×

Аңсаған Мұстафа: Әлеуметтік тақырыптардағы суреттерімнен ақша тауып жатқан жоқпын

Қылқалам шебері Аңсаған Мұстафамен сұхбат

Аңсаған Мұстафа: Әлеуметтік тақырыптардағы суреттерімнен ақша тауып жатқан жоқпын
Qaz365.kz / Дина Әділ

Қоғамның әлеуметтік шындығын бейнелейтін суретші-иллюстратор Аңсаған Мұстафаның Астана қаласында “Сөйле, сурет!” атты  көрмесі болып өтті, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі.

Сурет көрмесі Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында өтті. Көрменің ашылу салтанатында суретшіге ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Ғазиза Құдайбергенқызы құттықтап, жұмысына табыс тіледі .


Аңсағанның суреттері әсіресе әлеуметтік желілерде кеңінен таралған. Тіпті шетелдерде де мойындалып үлгірген. Мұнда ана мен бала, ұрпақ тәрбиесі, отбасындағы зорлық-зомбылық, ішімдік, жасанды түсік сияқты әлеуметтік саладағы өзге де түйткілдер бейнеленген. Көрмеге автордың 50-ге жуық туындысы қойылған.

Астанадағы меншікті тілшіміз Дина Әділдің қылқалам шеберімен болған сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

—  Суреттеріңіз қалай танылды?

—  2000 жылдардың басында фейсбук әлеуметтік желісі танымал болған кезде “Мамам мені өлтіретін шығар” суретін желіге жариялаған болатынмын. Сол сурет ғаламторда тарап, танылып кетті. Суреттерім желі қолданушыларының көңілінен шыққаны қуантып, шығармашылығымда серпіліс пайда болды.

— Алғашқы суретіңіз есіңізде ме?

Әлеуметтік тақырыптағы ең алғашқы суретімді 15 жасымда салдым. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” деп аталады. Онда темекі тұқылы мен бос шөлмектердің қасында отырған бала бейнеленген. Мұндай жағдайда өскен баладан қандай болашақ күтуге болады?!