×

Мен өмірімде екі-ақ адамға сендім - Мұхтар Мағауин

Белгілі жазушы Мұхтар Мағауин Америкадан Түркияның Кемер қаласына қоныс аударған

Мен өмірімде екі-ақ адамға сендім - Мұхтар Мағауин
видеодан скриншот

«Túrkistan» халықаралық газетінде ақын Светқали Нұржанның белгілі жазушы Мұхтар Мағауинмен кездесуі жайлы мақаласы жарияланды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ақынның «Мэтр Мағауинмен мәшһура» атты мақаласында айтылғандай, жақында Мұхтар Мағауин Америкадан Түркияның Кемер қаласына қоныс аударған.

«Қала сыртынан күтіп алған жазушының ұлы Едіге шаңырағына бастады. Аға-жеңгемізбен арқа-жарқа амандастық. Бақытжамал жеңгем менің тамыз айында шығыс бетті, Алтай жақты аралағанымнан хабардар екен, қуанып қалдым. Аман-түгелден соң ілкі сауа­лым: «Алтын Орда» бітті ме?» болды. Ол кісі: «Амери­кадан соңғы нүктесін қойғасын барып бері қарай қозғалдық», – деді. Бұл біз үшін қуанышты, бәлкім, күллі Алаш үшін сүйінішті, сүйіншілі хабар еді», – деп жазды Светқали Нұржан.

Мақаланың «Екі-ақ адамға сендім!» атты бөлімінде Мұхтар Мағауин Светқали Нұржанға кімдерге және не себепті сенгенін айтады.

«Менің «Күнделік жүргізіп көрдіңіз бе?» де­ген сауалымнан соң Мұхаң әңгімесін ары жал­ғады: «Күнделік жазу өзіңді тірілей тұ­зақ­қа түсіргенмен тең болуы мүмкін еді, ол кез­де (менің жадыма Әбіш аға Кекілбаевқа: «Аға, басыңыздан не қилы оқиғалар өтті, өтіп те жатыр. Ең бір шешуші кезеңдерде атқа мін­діңіз, топқа кірдіңіз, отқа түстіңіз. Сол ке­зең­дер жайлы білгісі келетін ұрпаққа сіздің өз аузыңызбен берілген куәлігіңіз аса құнды ғой. Жад дәптерінде ол жайлардың бәрі бір­дей таңбаланып қалуы мүмкін емес, ақпа­рат­тар дәуірінің қара тасқыны көп нәрсені адам са­насынан әп-сәтте шайып үлгеруі мүмкін. Сон­дықтан арнайы күнделік жүргізіп оты­ра­сыз ба?» – деп сауал қойғаным, ағамның: «Күн­­­­делік жүргізу – өзіңді өз қолыңмен қақ­пан­ға түсіріп, орға жығу ғой…» – деген қысқа ғана жауабы оралды). Алдыңғы ағаларымдай аса үрейлі болмаса да, менің де өмірім қатерлі өткелдің үстінде өтті. Әр сөзіңді абайлап ай­тып, әр қадамыңды аңдап баспасаң, – отар­лық жүйе ешкімді, әрине, оның ішінде, – Ұлт мұратын ту қылып жүргеніңді білсе, аямай­тын. Сондықтан «кішкентайдан бірге өскен» достардың өзіне күмән-күдікпен қарауға мәжбүр болдым. 1986 жылғы Желтоқсан дүр­белеңінде біраз дүниелерімді жоюға тура келді. Құданың құдіреті, алғашқы әңгіме­лерім­нің бірі – ашаршылық туралы «Бір уыс би­дай» атты әңгімемді жойдым дегем, оның ең ілкі түпнұсқасы сақталып қалыпты...

Мен өмірімде екі-ақ адамға сендім, қа­­­­зақта – Әбішке, екіншісі чуваш жазушысы Юхма Мишшиге! Әбіштің жайы бел­гілі, ол екеуміздің мақсат-мұратымыз әуел­ден бір-тін. Ал чуваш дос та арыға салсаң, түр­кілік туыстығы бар, беріге келсең, қалам мен досқа адалдығы өз алдына, ол да біздің қа­зақ сияқты, тағдыры қазақтан да ауыр отар ел­дің өкілі. Сонау советтік 70-жылдардың өзін­де онымен ұлт азаттығы жайлы көп сөй­ле­сетінбіз. «Сен бақыттысың ғой, – дейтін ол мұңайып. – Ұлтанды жұртың, ұлан-ғайыр же­рің, құнарлы тілің, сарқылмас салт-дәс­түрің, бай тарихың, есепсіз рухани мұра­ла­рың бар...» Мен оған: «Біз – қазақ, енді елу жыл­дан ұзамай бодандық бұғауын үзіп, бос­тан­ға шығамыз!» – дейтінмін кесіп-пішіп. Ол: «Орыс басып қалған «целинный крайың­ды» қайтесің?» – дейді. Мен: «Біздің тегімізде «бөрілік» бар. Көкжал қақпанға түссе, – сира­ғын шайнап қалдырып кетеді. Керек болса, біз де сөйтеміз. Солтүстік өлкені жатқа қал­дыр­сақ та, кеудеміз бен басымызды азатқа шы­ғарамыз. Бас пен кеуде аман болса, кейін жі­лігіміз толып, жалымыз тұтасқан бір шақта ол өлкелерді де қайырып аламыз!..» 

Тәуелсіздіктен соң, яки 1997 жылы маған да, оған да «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығы бұйы­­­рып, екеуміз Ыстанбұлда жүздесіп, бұрын­ғы әңгімелерімізді қайта жалғадық. «Сенің сәуегейлігің айнымай және сен айтқан мерзімнен де бұрын келді. Оның үстіне сол­түстік өлкелерің де өздеріңе бұйырды», – деді ол. Бірақ біздің қалдырғанымыз бен алдырғанымыз әлі де жетерлік... Дегенмен мен оп­ти­мист адаммын, тарих бір бұлқынып, азат рух бір жұлқынғанда жатта қалған қоныс­тарымыздың өзімізге қайтарына сенем...» – дейді жазушы.

Сондай-ақ мақаланың «Мен «советтік адам» емес едім...» атты бөлімінде жазушы ұстазы Мұхтар Әуезов жайлы сыр шертеді.

«Мұхтар аға келесі бір кепті былай қоз­ға­ды: «80-ге келгенде бір жаңалық аш­тым (жымиды). Өзіңе мәлім, тұңғыш ро­ма­ным «Көкмұнарға» замандастарым мен қ­а­ламдастарым қатты шүйлікті. Алайда қа­лың көпшіліктің ықыласы ол шығармаға мүл­де басқаша болды. Одан соң «Алдаспанға» шабуыл басталды. Мұның себебін соң білдім, ба­тыста біреудің совет халықтары жөнінде кіта­бы шығады. Оны кейін мынау Едіге (ұлын нұс­қады) тауып алды. Сол еңбекте «советтің қол астындағы шығыс халықтарында ұлт­шыл­дық оянып келеді» деп, мысал ретінде ме­нің аталмыш еңбегім көрсетіледі. Советтік КГБ-ның қырағылығы сұмдық-тын, содан ме­ні сүргілеу мен тілгілеу басталған ғой. Әйтпесе, мінезіммен ешкімге кедергі келтір­ген, жат қылықтарыммен көзге түскен жерім жоқ... 

Жалпы, қаламгер саяси биліктің көзқара­сы­на тәуелді болмауы керек. Билікте бір тұлға туралы тұрақты пікір болмайды. Өйткені тұл­ға ылғи олардың оң жағынан шығып оты­ра алмайды. Өйтсе, тұлғалық қасиет қал­майды. Мысалы, француздың Луи Арагонын СССР қанша әспеттеді. Халықаралық Ленин сыйлығымен марапаттады. Ал 1968 жылғы Чехословакиядағы «тамыз толқуын» басып-жан­шыған «социалистік лагерь» әрекеттеріне на­разылық білдіргені сол еді, советтік идео­логия оны «қара есекке теріс мінгізіп» шыға келді. Кейін ымыраласқан бір тұста қайыра дәріптеді.  

Бірақ мәселе маған тірелсе, мұның бас­қа да бір сыры бар... Мен Абай таны­мын­да, Алаш рухында тәрбиеленген жан едім. Ж­а­қында «Абай жолын» қайыра оқып шық­тым. Рас, Мұхтар Әуезов менің ұстазым, ол кісі туралы бөтен әңгіме айта алмаймын... Бір оқиға есіме түсіп отыр. Дәріс үстінде партам­ды ұстазыма өте жақындатып қоюшы ем. Көй­легінің ішінен киген жұқа киімі, оң жақ ше­кесіндегі біреуі тым көлемді, қалғаны ұсақ­тау он екі меңі әлі көз алдымда тұр. Бір күні ұстаз: «Абайдың өмірбаянын ең алғаш жазған мен­мін», – деді. Сол кезде менің көмейімнен шын­дықтың даусы шығып кетті: «Жоқ, сіз емес. – Ұстаз маған аңтарыла бұрылды. – Абай өмірбаянын тұңғыш жазған Әлихан Бө­кей­хан!» Әуезов үндемеді, кейін бір қаға­берісте мұндай әңгімелерді айта беруге бол­май­тынын еппен ескертті... 

Француздың классикалық прозасын ны­сана қылған адам ғой, Мұхаң романдарында да бір-біріне мүлде ұқсамайтын жүздеген кейіп­керлер, таңғажайып табиғат суреттері, ше­берліктің небір үлгілері бар, оны ешкім жоқ­қа да шығара алмайды, ол мектептен ат­тап та, айналып та өте алмайды. Алайда сая­­­­саттың қысымынан – өзінің ұлтшыл ұстаз­дарын терістеу, «ұлы халық» өкілдерін әсі­ре дәріптеу, өсіре мадақтау бүгінгі көзге – жыртыққа жамаудай бадырайып көрініп тұр. Әйтпесе, біздің кеудеміз жоғары ұлт едік, кез келген қаңғы мұжық пен бәңгі бұзық түгілі са­рыала иық төрелерін теңсінген емеспіз. Бұл қасиет, мысалы, көп шалдарымызда, оның ішінде өз әкем Мағауияда да бар-тын... Содан да болар, мен «совет адамы» деген өлшем мен мөлшерді мүлде қабылдамаған, ол қалыпқа сыймаған адаммын. Өз замандастарымның маған соншалықты жатырқай, көбіне – өшіге, тіпті, одан да шығай маңып, жауыға қарағаны да содан екен, бұл менің ашқан жаңалығым! Оның қарсысына мен де оларды бойыма шақ санамағаным анық. Жоғарыдағы «Әбішке ғана сендім» дегенімнің астарында да осы шын­дық жатыр...» – делінген мақалада.

Мақаланың ««Үш құрдас» хақында» атты соңғы бөлімінде Мұхтар Мағауин жазушы досы Әбіш Кекілбаевқа қатысты өкінішін бөлісті.

«Аға әңгіме үстінде Әбіш досына бірнеше рет қайрыла соқты. «Әттең, Әбіш хақында жал­­­­­ғыз өкінішім бар, ол Президенттің ән­ға­мына кірмеуі ке­рек еді. Шығарма­шы­лық­пен ғана отырғанда ғой, әлі қанша дүние жазар еді деген өкініш ішім­ді ылғи тырнайды. Мен оның туыс-дос­та­рын түгел білем ғой: ағасы Мұқыр, екі апа­­­сы, бір қарындасы, Лебен, Ораз сынды за­ман­дастарын, бәрін етене танимын. Әбіш ар­қылы, ең әуелі, Маңғыстауға деген ықы­­ла­сым оянды. Ерекше ықылас. 1987 жылдан бас­тап әулиелі мекенді әлденеше рет ара­­ла­дым. Шақпақ ата, Шопан ата, Бекет ата, Қа­рақауақ-Шүлдір – бәрін зияраттап шық­тым. Маңғыстау хақында бір роман, екі хи­каят жаз­бақ болдым. Роман – Иса-Досан бас­таған «адай көтерілісі» туралы еді де, қос хи­каят Балуа­нияз батыр мен Тарас Шев­чен­коға қатысты. Ол егіндер түрлі шаруалар­дың киіп кетуіне бай­ланысты пісіп тұрған кезінде орылмай қал­ды. Әлі де жазсам ба деген ой ке­леді. Бірақ көп қаламгер жасы ұлғайғанда өзінің меже­сі­нен жаңылып, мөлшерін бажайлай алмай қалып жатады. Жазғанын бұрынғы деңгейі­нен өткізбек түгілі жеткізе алмайды. Онысын өзі білмейді, менің қала­мымнан тек шедевр шығады деген астам ой аранға жығады (аға сө­зіне тұздық бірнеше дәлел келтірді. – С.Н.) Мен де сондайға ұшы­рап қалмаймын ба деген се­кем бар. Ондай секемсіз тағы болмайды... Со­нымен Маң­ғыс­тау хақындағы жазған көр­кем дүнием «Түйе­ші Қамбармен» шектеліп тұр әзірге...».

Осы жерде әңгімеге араластым: «Әбіш ағам­­нан сіз айтқан мәселе жайында сұрадым, – Мұхтар аға да, Бақытжамал жеңгем де елең ете қалды. – Досыңыздың сондағы айтқаны мынау: «Тәуелсіздіктің алас-күлес шағында Президент шақырды. Өзімен бірге қызмет іс­­теуге ұсыныс жасады. Мен өзімнің шы­ғар­ма­шылық жоспарларымды алға тартып, ол жоспарлар өмірлік ұстанымдарыма тікелей тәуел­ді екенін айтып, ұсыныстан бас тарт­тым. Сол кезде Президент: «Әне, сөйтесіңдер бәрің де. «Қазақ» тек тілдеріңде! Тәуелсіздік алып, соның етек-жеңін жинап, елімізге шын­­дап еңбек етуге кірісер тұста қара бас­тарың­ның тыныштығын ғана күйттейсіңдер!» деген ырайда ауыр сөздер айтты. Мен шым­байы­ма батқан осы сөздерден аттап өте ал­май қалдым. Амалсыздан елімнің қара жұмы­сына жегілдім, саясаттың ылайлы тасқынына көмілдім...» Бақытжамал жеңгем: «Қайтсін, ше­гіне алмаған ғой...» деген, Мұхтар ағам бір­аз тұнжырап отырып барып: «Бәрібір көн­беуі керек еді. Өзі­не де осы пікірлерімді кез­дес­кен жердің бәрін­де де ертелі-кеш айтып жүр­дім. Шара не, алды – жар, арты – қар, ай­налуға жері тар бол­ды Әбіштің...».

Мен әңгіменің салмағын жеңілдеткім ке­ліп ағаның есіне «Үш құрдас» туралы хи­кая­сын түсіріп, қайыра айтып беруін өтіндім. Мэтр риясыз күліп алды. «Мен осыны қағазға т­үсір­медім, а? – деп өмірбойы қабағын бағып, кә­ламын танып келе жатқан жұбайына қа­рады. – Түсіріп қоюым керек екен. Тысы әзіл­­мен кежімделгенмен, іші шындықпен же­лі­мделген... Иә, сонымен... Құдай-Тағаладан пәр­мен болып, аналары бір мезгілде Қазақ­стан­ның үш пұшпағында үш баланы дүниеге әке­леді. Бірі – Маңғыстауда, бірі – Шың­ғыс­тауда, бірі Алматының іргесіндегі Ұзынағашта. Мектепті бітіре сала үшеуі де көздеген мақ­сат-мұраттарына қарай ұмтылады. Маңғыс­тау­дан шыққан құрдас әуелі түйемен Ақкетік­ке, баржамен Гурьевке, одан әуре-сарсаңға тү­сіп жүріп Қандыағашқа, содан соң пойызға жар­масып өліп-талып Алматыға жетеді. Шың­ғыстаудан шыққан құрдас та арып-ашып Аягөзге барып, одан әрмен пойызға ілі­ніп жүріп, ол да аңсарлы Алматысының қа­ра­сын көреді. Ал ұзынағаштық құрдас таңер­тең шешесінің көжесіне тойып алып, авто­бусқа тиын төлеп, Алматыға көзді ашып-жұмғанша барады да, жоғарғы оқу орнына құжат тапсырады. Алғашқы екеуі көксеген оқу­ларына түседі. Өйткені олардың көкі­ре­гіне ұлт мұраты атты ұлы ұғым ұя салған. Екеуін­де де: «Тірі болсам, қазаққа қызмет ет­пей қоймаймын!» деген биік арман бар-тын. Ал үшінші құрдас алғашқы емтиханның өзінен омпа түсіп, омақаса құлайды. Содан әл­де бір алыс республи­кадағы «табысы көп» деген дабысы бар құры­лысқа аттанады... 

Шыны, мейірімді Құдай-Тағала үшеуі­нің де тілегін қабыл етті: алғашқы екеуі әу бас­тағы мұраттарына адалдық қыл­ды, ұлтына қызмет етті. Екеуінің де адал ті­леуі үшін Жаратушы талант пен білімнен кен­де қыл­мады. Маңғыстаудан келген құрдас қана біраз ман­сап иеленді: Парламент бас­қар­ды, Мем­ле­кеттік хатшы атанды. Ал үшін­ші­сіне – ау­зымен құс тістеген ешбір қазаққа бұйырмаған бақ, мансап, дәулет бұйырды!..» –  делінген мақалада.

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Олар күрделі акробатикалық нөмірді орындады
Бұл айрықша есте қалатын қуыршақ образымен ерекшеленетін спектакль болмақ

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →