Желідегі жанайқай: Жасөспірімді ұрған қыздың шешесі жүз жерден бастық болса да, жазасыз қалмауы керек

Qaz365.kz редакциясы

Соңғы кездері еліміздің бірнеше аймағында жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылық көбейіп кетті

стоп-кадр

Өскемендегі жасөспірімді шешіндіріп, зорлық-зомбылық көрсеткен қыздарды жазалау керек деген желі қолданушысының жанайқайы көпшілікті бейжай қалдырмады,  деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.

- Маған whatsApp-тан бір видео келді. Сұмдық. Шешіндірген қыздың шешесі жоғары қызметте көрінеді. Дәретханада шешіндіріп, қорлаған видеоны толық көруге шамам жетпеді. Жүз жерден бастық болса да, біз неге үндемей қалуымыз керек? Қасымда жолдасым тұрып, жағасын ұстады. Өзім Қарағандының Майқұдық ықшамауданының тумасымын, шала қазақпын. Қанша бұзық жер болса да, Майқұдықта мұндай сұмдық болған емес, - дейді қарағандылық әйел. 

Ол бұл жағдайды бейжай қалдыруға болмайтынын, ұрып-соққан қызды тауып, оған тиісті жазасын беру керек деп есептейді. 

Соңғы кездері еліміздің бірнеше аймағында жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылық көбейіп кетті. Бұл мәселе министрлікке де жетті.
Бүгін оқушылар арасындағы өлім мен әлімжеттікке байланысты Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев шұғыл жиын өткізген. Ол соңғы жағдайлар жанына қатты батқанын айтып, облыстық білім басқармаларына тәрбие жұмысы және ата-аналармен өзара іс-қимылды күшейтуге қатысты тапсырма берді.
Бұған дейін Өскеменде сауда орталықтарының бірінде жасөспірім қыздардың өз қатарластарын ұрып-соққан, тізерлеп отырғызып, шешіндірген видеосы тараған болатын. Қыздың әпкесі Тоғжан Досымова ресми деректерде шындық ашып айтылмай жатқанына қынжылысын білдірді. 
Жәбір көрген қыздың әпкесі соттың әділ шешім шығарып, соққыға жыққан қыздардың лайықты жаза алуы тиіс дейді.
Аталған оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Тоғжанның айтуынша, қылмыстық жауапкершілікке үш қыз тартылған. Оның екеуі мектепте, біреуі колледже оқиды екен.

Айта кетері, ұрып-соққан оқушының бірінің анасы Өскемен қалалық білім бөлімінде кадр бөлімінің басшысы болып қызмет еткен. Өскемен қалалық білім бөлімі басшысы Сәуле Алагөзова жақында оның қызмет кеткенін мәлім етті. Әкесі Антикорда істейді деген ақпарат та тараған. Бірақ ол жағы расталмады.