Баспасөз мәслихатында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова санкциялық шектеулерді айналып өтіп, 7 трлн теңгені шетелге аударған банкке қатысты тергеудің жария етілмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мадина Әбілқасымова әлі де жалғасып жатқан тергеу істерінің бар екенін мәлімдеді.
«Біз Қазақстандағы барлық ірі екінші деңгейдегі банктерге қатысты инспекциялық тексеру жүргіздік. Кейбірі аяқталды, ал бірқатары әлі жалғасып жатыр», – деді Мәдина Әбілқасымова.
Оның айтуынша, тексеру барысында белгілі бір заңбұзушылықтар расталған. Алайда қай банктердің Қазақстан заңнамасы мен халықаралық санкцияларды бұзғаны қоғамға жарияланбайды.
«Тексеру нәтижелері жекелеген заңбұзушылықтардың бар екенін көрсетті. Дегенмен реттеуші талаптарға сәйкес, тексеру қорытындылары мен банктердің атауын ашық жариялауға болмайды. Анықталған кемшіліктерді жою үшін қадағалау жоспары әзірленеді, қажет болған жағдайда әкімшілік айыппұлдар салынуы мүмкін», – деп түсіндірді ол.
Агенттік басшысы тексеруден өткен қаржы ұйымдарының барлығында дерлік түрлі деңгейдегі заңбұзушылықтар анықталғанын айтты.
«Инспекциялық тексерулер кезінде қандай да бір кемшілік анықталмай қалуы өте сирек. Әр банктегі заңбұзушылықтың сипаты мен көлемі әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ бұдан артық мәлімет бере алмаймыз», – деді Әбілқасымова.
Қазіргі уақытта талап бұзған банктерге қатысты арнайы қадағалау жоспарлары әзірленіп, анықталған олқылықтарды жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, 28 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы Қазақстандағы бір банктің көрші мемлекеттен түскен 7 трлн теңгеден астам қаржыны шетелге аударғанын айтқан болатын. Президент: «Мемлекет қаржысын жымқырушылардың заңды белден басқан қомағай әрекеті еш ақылға сыймайды» деп, қаржы реттеуші органдарға заңсыз қаржылық операцияларға бақылауды күшейтуді тапсырды. Алайда сол күні-ақ Ақорда бұл хабарламаны интернеттегі ресми парақшаларынан алып тастады. Бұл жағдай түрлі болжамдардың күшеюіне себеп болды. Кейін бұл мәселеге Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов түсінік берді. Оның айтуынша, алдын ала тексеру нәтижелері заңбұзушылықтарды анықтамаған. Осыдан кейін ол көп ұзамай өз еркімен қызметінен кетті.