«Бәрі өтірік»: Өскеменде аяусыз соққыға жығылған қыздың әпкесі сұхбат берді

Qaz365.kz редакциясы

Әкесі денсаулығына байланысты жұмыс істеуге жарамсыз. Барлық ауыртпалық анасында

коллаж Qaz365.kz

Өскемендегі сауда орталықтарының бірінде жасөспірім қыздардың өз қатарластарын ұрып-соққан, тізерлеп отырғызып, шешіндірген видеосы тараған болатын. Бұл оқиға туралы әртүрлі алып-қашпа әңгіме де тарады. Соған қатысты зардап шеккен қыздың әпкесі Тоғжан құқық қорғаушы Дина Таңсәрімен болған тікелей эфирде жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Туған тәтесімін. Әртүрлі фейк ақпараттар тарады. Суицид жасамақшы болды дегендер бар. Бірақ оның бәрі өтірік. Қыздың жағдайы жақсы. Он күндей ауруханаға жатып шықты. Әрине, бұл жағдай оған әсер етті. Қазір сабағына барып жүр, - дейді әпкесі Тоғжан.

Сосын қыздың отбасына қатысты да әртүрлі қауесет тараған. Жетім екен, кейбірі әкесі алқаш, баласын керек қылмайды деп те жазған. Бірақ Тоғжан оның бәрін жоққа шығарды.

Бұл шындыққа жанаспайды. Ата-анасы бар. Олар да алаңдап отыр. Қыздарын уайымдайды. Бірақ ауылда тұрады. Сондықтан нотариалды түрде рұқсат алып, сот процесіне біз қатысып жатырмыз. Әкесі денсаулығына байланысты жұмыс істеуге жарамсыз. Барлық ауыртпалық анасында. Сотқа қатысу үшін үнемі Өскеменде болу керек. Сондықтан біз қатысып жүрміз, - деді зардап шегушінің әпкесі.

Аталған оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Тоғжанның айтуынша, қылмыстық жауапкершілікке үш қыз тартылған. Оның екеуі мектепте, біреуі колледже оқиды екен.

Тағы оқыңыз: Соққы жығылған өскемендік қыздың әпкесі күдіктілерді қатаң жазалауды талап етті

Айта кетері, ұрып-соққан оқушының бірінің анасы Өскемен қалалық білім бөлімінде кадр бөлімінің басшысы болып қызмет еткен. Өскемен қалалық білім бөлімі басшысы Сәуле Алагөзова жақында оның қызметтен кеткенін мәлім етті. Әкесі Антикорда істейді деген ақпаратта тараған. Бірақ ол жағы расталмады.