«Пайдалы болуға шешім қабылдадым»: Бишімбаев ісін қарап жатқан прокурор мәлімдеме жасады

Qaz365.kz редакциясы

Прокурор желіде тағы да видео жариялады

Фото: Астана соты

Қуандық Бишімбаев ісін қарап жатқан мемлекеттік айыптаушы прокурор Айжан Аймағанова жаңадан ашқан Instagram-дағы парақшасында тағы да видео жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Парақшамды ашқан кезде, маған көп адам жазылады деп ойламадым. Тек менің атымнан жалған парақшалар ашылып кетпесе екен деген мақсатым болды. Бұл менің әлеуметтік желідегі жалғыз аккаунтым, менде Tok-tok жоқ. Менің студенттік кезімнен @zhakiti аккаунтым бар, осыған орай парақшам осындай атау алды. Қазір прокуратура қызметкері ретінде маған жүктелген барлық жауапкершілікті түсініп, бар аккаунтты @aimaganova_a деп өзгертуге және қоғамға ашық әрі пайдалы болуға шешім қабылдадым», - деп жазды прокурор.

Бірақ қазіргі жағдайда өзге әріптестері секілді желіде белсенді бола алмайтынын атап өтті.

«Мен сіздердің қолдауларыңыз, кеңестеріңіз, қамқорлығыңыз үшін әрқайсыңызға алғыс айтқым келеді! Өмірде қолданатын көп нәрсе ұқтым. Бір айтып кететін жағдай: адам болып өмірге келген соң адам болу - міндет. Сондықтан болып жатқан істерге бей-жәй қарау – бір сүйкімсіз адами қасиет. Ең бастысы- жүрекпен сезініп, жақсы ниетіңді аямау. Жан-жақтағы болып жатқан оқиғаларға немқұрайлы қарамайық, қол үшін беріп көмектесейік», - дейді Айжан Аймағанова.