Бұдан бірнеше уақыт бұрын Оксфорд университетінде қазақ тілі оқытыла бастағаны туралы ақпарат кең тарады. Біздің сайт Оксфорда қазақ тілінен сабақ беріп жүрген Дидар Садықпен жедел сұхбат та жариялады.
Бұл ақпарат қазақстандықтар үшін қуанышты жаңалық болғаны анық. Qaz365.kz тілшісі бүгін осындай маңызды істің қалай жүзеге асқаны туралы, оның басы-қасында кімдер болғаны жайлы білу үшін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанмен әңгімелесті.
– Анар ханым, Оксфордта қазақ тілінің оқытыла бастауына қалай қол жеткізілді?
– Бұған еңбегі сіңгендер баршылық, бірақ Саясат Нұрбек тұлғасы шешуші рөл атқарды. Ақпарат құралдарынан белгілі, осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жетекші ЖОО ректорларымен Оксфордқа барып, Вульфсон-колледжімен де танысады. Вульфсон – Оксфордтағы 39 колледждің бірі. Оксфордта өте көне колледждер бар, ал лорд Вульфсон негізін қалаған бұл колледж салыстырмалы түрде жас – 1965 жылы құрылған. Онда шығыстану мамандарын даярлайтын факультет бар. Оның ішінде Орталық Азия бойынша мамандар дайындайтын арнайы курстар ұйымдастырылған. Оксфорд студенттері дегеніміз – негізінен магистранттар мен докторанттар, яғни болашақ ғалымдар.
Вольфсон колледжінің жанында Орта Азияның түркі тілдерін оқытуды қолдау бойынша «Birsöz» деп аталатын бастама құрылған. Аты айтып тұрғандай бұл түркі тілдерін оқытуды қолдау үшін бастамашыл мамандардан тұратын құрылым.
«Birsöz» бастамасының жетекшісі – сондағы Низами Гәнжауи орталығының басында тұрған маман Лейла Наджафзаде. Орталық Әзербайжан мемлекетінің қолдауымен құрылған. Негізгі мақсаты – Оксфордта әзербайжан тілін оқытуға қолдау көрсету. Лейла Наджафзаде сол оқу орнында Әзербайжан тілін насихаттай жүріп, посткеңестік елдердегі басқа түркі ұлттары тілін қолдау мақсатында осындай бастама құрады, оған түрік, өзбек, азербайжан, үйғыр тілдерін үйретуші профессор, ғалымдардың басын біріктіреді. Осы бастама жетекшісімен кездескен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат мырза Нұрбек енді Оксфордта қазақ тілінің курсын ашу ісін ұсыныды, оны ұйымдастыруға барлық жағадайды жасап, институционалды қолдау көрсетуге бекінді.
– Бұған дейін Оксфордта түркі тілдерінің қайсысы оқытылған екен?
– Негізі Оксфордтың Вульфсон коллледжінде негізгі білім беру бағдарламасының жүйесінде тек түрік тілі ғана оқытылды. Кейіннен Низами Гәнжауи орталығы құрылып, Әзербайжан тілі факультатив ретінде енгізілді. Кейін ұйғыр тілі жүйелі түрде оқытыла бастады – ол жерде арнайы маман бар. Сосын өзбек тілі енгізілді. Өзбек тілінен Оксфордта көп жылдан бері қызмет етіп келе жатқан профессор Николас Кантовас деген танымал шығыстанушы ғалым сабақ береді. Ол шығыстану факультетінің ұстазы ретінде Өзбекстанда бірнеше жыл жұмыс істеген. Өзінің ғылыми зерттеулерін жасау үшін өзбек тілін терең меңгерген.
– Ал қазақ тілін оқыту мәселесі қалай көтерілді?
– 2023 жылы Лейла Наджафзаде Алматыға іссапармен келеді, сол кезде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен танысады. Лейла Наджафзадемен бірге тағлымдамадан және студент алмасу бағдарламасымен келген Оксфордтың бірнеше докторанты да Институтпен танысып қалады. Ол кезде біз қызу түрде Қазақ тілінің ұлттық корпусын әзірлеумен айналысып жатқан едік.
Лейла ханым институттың ұжымымен кездесіп, «Birsöz» бастамасының идеясын, Орталық Азияда түркі мемлекеттерінің тілі мен мәдениеті Оксфордта тереңірек оқытылуы керек екенін, қазақ тілі курсының қажет болатынын айтты. Біз бұған қатты қуандық, барынша қолдайтынымызды, әзір екенімізді айттық. Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Мағжан Жанботаұлы Ильясовтың, елшіліктің де қолдауымен болған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Лейла ханымың келесі кездесуінде бұл істі жүзеге асырудың барлық жолдары анықталды, сөйтіп Оксфордта Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалым-мамандарының қазақ тілін оқыту идеясы жүзеге асырыла бастады.
– Неге Тіл білімі институтының мамандары?
– Себебі Оксфордтағы тіл үйренушілердің ерекшелігі бар. Олар тілді күнделікті тұрмыстық коммуникация үшін ғана емес, сонымен бірге, негізінен, Шығыстану бағытында зерттеуші ретінде ұлттың мәдениетін, әдебиетін, бірегейлігін, шаруашылық жүргізу ерекшелігін, менталитетін, құндылықтар жүйесін тарихын түсіну әрі бағалау үшін де үйренеді.
– Демек, Оксфордтың тілді оқыту мақсаты тек қарым-қатынас үшін емес…
– Дәл солай. Тіл – жай коммуникация құралы емес, шығыстанушы мамандардың ғылыми зерттеуіне көмектесетін құрал, мәдениеттерді танып, бағалаудың алтын көпірі. Қандай да бір проблеманы зерттеу үшін, оның қайдан шыққанын, не үшін пайда болғанын түсіну үшін алдымен тілді білу керек.
– Министр бұл ұсынысты қалай қабылдады?
– Министр бұл бастаманы өзі көтеріп, бастан-аяқ қолдап, процестің үзілмеуін тікелей бақылауында ұстап келеді. Тіл білімі институтында Оксфордқа маман жіберетін арнайы қаржы қарастырылмағанын ескерген ол «Болашақ» бағдарламасы арқылы мәселені шешу жолын ұсынды. Өзіңіз білесіз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен, қолдауымен «500 ғалым» жобасы іске қосылды. Бұл жоба бойынша кез келген жастағы маман тағылымдамаға, білімін жетілдіруге шетелге бара алады. Саясат мырза институт мамандары конкурсқа дайындалсын деді. Бастама толық іске асу үшін, оны салмақтау үшін екі мемлекет арасындағы саяси-дипломатиялық келісім де жасалды. Осылайша, 2024 жылдың сәуір айында Ұлыбританияның Сыртқы істер, достастық және халықаралық даму министрі Дэвид Кэмеронның Астанаға сапары аясында екі ел арасында бірнеше ресми келісімге қол қойылды. Оның бірі Оксфордта қазақ тілін оқытуға арналған төртжақты келісім еді: болатыны бірінші тарап – Оксфорд университетінің Вульфсон колледжі жанындағы «Birsöz» бастамасы, екіншісі – ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, үшіншісі – «Болашақ» Халықаралық бағдарламалар орталығы АҚ, төртіншісі – «Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО. Қазір атқарылып жатқан жұмыстың барлығы осы келісімшарт аясында жүзеге асып отыр.
– Алғаш Оксфордқа кімдер барды?
– Алғаш 2024 жылы Оксфордқа Меруерт Иманғазина мен Дидар Садық есімді жас мамандарымыз барды. Меруерт – біздің институттың докторанты, жақында диссертациясын қорғайды. Оксфорд университетінің баспасы шығарған қазақша–ағылшынша, ағылшынша–қазақша Оксфорд сөздігі авторларының бірі. Ағылшын тілін өте жетік біледі, зерттеулерінің барлығын қазақ тілінде жүргізіп жүрген, болашағынан зор үміт күтіп жүрген жас ғалым.
Біз бастапқыда мамандарымыз бірден аудиторияға кіріп кетеді деп ойлағанбыз. Бірақ Оксфордтың талаптары өте жоғары. Талапқа сай мамандар бір жыл бойы дайындықтан өтті. Оксфорд оларға алдымен оқу орнының аурасын түсініңіздер, коммуникациясын, өмір сүру стилін зерттеңіздер деген де талап қойды.
Меруерт алғашқы жылдың ортасында бөпелі болатын болғасын, кейін қайтып, Дидар бір өзі жалғастырып, үдеден шығып, сабақ беруді бастады.
– Келісімшарттағы төрт тараптың бірінің басшысы ретінде сіз де әйгілі университетке барып келдіңіз. Ол жақтан қандай ерекшелік байқадыңыз?
– Оксфорд шағын ғана қала, онда кітап – культ. Қайда барсаңыз да кітап оқып отырған адамды көресіз. Лондон мен Оксфордтың арасында жүретін пойызда сегіз вагоннан өттім, сегіз вагонда қолында кітап ұстап отырған он екі адамды санадым.
Ондағы коммуникация талаптары қатаң. Кездесулер алдын ала белгіленуі керек. Кенеттен хабарласуға болмайды. Негізгі байланыс тек электрондық пошта арқылы жүзеге асуы керек. Телефон – тек аса шұғыл жағдайда ғана. Себебі олардың уақыты өте қымбат. Бір-бірін мезгілсіз мазалауға болмайды. Бұл кәсіби этикет ондағы тұрғындардың барлығында дағды ретінде нық қалыптасқан.
– Әңгімеңізге рақмет!