×

Бағасы ЖОО-дан қымбат: Астанадағы жеке мектептердің бағасы қанша, білім сапасы қандай

Жеке мектептерде оқу құны қанша

Бағасы ЖОО-дан қымбат: Астанадағы жеке мектептердің бағасы қанша, білім сапасы қандай

Қазақстанда әлеуметтік сипаттағы өзекті мәселенің бірі – мектеп жетіспеушілігі. Бұл проблема, әсіресе, үлкен қалаларда байқалады. Мемлекет мегаполистерге өз қаржысымен қаншама мектеп салса да, орын тапшылығы мәселесі біржақты шешілмей келе жатыр. Сол себепті билік жекеменшік мектепке қаражат салатын инвесторларға иек артады. 

Ал сол жеке мектептерде қаншалықты білім бар? Мемлекеттік мектептермен салыстырғанда білімі озық па? Қарапайым халық баласын жекеменшік мектепте оқытуға қалтасы көтере ме? Qaz365.kz тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп, білім саласындағы сарапшылармен тілдесіп, мәселені терең зерделеп көрді.

Бірінші сынып оқушылары үш есе көп

Алдымен, ресми деректерге сүйеніп көрсек: Қазақстанда жыл сайын 11-сыныпты шамамен 170 мыңға жуық оқушы тамамдайды. 1-сыныпқа келетін оқушы саны 450-500 мыңға жетеді. Яғни, мектеп бітіргендерге қарағанда, мектеп табалдырығын аттайтын балалардың саны екі жарым-үш есе көп. 

Қазақстанда 7600 мектеп бар. Оның 7 мыңы мемлекеттік болса, 600-і жекеменшік. 600 мектептің 500-і соңғы бес жылда ашылған. Енді 4 млн оқушының 250 мың оқушысы осы 600 жекеменшік мектепте оқыса, қалған оқушылар мемлекеттік мектепте оқып жатыр. Ашылған 600 жекеменшік мектептің 400-і ата-анадан қосымша ақы алып оқытады. Жекеменшік мектепте оқу ақысы әртүрлі: айлық мөлшері 15 мың теңгеден басталатыны да, 1 млн теңгеден артық алатыны да бар.

Жекеменшік мектептердің ішінде 200-і тегін оқытады. Оның қатарында мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде салынған «BINOM SHOOL» мектептері бар. Оған қоса елде тағы 100 шақты тегін жекеменшік мектеп жұмыс істеп тұр. 

Ең қымбат жекеменшік мектептер

Баласын мектепке білім алсын деп берген ата-ана білім сапасына да алаңдайтыны анық. Ал мемлекеттік мектептерде оқушыға орын тапшы. Сан сапаға әсер етеді. Мәселен, стандартқа сай бір сыныпта 24-25 балаға дейін оқуы керек болса, қазіргі уақытта ол сыныптарда 35-40 балаға дейін отыр. Міне, сол үшін билік жекеменшік мектептерді көбейтуге мүдделі.

Осы орайда біз жекеменшік мектептер бойынша Астана қаласының Білім басқармасына сауал жолдадық. Басқарма берген мәліметке қарағанда, елордада жалпы білім беретін 171 мектеп бар, оның 101-і – мемлекеттік, 63-і – жекеменшік, жетеуі – республикалық маңызы бар мектеп. Мектеп жасында барлығы 261 128  оқушы бар. Оның ішінде мемлекеттік мектепте –  214371 оқушы, жекеменшік мектепте – 40287, республикалық мектепте – 6470 оқушы білім алады. 

Енді басқарма берген ақпаратқа сәйкес жекеменшік мектептердің оқу ақысын саралап көрелік. Мәселен, Астана қаласындағы жекеменшік мектептерде айлық оқу құны 40-50 мың теңгеден басталып, шетелдік мектептердің филиалдарында 1 миллион теңгеден асып түседі. Сондай мектептердің бірі – QSI халықаралық мектебі. Мұнда 1-сыныптан 12-сыныпқа дейін оқу ақысы жылына 27 900 АҚШ доллары, яғни айына шамамен 1,28 млн теңге. Білім алушылар саны – 264. Ондағы оқу ағылшын, француз, испан және орыс тілдерін үйренуге мүмкіндік береді. Сабақтар тек ағылшын тілінде өтеді.

Ал қаладағы тағы бір  танымал мектептердің бірі – Haileybury Astana халықаралық мектебі. Мұнда дайындық сыныбынан бастап, 13-сыныпқа дейін білім беріледі. Оқу құны жылына – 13 млн 345 мың теңге. Айына орташа есеппен 1 млн 482 мың теңгеден. Білім алушылар саны – 524 (негізінде оқу ақысы 3 семестрге бөліп төленеді). Барлығы ағылшын тілінде оқиды, ағылшынша сөйлейді. Англиядан келген мұғалімдер сабақ береді. 

Сонымен қатар қымбат мектептердің қатарында Astana Garden School, Мирас, Spectrum мектептері бар. Мирас халықаралық мектебінде балабақша жасынан бастап, 12-сыныпқа дейін оқытады. Оқу құны жылына – 4 млн 441 мың теңге. Айына – 493 мың теңге. Білім алушылар саны – 250. Мұнда да басымдық ағылшын тіліне беріледі. Қазақша оқитын балалар үшін 7-8 сыныптар ашылған. Алайда сұраныс жоқ болғандықтан, қазақ сыныптары қайтадан жабылған.

Spectrum халықаралық мектебінде оқу құны жылына  – 7 млн 350 мың теңге. Онда оқитын оқушы саны – 407. Оқыту тілі – ағылшын тілі. Spectrum халықаралық мектебінде білім беру бағдарламасы Қазақстанның мемлекеттік оқу бағдарламасы мен Кембридж халықаралық бағдарламаларын қамтиды. 

Astana Garden School мектебінде оқу ақысы – 6 млн 600 мың теңге. Білім алушылар саны – 666. Мұнда да басымдық ағылшын тіліне беріледі.

Яғни, мұндай қымбат мектептерде бір баланың оқу ақысы жылына 10-12 миллионға дейін жетеді екен. Ойлап қарасақ, бұл – орташа есеппен елордадағы бір бөлмелі пәтердің бағасы. Ондай мектептерде баласын оқыту қарапайым халықтың түсіне де кіріп шықпасы анық. Мұнда, әсіресе, шетелдік азаматтардың, дипломаттардың, ауқатты адамдардың балалары оқиды. Олардың артықшылықтары - жоғары деңгейдегі инновациялық технологиялармен жабдықталған. Оқушылар үшін де барлық жағдай жасалған. Мәселен, әр балаға планшет беріледі. Сабақтан тыс үйірмелері (спорт, театр, музыка) бар. Бұл мектептен оқыған оқушылар Ұлыбритания, АҚШ, Еуропа, Азия елдеріндегі элиталы университеттерге түсе алады.  

Біз жоғарыда халықаралық мәртебесі бар мектептерді келтірдік. Ал ондай статусы жоқ жеке мектептерде де оқу құны арзан емес. Шамамен жылына 600 мың теңгеден 3 миллионға дейін барады. Астананың, мәселен, ең қымбат жеке мектебінде оқу құны жылына 13 млн 225 мың болса («Haileybury Аstana School»), ең арзан оқу құны 630 мың теңге (Частное учреждение «Математико-языковая школа»). Сондай-ақ су тегін оқытатын жеке мектептер де бар.

«Білім сапалы болса, ақылы білімге сұраныс болмайтын еді»

Жоғарыда жекеменшік мектептердегі оқу ақысы жылына 630 мың теңгеден бастап, 10-12 млн теңгеге дейін баратынын айттық. Осы орайда мына бір сұрақтар туындайды. Әр балаға осынша ақы алу қаншалықты негізді? Жекеменшік мектептер соған сай білім беріп жатыр ма? Олардың кәдімгі мемлекеттік мектептерден айырмашылығы неде? Баласын жекеменшік мектепте оқытқысы келетін әр ата-ананы бұл сұрақтар толғандыратыны анық.

Qazbilim груп компаниясының төрағасы Аятжан Ахметжанның айтуынша, мемлекеттік мектептердегі білім беру сапасы дұрыс болса, ақылы қосымша білім беру саласы дәл қазіргідей сұраныста болмайтын еді.

«Егер сіз балаңызды Назарбаев мектебіне бергіңіз келсе, онда қосымша ақы төлеп дайындатуға міндеттісіз. Әйтпесе, түспейді. Егер сіздің балаңыз мемлекеттік грантты жеңіп алуы үшін ҰБТ-ны сәтті тапсырып шығуы керек пе, онда ақылы қосымшаға баруы керек. Сонда менде сұрақ туады. Мемлекет 11 жыл тегін білімге не үшін бюджет төлеп отыр? Егер ата-ана бағанағы дүниелерге баратын болса. Осы-ақ көрсеткіш», – дейді маман. 


Сондай-ақ кәсіпкер-ұстаз жеке мектептердің мемлекеттік мектептерден айырмашылығын, білім саласындағы кейбір мәселелерді де атап өтті.

«Жекеменшік мектептермен салыстырғанда, бірінші артықшылық – мемлекеттік мектептерде міндетті участок бар. Бір ауданның баласын міндетті түрде қабылдау керек. Сондықтан мемлекеттік мектептерде орын тапшылығы өте ауыр. Көбінесе 1-сыныпта 35 балаға дейін отырады. Ал жекеменшік мектептерде бұл дүние жоқ. 20-22, 24 балаға дейін оқытады. Ал екінші артықшылық – мемлекеттік мектептер екі және үш ауысымды оқиды. Мемлекеттік мектепке баратын оқушылар түске дейін сабағына барса, түстен кейін әртүрлі ақылы орталықтарға барады. Ал біздің мақсат – баланың білім ордасынан алатын және қосымша орталықтан алатын бар білімін біріктіру. Мәселен, мемлекеттік мектепте математика 5 сағат болса, бізде ол 10 сағатқа дейін барады», – дейді Qazbilim ұлттық лицейінің басшысы Аятжан Ахметжан.

«Өзін сыйлайтын ұстаз жекеменшік мектепке барады»

Бүгінде мемлекет тарапынан балаларды жекеменшік мектепке оқытуға жылына 700 мың теңгеге жуық субсидия бөлінеді. Мысалы, бала мемлекеттік мектептен жекеменшік мектепке ауысатын болса, қаржыландыру сол мектепке жіберіледі. Ал ата-ана болса, баласының сапалы білім алуы үшін мектепке қандайда бір талабын қоя алады.

Astana Garden School мектебінің негізін қалаушы Нұрмұхаммед Досыбаевтың айтуынша, жекеменшік мектептер өте жылдам дамуда. Себебі онда шешім қабылдау еркіндігі жоғары. Қаржыландыру да жоғарырақ. Мемлекеттік мектептегі оқушылардың дамуын ата-аналар қаржыландырмайды. Сондықтан да екі ауысымды оқуды жалғастыруда. Бірақ сол ата-аналар балаларына репетитор жалдап, олардың дамуын қосымша білім беру орталықтарына беріп, қосымша дамытуда. Яғни, баласының білім сапасын көтеру үшін ақылы орталыққа баруға мәжбүр.

«Жекеменшік мектептің айырмашылығы – ата-ана, біріншіден, баласын сонда беру арқылы мемлекеттен жан басына шаққандағы қаржыландыруды да сол жаққа тартады. Ол – бір. Мысалы, бала мемлекеттік мектептен жекеменшік мектепке ауысты ма, ақша баланың артынан барады сол мектепке. Ата-ана сол мектепке талап қоя алады. Ақша беруші мен талап етуші тарап екі бөлек болу керек. Бізде қазір қаржыландырушы да, талап етуші де – білім басқармасы», – дейді Hard Talk-қа берген сұхбатында Нұрмұхаммед Досыбаев. 
 

Орын жетіспеушілігі салдарынан мемлекеттік мектептер балаларды екі, тіпті кейде үш ауысымда оқытады. Яғни бірінші ауысымда сабақ берген ұстаздың сыныбында түстен кейін екінші ауысымдағы балаларға басқа ұстаз сабақ береді. Себебі отыратын орын жоқ. Мұғалімнің келесі сабағына дайындалатын кабинеті де, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндігі де жоқ. 

«Мұғалім робот сияқты. Екі ауысымды мектепте мұғалім шығармашылықпен айналысуы мүмкін емес. Шаблонды сабақтарды ғана жүргізе алады. Сондықтан бірінші кезекте инфраструктура мәселесін шешу керек», - дейді ол.

«Қазіргі білім жүйесіне реформа керек»

Кәсіпкер ұстаздың айтуынша, білім жүйесінің дамуы үшін реформа керек. Ол үшін төрт маңызды заңнамалық әрекет бар. Олар: білім заңы, соған сәйкес шығатын Оқу-ағарту министрлігінің бұйрықтары, сол бұйрықтар негізінде  жұмысын жасайтын жүзеге асырушы мекеме - жауапты басшылар, солардың ісін қадағалайтын басқарушы орган – білім басқармалары. 

«Мектеп - орындаушы, білім басқармалары – басқарушы. Үшінші маңызды тарап бар. Ол осы басқарылу және орындау қалай жүзеге асып жатқан сапасын қадағалаушы қажет. Өкінішке қарай, бізде  заң шығарушы мен қадағалаушы – бір мекеме. Оқу-ағарту министрлігі өзі заң шығарады, содан өзі сапасын қадағалайды. Бұл төрт функцияны дамыған елдерде төрт түрлі ұйым жүргізеді. Мысалы, заң шығарушы – құзіретті министрлік болса, ал сапаны қадағалаушы – тәуелсіз қоғамдық ұйым, басқарушы тарап – қамқоршылық кеңес, орындаушы – директор болады.  Дамыған елдердегі білім жүйесін дамытуға қоғам болсын, билік болсын, құрылтайшылар болсын, бірге араласады. Тепе-теңдік бар. Біздің білім жүйесіне келетін болсақ,  бұл тепе-теңдік тек жекеменшік мектептерде ғана басталды. Сондықтан қазір біз соны салыстыруға мүмкіншілігіміз бар», – дейді сарапшы.

Нұрмұхаммед Досыбаевтың айтуынша,  мектептерді басқару құзіретін жергілікті әкімдіктен алып, оларға тек қаржыландыру құзіретін қалдырып, қалай игеріп жатқанын қадағалауды тапсыру керек.  Жауапкершілікті заң алдында арттыра отыра, директорды тағайындау оны марапаттау немесе жаман жұмыс істеп жатырсың деп айту құзіреті сол мектептің қамқоршылық кеңесіне берілуі тиіс. 

Тобықтай түйін

Байқағаныңыздай, ақылы мектепте баласын екінің бірі оқыта алмайды. Тапқаны қажеттілігінен аса алмай жүрген азаматтар мемлекеттің мектебіне арқа сүйейді. Қаза берсе, мектептің де мұң-мұқтажы таусылған ба?! Қымбат жекеменшік мектептерде қазақ тілі босағада тұр. Солай екен деп, сол жекеменшік мектептердің басшылығына да кінә артудан аулақпыз. Ағылшын тілі – алдымен, ата-аналардың талабы. 

Жекеменшік мектептер қаншалықты қымбат десек те, кім болсын, басқасы басқа, баласынан аямайды. "Балаға салынған инвестиция – ең жақсы инвестиция" деген түсінік біздің халықтың да санасына сіңіп келеді. Қысқаша, осы. Ал сіздің жекеменшік мектепке балаңызды бере аларлық қаржылық жағдайыңыз бар ма?

Нұрән Әділет

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Алматыда «Түрксой» медиа білім беру және зерттеу орталығы ашылды
22.11.2024ж. 15:37

Алматыда «Түрксой» медиа білім беру және зерттеу орталығы ашылды

Орталық «Түркі дүниесі жастары» атты форум аясында іске қосылып отыр
ҚазҰУ ғалымдары құны 32 млрд теңгені құрайтын 400-ге жуық жобаны жүзеге асыруда. 
13 қараша күні Талдықорған қаласы оқушылар сарайында облыстық балалар құрылтайы өтті

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →