Үй иесі Самат Жайылхановтың айтуынша, қайғылы жағдай таңғы уақытта болған.
Алматы облысы Іле ауданына қарасты Екпінді ауылында 17 сәуір күні таңғы сағат 5:30 шамасында жекеменшік тұрғын үйде газ жарылысы болды. Қуатты жарылыстың салдарынан бір үй толық қирап, бір отбасы баспанасыз қалды. Төрт адам зардап шекті. Үй иесі мен көршілері жарылысты жерасты газ құбырынан тараған газбен байланыстырады. Ресми мәліметтер әзірге жария етілмеді.
Qaz365.kz редакциясы үй иесіне және ауыл тұрғындарына хабарласып, істің мән-жайын анықтады.
Қандай оқиға болды?
Үй иесі Самат Жайылхановтың айтуынша, қайғылы жағдай таңғы уақытта болған. Жарылыс болғанда үй ішінде оның жұбайы мен үш баласы болған, екі бала ұйықтап жатқан.
Ол ұлын колледжге апару үшін ерте тұрғанын, баласын оятып, өзі дәретханаға кеткенін айтты. Осы кезде ұлы жарық қосқанда қатты жарылыс болған. Жарылыс сол мезетте үйді толық қиратып жіберген.
«Жарылыс болғанда үй ішінде әйелім мен үш балам бар еді. Екі балам ұйықтап жатқан. Ұлымды колледжге апарамын деп таңертең бес жарымда тұрып, ұлымды оятып, дәретханаға кеткенмін. Ұлым тұрып, жарықты жаққан. Сол кезде жарылыс болды. Дәретханаға кірген кезде көз алдымда жарылыс болды. Дәретханадан жүгіріп шығып, үйдің астында қалған әйелім мен балаларымды шығардым. Көршілер келіп көмектесті», — деді үй иесі.
Зардап шеккендердің екеуі ауруханаға жатқызылып, қалған екеуі басқа медициналық мекемеге ауыстырылған.
Үй иесінің және көршілердің айтуынша, жарылыстың себебі үй ішіндегі газ құрылғыларынан емес, жер астындағы газ құбырынан шығуы мүмкін. Үй иесі газ плитасында ақау болмағанын айтады. Оның сөзінше, маңайдағы жерасты құбыры ескі әрі тозған болуы мүмкін. Соның салдарынан газ жер астымен тарап, үйге жиналған. Үй иесі бұл нұсқаны газ мамандарының мойындамай отырғанын айтты.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалардың бірінде жер астынан газ шығып жатқаны көрінеді. Көршілердің айтуынша, жарылыс өте күшті болған. Олардың сөзінше, алты бөлмелі үй бір сәтте толықтай қираған.
Оқиғадан кейін тұрғындар жауапты мекемелерге наразылық білдіріп, газ құбырының үйге тым жақын салынғанына алаңдаушылық танытты.
Көршілердің бірі жағдайды былай сипаттайды:
«Жерасты газ құбыры үйдің жанымен өткен. Сол жерден үйге қарай газ кеткен. Жер астынан газ шығып тұрғанын көрдім», — дейді ол.
Ол газ компаниясының жауапкершілігін сынға алды:
Қазіргі уақытта оқиға орнына жергілікті әкімдік пен тиісті қызмет мамандары барған. Жарылыстан кейін отбасы бір-ақ сәтте баспанасыз қалған.
Айта кетейік, ауыл тұрғындар бүгін 16:00-де оқиға орнына келіп, бұл жағдайға биліктің назар аударып, тиісті көмекті көрсетуін талап етті.
Әкімдік пен Төтенше жағдай департаменті не дейді?
Айта кетейік, Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, оқиға туралы хабар Іле ауданының ТЖ бөліміне түскен.
«Жарылыс салдарынан тұрғын үйдің қабырғалары мен кейбір құрылымдары ішінара зақымданған. Оқиға орнында түтін байқалғанымен, ашық жалын тіркелмеген. Жарылыс кезінде 5 адам зардап шеккен, олардың үшеуі кәмелетке толмаған балалар. Барлық зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіліп жатыр, олардың жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауында», — деп мәлімдеді ТЖМ.
Qaz365.kz редакциясы оқиғаға қатысты Алматы облыстық әкімдігінің баспасөз қызметіне сауал жолдады.
Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметіне қарасақ, зардап шеккен отбасына әлеуметтік көмек көрсету мәселесі қарастырылып жатыр.
«Жергілікті атқарушы органдар тарапынан аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы 2 миллион теңгеге дейін материалдық көмек көрсету мәселесі қарастырылуда. Оқиға фактісі бойынша материалдар заңнамаға сәйкес тіркеліп, құқық қорғау органдарына жолданған. Қазіргі уақытта тиісті процессуалдық тексеру жүргізіліп жатыр»,—деп жауап берді облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар отбасының уақытша тұруға жарамды баспанасы бар екені жайлы айтылды.
Айта кетейік, бұған дейін осы төтенше жағдайды Qaz365.kz тілшілері хабарлаған еді. Толығырақ мына сілтемеден оқи аласыздар.