Ташкенттен жүлде әкелгендер пәтерлі болды, мен әлі жүрмін – Сәкен Бибосынов

Qaz365.kz редакциясы

Сәкен Бибосыновқа сол кездегі Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев арендалық пәтердің кілтін ұстата салған

Ашық дереккөзден

 «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне қатысқан облысынан пәтер берілуі тиіс. Бірақ бокстан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосыновқа сол кездегі Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев арендалық пәтердің кілтін ұстата салған. Бұл туралы боксшы Qaz365.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты. 

«Елімізде қабылданған заңға сәйкес, Олимпиада жүлдегерлеріне пәтер берілуі тиіс. Ал әлем чемпиондарына заң бойынша қарастырылмаған. Бірақ демеушілердің көмегінің арқасында табысталады. Маған сол кездегі облыс әкімі екі жетістігімді бірдей ескеріп, екі бөлмелі пәтердің кілтін берді. Бірақ ол менің атымда емес. Арендалық пәтер», – дейді Сәкен Бибосынов.

Ол осы ретте былтыр мамыр айында бокстан Ташкентте өткен әлем чемпионатында жүлде алғандар пәтерге ие болғанын тілге тиек етті. Ал Сәкен Токиодан жүлде алғанына үш жыл өтсе де, әлі жүр. Тіпті, арендалық пәтерінің арендасына ақша төлеу керек пе, жоқ па, соны да білмей отыр.

 «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасы заңына сәйкес, Олимпиада чемпионы үш бөлмелі, күміс жүлдегер екі бөлмелі, қола жүлдегер бір бөлмелі пәтер алуы тиіс. Сәкенге Түркістан қаласынан бір бөлмелі берілуі керек болған. Сосын ол сол жылы Белградта өткен әлем чемпионатында чемпион атанады. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев спортшының қос жетістігін ескеріп, бірден екі бөлмелі пәтер беруге шешім қабылдайды. Бірақ онысы жалдамалы пәтер болып шыққан.

Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы аталған ақпаратқа қатысты жауап берді.

«Сіздер дұрыс жағынан түсініңіздер. Бұл пәтер жалдамалы негізде берілген. Алайда демеушілер тарапынан мәселені шешу үшін жұмыстар жүріп жатыр. Пәтер Сәкен Бибосыновтың меншігіне беріледі», – делінген хабарламада.