×

«Мүмкіндігі шектеулі жанға шексіз мүмкіндік сыйлағым келеді»: Қазақстандағы инклюзивті білім беру жүйесі қалай жүзеге асуда

Инклюзияның білім беру бағдарламасына енуіне не түрткі болды

«Мүмкіндігі шектеулі жанға шексіз мүмкіндік сыйлағым келеді»: Қазақстандағы инклюзивті білім беру жүйесі қалай жүзеге асуда

Инклюзивті білім беру жүйесін оқу бағдарламасына енгізген білім ошақтарының қатары жыл санап артып келеді. Білім және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында инклюзивті білім беру басым бағыттардың бірі болып белгіленген.

Qaz365.kz порталы инклюзивті білім беру тұрғысында PhD доктор, Кембридж университетінің түлегі, SDU University білім ордасының инклюзия бойынша жетекші маманы Камила Ролланмен сұхбат құрды.

- Ең әуелі, «инклюзивті білім» дегеніміз не? Осы түсінікке анықтама беріп өтсеңіз.

-“Инклюзия” ұғымының өмірімізден орын алғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Инклюзия – оқу, мәдени және қоғамдық өмірде белсенді болуды арттыру және білім беру үдерісінен шеттетілген жандардың қатарын азайту арқылы оқушылардың әртүрлі қажеттіліктерін ескеруге және қанағаттандыруға бағытталған оқу жүйесі. Бұл жүйе біртұтас білім беру идеяларына негізделген. Инклюзивті білім беру ерекше қажеттіліктері бар балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға көмектеседі және кейінгі өмірінің берік негізін қалыптастыруға қызмет етеді.

Жалпы, халықаралық құжат бойынша инклюзивті білім берудің екі басым бағыты бар: оның алғашқысы – мүгедектігі бар жандарды қоғамға бейімдейтін білім бағдарламасы және адамның әртүрлі ерекшеліктеріне қарамастан, сапалы білім алуын қамтамасыз ететін білім беру үлгісі. Енді осы екінші бағытты тарқатып айта кетсем. Мысалы, мен SDU университетіне келгенде мұнда әртүрлі ұлт өкілдері білім алып жатқанын байқадым. Шетелден келген талапкердің ортаға бейімделіп, өз қатарластарының ортасына сіңісіп кете алмай, қоғаммен байланыс орнатуында көптеген кедергілер болатыны рас. Дәл сол сияқты, жұмысқа жаңадан орналасқан жас маман да осындай кедергілерге тап болады. Міне, инклюзивті білім беру бағдарламасының бір бөлігі осыған бағытталған.

- Инклюзивті білім саласын таңдауыңызға не себеп болды?

- Бұл бағытты таңдауыма көптеген факторлар әсер етті. Мен 4 жыл бойы саясаттану мамандығын оқыған тұста, оқумен қатар волонтерлік қызмет атқардым. Сан түрлі әлеуметтік жобаларға жетекшілік ете жүріп, тағдыр талқысына түскен балалармен етене жақын жұмыс жасадым. Қоғамның әлсіз тобын зерттей келе өзімнің өмірлік бағытымды анықтағандай болдым. Осы кезеңде менің міндетім – мүмкіндігі шектеулі жандарға шексіз мүмкіндік сыйлау екендігін түсіндім. Көп ойланбай өзім оқыған Назарбаев Университетіне инклюзивті білім бағыты бойынша магистратураға түстім. АҚШ-тың Миннесота штатындағы орта мектептен тәжірибеден өтіп, ерекше қажеттіліктері бар балаларға сабақ бердім. Бұдан бөлек, бірнеше елдерден тәжірибеден өтіп, ерекше балаларды қоғамға бейімдеу жолдарын меңгердім. Біз үнемі біліктілікті арттыру курстарынан өтіп тұрамыз. Сондай-ақ, көршілес елдерден және АҚШ-тан ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуге үйреткен мамандарды талай рет елге алып келдік. Үкіметтік емес ұйымды басқару тәжірибесінен кейін мені ЮНИСЕФ ұйымына, балалар қорына жұмысқа шақырды, онда мен балалардың құқықтарын қорғау және инклюзия бойынша кеңесші болып жұмыс істедім. Кейін академиялық білімді жетілдіріп, Кембридж университетінен инклюзивті білім бағыты бойынша докторантураны тәмамдадым.

- SDU университетіндегі инклюзивті білім жайлы не айтар едіңіз?

- Әрине, елге оралғанда бірінші кезекте жиған-терген ілімді қоғамға ұсыну үшін өзіме ыңғайлы орта іздедім. Жұмыс қарастыру барасында SDU университетіне инклюзивті білім саласының маманы қажет екендігін көзім шалады. Университет басшылығымен кездесу барысында бұл ортада инклюзивті ортаны қалыптастырып, ойымдағы жобаларды жүзеге асыра алатыныма көзім жетті. Жалпы, SDU университеті оқыту жүйесіне инклюзивті білім беру бағдарламасын енгізген алғашқы жоғары оқу орындарының қатарында. Әлеуметтік теңсіздікті жеңуге және әділеттілікке қол жеткізуге қызмет еткен университет қана әлемдік рейтингтерден ойып орын алары анық. Халықтың әлеуметтік осал топтарына мүмкіндігі шектеулі студенттер ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік деңгейі төмен отбасылардан шыққан студенттер, иммигрант статусы бар студенттер және ауыл тұрғындары да жатады. Олардың көпшілігі қолдаудың жетіспеушілігімен, әлеуметтік оқшауланумен және шеттетудің, кемсітудің және дискриминацияның басқа да түрлерімен бетпе-бет келеді. Инклюзивті білім беру бағдарламасы осы аталғандардың барлығын қамтиды. Мен екі басым бағытты қатар жетілдіріп отыруға тырысамын.

- Жалпы, инклюзияның білім беру бағдарламасына енуіне не түрткі болды деп ойлайсыз?

- 2009 жылы шетелдік бір топ маман Орталық Азиядағы мүгедектігі бар жандардың құқықтары жайлы ауқымды есеп жұмыстарын жүргізеді. Осы кезде зерттеушілер мүмкіндігі шектеулі балалардың сапалы білім алуда біршама кедергілерге тап болатындығын анықтайды. Араға 2 жыл салып, 2011 жылы Білім және Ғылым министрлігі алғаш рет 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасына инклюзивті білім беру жүйесін енгізіп, 2020 жылға дейін еліміздегі жалпы білім беретін мектептердің 70 пайызы инклюзивті білімді өз бағдарламаларына енгізуі тиіс деп тапсырма береді. Министрліктің енгізген бұл жаңашылдығы көпшілікті таң қалдырды, тіпті, кейбір мекемелер қандай бағытта жұмыс жасау керек екендігін де білмеді. Алайда, дәл осы кезеңде мүмкіндігі шектеулі жанды қоғамнан алшақтатып тұрған үлкен сең қозғалды. Әрине, бұл бағытта түйткілді мәселелер аз емес, алайда елімізде инклюзивті білім ерекше қарқын алып келе жатқанын көпшілік байқаған болар. Тіпті, инклюзивті білім беру бойынша Орталық Азияда көш бастап тұрмыз деп айта аламын.

- Кадр мәселесі қалай шешілуде? Еліміздегі жоғары оқу орындарында бұл бағыт арнайы мамандық ретінде оқытыла ма?

- Әзірге инклюзия бағытында еліміздегі жоғары оқу орындары бакалавр дәрежесін оқытпайды. Бұл бағдарлама тек Назарбаев университетінде магистратура деңгейінде қамтылған. Жалпы, бұл жаңа әлеуметтік бағыт болғандықтан, әлемде инклюзивті білім беретін жоғары оқу орындары саусақпен санарлық. Алайда, әр өңірде біліктілікті арттыруға байланысты арнайы орталықтар бар. Статистикалық мәлімет бойынша, 2016 жылы еліміздегі жоғары оқу орындарында 600-ге жуық мүмкіндігі шектеулі студент білім алса,  2020 жылы ерекше қажеттіліктері бар шәкірт саны 3500-ден асты. Бұл көрсеткіш инклюзивті білімге деген сұраныстың жыл санап артып келе жатқандығын көрсетеді. Сондықтан да кәсіби білікті мамандарға деген сұраныстың өсіп отыратыны анық.

- Ерекше қажеттіліктері бар студентпен қарым-қатынас орнатуда қандай әдіс-тәсіл қолданасыз?

- Топтағы мүгедектігі бар студентпен кез келген оқытушы етене жақын араласып, бірден оқыту бағдарламасын үйретіп кете алмайды. Дәл солай студент те бірден коммуникацияға түсіп кетпейді. Мен әрбір мүмкіндігі шектеулі студентке ең әуелі педагогикалық диагностика жүргіземін және оқу барысындағы қиындықтар мен кедергілерді анықтаймын. Анықталған қиындықтарға сүйене отырып, студентке қандай білім беру методикасы қажет екендігі көрсетілген жеке, жүйелі қолдаудың жоспарын жасаймын. Жалпы, адамдар арасындағы айырмашылық сыртқы келбетінде ғана емес, біз бір-бірімізден дін, діл, саяси көзқарас, талғам т.б. айырмашылық жасаймыз. Дәл сол сияқты біздің миымыз да әртүрлі жұмыс істейді. Кеңестік медицинаның парадигмасы аутизмді неврологиялық ауытқу деп үйретті. Ал қазіргі нейроәртүрлілік тұрғысынан қарайтын болсақ, біз аутистерді ойлау жүйесі басқаша адамдар деп айтамыз. Яғни, біз оны дерт ретінде емес, адамның өзіне ғана тән ерекшелігі деп білуіміз керек. Егер қоғам аутисті дерті бар мүгедек адам деп қабылдаса, ол мың жерден данышпан болсын, біз оған мүмкіндігі шектеулі адам ретінде ғана қараймыз. Бұл күнделікті өмірде кездесетін жағдай. Кейде оқытушыларымыз «емтиханды тапсыра алмайды-ау» деп күдіктенген мүмкіндігі шектеулі студент бәрінен жоғары нәтиже көрсетіп жатады. Осылайша, ерекше жандардың мүмкіндігін өзі емес, қоғам шектеп тастайды. Сондықтан да біз нейроәртүрлілік ұғымын қоғамға терең енгізуіміз керек. Кейде мүмкіндігі шектеулі адам өзін жайлы сезініп, айналадағылардың қабылдағанына көз жеткізу үшін қолайлы орта қалыптастыру керек. Мәселен, егер бір адамның электр жарығынан көзі ауырса, оны бөлек қараңғы бөлмеге отырғызып қоюға болады немесе бәрімен бірге қалдырып жай ғана жарықты сөндіріп қоюға болады. Егер біз екінші нұсқаны қабылдап үйренсек, мүмкіндігі шектеулі адамның өз ортасына сіңісіп кетуіне жағдай жасаймыз.

- Сұхбатыңызға рақмет!

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Отандық дрондар мен роботтар: Farabi Hub қандай инновациялық жобаларды жүзеге асырады
Кеше, 16:25

Отандық дрондар мен роботтар: Farabi Hub қандай инновациялық жобаларды жүзеге асырады

ҚазҰУ ғалымдары құны 32 млрд теңгені құрайтын 400-ге жуық жобаны жүзеге асыруда. 

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →