Ол балаларына психологиялық қысым болғанын айтады
Бір кездері Ғылым және Жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің балалары Кипрде оқиды екен ақпарат тараған еді. Былтыр министр балаларын елге әкеліп, осындағы қарапайым мектептердің біріне табыстаған болатын. Qaz365.kz тілшісіне берген сұхбатында 1,5 жылдан бері балалары Қазақстанда екенін айтты.
«БАҚ өкілдері кезінде осы мәселе жөнінде шу көтерді. Әлі күнге дейін менің көзімді шұқылап, әлеуметтік желіде жазып тұратындар бар. Балалары шетелде оқитын министр қалай елдегі білім жүйесін басқарады деп шулатып жүргендер жетерлік. Бірақ отбасымызбен ақылдасып, бірден балаларымызды елге қайтарып алдық. Ұлым Мұстафа «Білім-Инновация» мектебінде, қыздарым орта мектептерде оқып жатыр. Ешқандай мәселе жоқ. Бұл сұрақ жабылды. Сонда да қоймайтындар бар», - дейді Саясат Нұрбек.
Ол балаларына бұл жағдай психологиялық қысым болғанын айтады.
«Егер шетелде болған жағдайда толыққанда сотқа беруге құқығым болар еді. Өйткені бұл буллинг, харассменттік жағдай. Балаларымның жекесіне жазып: «Әкелерін өтрікші, сендерді де өтрікке үйретіп жатыр деген ауыр сөздер» айтқан», - дейді министр.