×

ШҚО тұрғындары Риддердегі жалғыз қазақ тілді мектеп жөнінде Тоқаевқа үндеу жолдады

Тұрғындар жыл басында да қаладағы жалғыз қазақ тілінде оқытатын мектеп мәселесін қозғаған

ШҚО тұрғындары Риддердегі жалғыз қазақ тілді мектеп жөнінде Тоқаевқа үндеу жолдады
Коллаж: Qaz365.kz

Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары Риддер қаласындағы қазақ тілінде оқытатын жалғыз мектептің ескіргені жөнінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Азаттыққа сілтеме жасап.

Тұрғындардың айтуынша, "Шаңырақ" мектебі 1936, 1958 жылдары салынған екі ғимаратта орналасқан. Ғимараттардың біреуі совет кезінде "Пионер үйі" ретінде салынған. Ал екіншісінің спорт залы апатты жағдайда және ғимараттар арасы алшақ. Оқушылар мен мұғалімдер сабақ арасында үлкен екі көшені қиып өтіп, қатынайды. Екі ғимарат та "заман талабына сай келмейді" дейді наразылар.

Риддерде былтыр жаңа мектеп салынған. Бірақ бейнеүндеу жолдағандар оның аралас мектеп болып ашылғанына наразы. Олардың сөзінше, 2008 жылы бұл мектептің жері “Шаңырақ” мектебіне ғимарат салуға бөлінген. Бірақ 2019 жылы шешім өзгерген, тұрғындар аралас мектепке берілетінін былтыр, мектеп ашыларда білгенін айтады.

“Жарты жылдан бері заң аясында хаттар жолдадық. Мәселе шешілмеген соң митинг өткізуге екі рет сұрандық. Түрлі желеумен қайтарды, сөйтіп конституциялық құқығымызды шектеп отыр. Ескі "Шаңырақ" мектебінің екі ғимаратында 550 оқушы қазақ тілінде оқыса, жаңадан салынған аралас мектепте 150 бала орыс сыныбында оқиды. Біз қаладағы барлық 16 мектеп қазақ тілінде оқытсын демейміз. Жері мен қаражатын “Шаңыраққа” бөлген, бірақ артынан түсініксіз саясатпен аралас болып кеткен мектепті өз иесіне қайтаруды сұрап келеміз", – дейді бейне үндеуді оқыған адам.

Риддер әкімінің орынбасары Әсем Ағажаеваның айтуынша, мектептің қай тілде білім беретінін облыстық білім басқармасы шешеді.

- Жаңа ғимарат аралас мектеп болып ашылып қойды. Онда қазір орыс тілінде білім алып жатқандар бар. Егер қайтадан тек қазақ тіліндегі мектеп болады деп өзгертсек, ұлтаралық жағдай қиындауы мүмкін. Сондықтан мектептің қай тілде білім беретіні туралы шешімді қабылдайтын облыстық білім басқармасына хат жазып, шешім табуды сұрадық. Жауап енді келеді, – деді Ағажаева Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, тұрғындар митинг өткізуді сұраған күндері алаң бос болмаған.

- Қазір тұрғындардан осы мектептің мәселесімен тағы бір митингі өткізуге өтініш келді. 15 шілдеге сұранған. Бірақ алаң бос болмайды. Дегенмен жан жақты қарастырып, олардың сұрауына жазбаша жауап береміз, - деді Ағажаева.

Тұрғындар жыл басында да қаладағы жалғыз қазақ тілінде оқытатын мектеп мәселесін қозғаған. Олар жаңа ғимарат салып беруді сұраған. Риддер билігі мектеп апаттық жағдайда деп танылмағанын, сондықтан жаңа мектеп салуға негіз жоқ екенін хабарлаған.

Шығыс Қазақстанның бұрынғы әкімі Даниал Ахметов қалада алдағы бір-екі жылда 300 орындық қазақ мектеп ашылатынын мәлімдеген. Тұрғындар “Шаңырақтың” оқушылары 300 орындық ғимаратқа сыймайды” дейді.

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында 16 мектептің ішінде жалғыз қазақ мектебі бар. 12 мектеп орыс тілінде, үш мектеп аралас оқытады.

Риддер – Шығыс Қазақстандағы көлемі жөнінен екінші ірі қала. Қалада 56 мыңнан астам халық тұрады.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →