13 қаңтарда Алматыда театрдың 100 жылдығына арналған халықаралық конференция, көрме және мерекелік қойылым өтеді
Алдағы 2026 жылдың 13 қаңтарында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының құрылғанына 100 жыл толады. Осыған орай аталған күні Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында сағат 15:00-де «Тұңғыш ұлт театрына 100 жыл: дәстүр, жаңашылдық және көркемдік трансформация» атты халықаралық ғылыми-зерттеу конференциясы өтеді. Шара аясында театр музейі «Ғасыр жасаған Ұлт театры» атты көрмені ұсынады.
1926 жылы қазақ театрының шымылдығы “Еңлік–Кебек” спектаклімен ашылған еді. Араға жүз жыл уақыт салып, бүгін сол тарихи дәстүр жалғасын тауып, тарихи күн аясында “Еңлік–Кебек” спектаклі қайта сахналанғалы тұр.
Сол күні сағат 19:00-де М. Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театрының сахнасында М. Әуезовтің «Еңлік – Кебек» трагедиясы сахналанады. Көрсетілім аясында театр музейі «Ұлттық театрдың бастауы – “Еңлік – Кебек” қойылымы» атты көрмені ұсынады.
Театр 1926 жылы Қызылорда қаласында алғашқы кәсіби қазақ театры болып құрылған сәттен бастап, ғасыр бойы халқымыздың асыл мұраттарын, ұлттық құндылықтарын сахна арқылы ұрпақ санасына сіңіріп келеді.
Шын мәнінде қазақ руханиятының қарашаңырағына айналған бұл өнер ордасында «Еңлік – Кебек», «Абай», «Қобыланды», «Қарагөз», «Айман – Шолпан» секілді тағы басқа халқымыздың рухани өзегіне айналған жауһар туындылар қойылып, көрерменнің зор ықыласына бөленді. Театрдың шығармашылық мұрасы – ұлттың рухани айнасы, халықтың жан дүниесін бейнелейтін тірі шежіре. Театрдың негізін қалаған Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Құрманбек Жандарбеков, Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Қажымұқан Мұңайтпасов сынды тұлғалардың рухани аманатын кейінгі буын лайықты жалғастырып келеді. Бүгінгі театр ұжымы — кәсіби деңгейі жоғары, жаңашыл ойлайтын, дәстүр мен заманауи өнерді үйлестіре білген шығармашыл топ.
Өнер ұжымының сахнадағы әрбір еңбегі – көрерменнің жүрегіне жол тауып, ұлттың рухани тұтастығын күшейтетін маңызды жұмысқа айналды. Театр тек қойылым мен сахна ғана емес, ол – сана тәрбиелейтін, ой оятатын, елдік пен бірлікке шақыратын үлкен өнер мектебі. Осы миссияны Мұхтар Әуезов атындағы театр ұжымы ғасыр бойы абыроймен атқарып, бүгінгі күні де рухани кемелдікке үндейтін, қоғаммен үндесе дамитын, ұлттық мәдениеттің тұғырын нығайтатын шығармашылық орда ретінде өз мәртебесін биік ұстап келеді.
• 1928 жылы театр Алматыға көшіп, жаңа буын актерлермен толықты.
• 1937 жылы 27 ақпанда академиялық театр мәртебесін алды.
• 1946 жылы «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталды.
• 1976 жылы «Халықтар достығы» орденімен марапатталды.
• 1961 жылы театр жазушы, ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің есімін иеленді.
• 2020 жылдың 20 желтоқсанында Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен театрға ҰЛТТЫҚ мәртебесі берілді.