Соңғы екі-үш күнде әлеуметтік желі Астана қаласында бірінші сыныпқа барған балалардың арасында орыс тілін таңдағандардың көбейгені резонанс тудырды
Соңғы екі-үш күнде әлеуметтік желі Астана қаласында бірінші сыныпқа барған балалардың арасында орыс тілін таңдағандардың көбейгені резонанс тудырды. Осы ретте елордадағы №65 мектеп директорының бейімдік оқыту жөніндегі орынбасары Майра Мырзахметова бұл ата-аналарға байланысты болып отырғанын айтып, пост жариялаған. Qaz365.kz тілшісі өзімен хабарласты.
«Бұл мәселе барлық ата-аналарға байланысты. Ата-ана қазақ немесе орыс сыныбының қайсысын қаласа, соған бере алады. Соңғы екі-үш жыл көлемінде құжаттарды қабылдау уақытында директор еңбек демалысына кетіп, орнына міндетін атқарушы болып қалып жүрмін. Байқағаным, орыс сыныбына оқытқысы келетіндер көп. «Сыныпқа бала жинау толды. 30 бала құжат тапсырып үлгерді» деп айтсаң да, 31-32-ші ретінде қосқысы келетіндер жетерлік. Айтқандарын тыңдамасаң, Оқу-ағарту министрлігіне, қалалық білім басқармасына арыз жазады. Әлеуметтік желіні шулатады. Өз құқықтарын талап етеді. Бір қызығы, сол ата-аналар бізбен қазақ тілінде сөйлеседі», - дейді Майра Мырзахметова.
Оның айтуынша, Астана қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мектеп директорларына орыс сыныптарын азайтуды тапсырыпты. Қазақ тіліне жанашыр екенін айтып отыр. Бірақ ата-аналардың қалауы басқаша болғандықтан, орыс тіліне баласын беретіндердің саны азаймай тұрған көрінеді.
«Қасымхан Сенғазыев жиналыста біраз директорларға ескерту жасады. Таза орысша және аралас мектептердің арасында орыс сыныптары көбірек мектептер бар. Оларға насихат жұмыстары кемшін екенін айтып, ескерту берді. Сіздердің ауданда неге қазақ балалары орысша оқиды деп біраз директордан сұрағанда, ата-аналар талап етеді, біз не істей аламыз дегендер бар. Мен істейтін мектепте 1-сыныптар бойынша 6 қазақ сыныбы, 6 орыс сыныбы ашылған. Яғни теңбе-тең болып еді. Орыс сыныбын енді ашпаймыз, осымен тоқтамыз деп ойлағанбыз. Бірақ айқай-шу, жанжал көбейіп кетті. Қорқытады, үркітеді. Ата-аналардың әдебі жоқ. Бірден телефондарын қосып, түсіре бастайды. Сосын білім басқармасына барады», - дейді мұғалім.
Ол осы ретте қазақ ата-аналарын көндіруге тырысқанын айтып қалды. Арасында орын жоқ деген соң, амал жоқ көнген 10 шақтысы болыпты. Кейін мүмкіндік болып жатса, орыс сыныбына ауыстырып алайық дейтін көрінеді. Алайда басым көпшілігі келіспейді екен.
«Өзге ұлт өкілдері келіп жатса, ұсыныс ретінде қазақ сыныбына берсеңіздер қайтеді деп айтамыз. Бірақ қинауға қақымыз жоқ. Балабақшадан орысша оқып жүргенін алға тартып, сосын әріқарай жалғастырады», - дейді директордың орынбасары.
Ол бұл ретте орыс сыныбына бергісі келетін ата-аналардың уәждеріне тоқталды.
«Ата-аналар балаларының тілі орысша шыққанын айтады. Өйткені телефон арқылы орысша үйреніп алғандар. Айналамда жүрген мұғалімдер де солай айтады. Алып келгенде түгел орысша сөйлеп тұрады. Үйлерінде түгел қазақша сөйлейтін отбасылардың өзінде осы жағдай. Бәлкім, өздері талап етпейтін шығар. Сосын бар жауапкершілікті балабақшаға аудара салады. Мектепте қазақша оқып жүргендердің арасында да тілді толық түсінбейтіндер жетерлік. Бір сыныпта 30-32 оқушы оқиды. Арасында біреуі төрт балаға татитын инклюзив балалар да бар. Мұғалім әрқайсысына үлгермейді. Ата-аналарына қазақшасын жетілдіруге көмектес десең, қолдары тимейтінін айтып, қаша жөнеледі. Мектеп немен айналысады деп өзімізге ұрысады», - дейді мұғалім.
Оның айтуынша, білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевтың өтініші бойынша қазақ сыныптарын көбейтуге насихат жұмыстарын жүргізген. Ата-аналар чаттарына роликтер жіберген. Ата-аналарды шақырып, түсіндірген.
Майра Мырзахметова істейтін №65 мектепте 3500 бала оқиды. Ал мектеп 1200 балаға арналасқан. Сондықтан алдағы уақытта үш ауысым болуы мүмкін деп отыр.
Айта кетейік, биыл Астанадағы білім беру мекемелері бірінші сыныпқа 26 650 оқушыны қабылдады. Оның ішінде 15 929 қазақ тілінде, 10 571 орыс тілінде.