат.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс отырысында депутат Ермұрат Бапи «отбасындағы әкенің рөлін, ер-азаматтың рөлін сүмірейтіп жіберген жоқпыз ба?» деген сұрақ туатынын айтқан болатын.