Жексенбі күні АҚШ әскерилері блокаданы бұзуға әрекеттенген ирандық жүк кемесін басып алды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Осы оқиғаға байланысты Тегеран алдағы сейсенбіде өтуі тиіс бейбіт келіссөздердің екінші кезеңіне қатысудан ресми түрде бас тартты.
АҚШ әскерилерінің мәлімдеуінше, Иран туы астындағы кеме Бандар-Аббас портына бет алған кезде оған оқ атылған. Өз кезегінде Иран тарапы бұл әрекетті "қарулы қарақшылық" деп атап, кеменің Қытайдан келе жатқанын алға тартты. Ислам Республикасының Қарулы Күштері жақын арада қарымта соққы берілетінін ескертті.
Тегеран келіссөздерден бас тартуын Вашингтонның "шектен тыс талаптарымен" және жалғасып жатқан блокадамен түсіндірді. Иранның бірінші вице-президенті Мохаммадреза Ареф әлеуметтік желілерде мәлімдеме жасап, Иран мұнайының экспорты шектелген жағдайда өзгелер үшін де қауіпсіздікке кепілдік болмайтынын, еркін нарық болмаса, барлық тараптың шығынға бататынын атап өтті.
Бұл оқиға екі апталық уақытша бітім аяқталуға бір күн қалғанда орын алып отыр. Дүйсенбі күні кешке Исламабадқа АҚШ делегациясы келеді деп жоспарланған. Ақ үй делегацияны вице-президент Джей Ди Вэнс бастап баратынын хабарлағанымен, Дональд Трамп бұл ақпаратты жоққа шығарды. Қазіргі уақытта тараптар ядролық бағдарлама мен Ормуз бұғазы мәселесінде ортақ мәмілеге келе алмай отыр.