«Араққа тәуелді адамды коньякпен емдеп жүр»: Ринат Зайытов жаңа министрге мәселені төтесінен қойды

Qaz365.kz редакциясы

Депутат ішімдікке әуес адамдарды емдеу тәсілін сынға алды

Qaz365.kz коллажы

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға ішімдікке тәуелді науқастарды емдеу жүйесін қайта қарастыру керек екенін жеткізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ол ішімдікке әуес адамдарды емдеу тәсілін сынға алды. 

«Араққа тәуелді адамды коньякпен емдеуге бола ма?» - деп сұрады Ринат Зайытов министрден.

Ақмарал Әлназарова тәуелді науқас ретінде ертең басқа есірткіге, басқа қылмысқа барудың алдын алу үшін осындай әдіс қолданылатынын жеткізді. Ол мәселе метадон жайлы екенін айтты.

«Халықаралық тәжірибе негізінде енгізілген. Бұл жерде солай қарау керек шығар», - деді Ақмарал Әлназарова.

Депутат осы тақырыпта дөңгелек үстел өткізуді ұсынды.

«Бұл мәселе бойынша дөңгелек үстел өткізуді сұраймын. Бізге де шағымданып жатқан мамандар бар. Сіздің ведомстводағы Дудник мырзаға (Вячеслав Дудник – денсаулық сақтау вице-министрі – авт.) бірдеңе дәлелдеу мүмкін деп ойламаймын. Ол кісі өз ұстанымында тұрады. Сондықтан осыны қолға алсақ. Нашаға тәуелді адамды екінші түрімен емдейміз деген ақылға қонбайтын дүние», - деді мәжілісмен.