Азамат Сатыбалды осыдан дәл бір жыл бұрын, 28 шілдеде ресми түрде «Қазақфильм» АҚ президенті болып тағайындалған
Кейінгі жылдары «Қазақфильмнің» басы даудан арылмады десек болады. Екі апта бұрын ғана ғимарат алдында киногерлер жиналып, митиң жасаған. Аниматорлар жеті айдан бері жалақы алмай жүргенін, одан қала берді бес жыл бұрын түсіріліп бастаған «Алтын адам» анимациялық фильмі толық аяқталса да, тиісті төлем берілмгенін айтып, наразылық білдірген. Осы және өзге де күрмеуі көп мәселені Анимация бөлімінің бас редакторы Ерлан Төлеутай бастаған топ жария етіп, Азамат Сатыбалдыға талаптар қойған еді. Бүгін «Қазақфильм» басшысы қызметінен кеткенін мәлімдеді. Qaz365.kz тілшісі Сатыбалды қызметке келгелі қандай мемлекеттік сатып алу жасалғанын шолып шықты.
Бір қызығы, экс-басшы қазір Қытайда түсірілімде жүргенін, «Қазақфильммен» арадағы келісімшартты әрі қарай ұзартпаймын деп шешкенін өзі айтты. Оған себеп халықаралық жобаға алған шақырту деді. Ал Мәдениет және ақпарат министрлігі Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының президенті Азамат Сатыбалдының жұмыстан босатылғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды деп отыр.
Азамат Сатыбалды осыдан дәл бір жыл бұрын, 28 шілдеде ресми түрде «Қазақфильм» АҚ президенті болып тағайындалған. Сол уақыттан бері мемлекеттік сатып алу порталына жалпы саны 108 сатып алу жарияланған. Оның ішінде 101-і — аяқталған, үшеуі — енді жарияланып, өтінім қабылданып жатыр, екеуінен бас тартылған, біреуінің құжатына өзгеріс енгізілген. Алдымен ең ауқымды сатып алулардан бастайық. Кейінгі бір жылда қомақты қаражат күзет қызметіне бөлінген. 4 қаңтарда жарияланған сатып алу өзгертіліп, кейін 12 қаңтарда қайта салынған. Бір лотпен, бір жылға күзет қызметі туралы шарт жасалған. Қызмет құны – 49 миллион теңге. Төраға мен төрт мүше, бір хатшыдан тұратын конкурс комиссиясы байқауға өтінім жіберген 4 қатысушының үшеуін талапқа сай емес деп таныған. Ал барлық талапқа сай келгені — «Кайсар-Securiti (Кайсар-Секюрити)» ЖШС. Сатып алу қорытындысы бойынша келісімшарт құны 39 150 000 теңге болды. 18 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ұйым нарықты сенімге ие екенін байқадық. 50-100 аралығында қызметкері бар, 2023 жылғы түсімі 433 495 797 теңге шамасында. Ашық дерекөздерде 239 523 366 теңге салық төлегені туралы ақпарат бар. Былтыр мемлекет қазынасын 8,8 млн теңгеге толтырған. 2016 жылы тіпті 65 миллион теңгеге сәл жетпейтін сома салыққа кеткен. Екеуара келісімшарт — жылдың соңына дейін.
Бұдан кейінгі көлемді сатып алу «Капитан Байтасов» кинокартинасына керек көліктерді жалға алуға қатысты. Сомасы — 14 977 794 теңге. Хабарландыру үш лоттан тұрады: жүк көлігін жүргізушісімен бірге жалдау (6,4 млн теңге), микроавтобусты жүргізушісімен бірге жалдау (7,4 млн теңге) және жеңіл көлікті жүргізушісімен бірге жалдау (1,1 млн теңге). Жұмыс барысы мынадай: 7-12 орындық 7 микроавтобус (біреуі — 20 ауысымға, қалғаны — 40), 6 жүк көлігі (біреуі — 20 ауысымға, төртеуі — 40 ауысымға, біреуі — 5 ауысымға) және 2 жеңіл көлік (біреуі — 58, біреуі — 15 ауысымға) түсірілім тобын үйінен алып кетіп, түсірілім алаңына апарып, жүктерді тасымалдап, кейін құрамды қайтадан үйіне жеткізіп тасуы керек. Бұл хабарландыру бойынша жүк көлігіне қатысты лот қана аяқталып, 6 475 000 теңгеге Kazakh Management Group ЖШС-мен келісімшарт жасалады. Ал қалған екі лот бойынша (жеңіл көлік пен микроавтобус) жаңа хабарландыру салынған. Ондағы сома — 8 502 794 теңге. Екеуі де бір көзден жасалған. Оған қоса жеңімпаз да біреу. Ол — «Рахимжанов» ЖК. Мемлекеттік сатып алу бөлімінің жетекшісі Хаттамаға қарасақ, Анар Тұрғынбекова ұйымдастыру өкілінің де, тапсырыс беруші өкілінің де рөлінде деп көрсетілген.
Жеке кәсіпкерліктің қызметі жайлы да ізденіп көрдік. Көліктерді жалға беруден бөлек, ірілі-ұсақ сатып алуға жиі қатысады екен. Мысалы 2022 жылы — 85, 2023 жылы — 184, 2024 жылы 509 сатып алуға қатысқан. Осы уақытқа дейін 91 сатып алудан жеңімпаз болған. Көліктерден бөлек, бірде 80 мың теңгеге күрек жеткізіп беруге келіседі, енді бірде автокөліктерге техникалық қызмет көрсетуге 11 млн теңге алады. Ашық көздерде бұл жеке кәсіпкерліктің басқа кәсіпкерлермен байланысы табылған жоқ. Бірақ салық төлеуші ретінде тәуекелі бар. Себебі бағасы «орташа» деп көрініп тұр. Оған қоса былтыр бір сот талқылауы өткен.
Келесі сатып алу — қаржы аудитін өткізуге қатысты. Наурыздың 20-сына жарияланған. Жалпы саны 14 қатысушы өтінім берген. Нәтижесінде жоспарланған 5 миллион теңгенің орнына ашық конкурста ABM AUDIT ЖШС 680 000 теңгеге аудит жасауға келіскен. Шарт бойынша 2023 қаржы жылына қатысты тексеріс жасалуы керек. Қаржы есебі демекші, Азамат Сатыбалды қызметке келгенге дейін «Қазафильмде» 400 млн теңге жымқырылды деп дау болған. Қызметке тұрғаннан кейін Сатыбалды бұл мәселеге қатысты ішкі аудит жүргізіп жатқанын, өзі бақылауда ұстайтынын айтқан. Атап айтқанда, 2020-2022 жылдар аралығындағы шығындарды түгел тексеруге бекінген еді.
Бұл мемлекеттік сатып алулар — сомасы жағынан ауқымдылары. Әйтпесе, «Қазақфильм» АҚ мемлекеттік сатып алу сайтына әр ай сайын орта есеппен 8-9 хабарландыру жариялап отырады. Мәселен фискалды деректер операторының қызметіне — 8400 теңге, кәріз тазартатын машинаға 175 мың теңге керек деген сыңайда хабарландыруларды жиі салады.