Академия мәртебесін көтерген тұлғалар – ел есінде
Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін көтеру мен жас ғалымдарды қолдауды күн тәртібіне қойған еді. 3 жыл бұрын межелі мақсаттың нақты стратегияларын Президент қадам-қадамымен түсіндірді. Осылайша ғылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды.
Ғылыми жаңалықтардың коммерциялық тиімділігін арттыру, ғалымдардардың санын көбейту мәселесі бір жолға қойылды ма деген сауал төңірегінде Qaz365.kz тілшісі ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Вице-президенті Серікқанов Абай Серікқанұлымен сұхбаттасқан еді.
– Ғылым академиясы – ғылыми-зерттеу мекемелерін біріктіретін ұйым. Әлем елдерінде ғылым академиялары түрлі мақсатпен, түрлі атаулармен құрылғаны белгілі. Еліміздегі Ұлттық ғылым академиясының негізгі принципі, бүгінгі жетістігі мен өзгерістеріне тоқталсаңыз?
– Ұлттық академия стратегиялық ғылыми зерттеулер жүргізумен ғана айналыспайды. Көбі академия жұмысын толық біле бермейді. Мекеме Қазақстандағы ғылыми әлеует пен ғылымды дамытумен, ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға басымдық береді. Оның басқа да бағыттарын айқындай түседі.
Мұнда ел экономикасы мен қоғамды дамыту үшін ең өзекті деген мәселелерді, сараптамалық-талдамалық жұмыс негізінде қолдау көрсету үшін жетекші ғалымдар бірлесе жұмыс істейді.
Академия мәртебесін көтерген тұлғалар – ел есінде!
Ұлттық академияда өздеріңіз білетіндей, қазақты мықты тұлғалары қызмет еткен. 1946 жылы Академияның тұңғыш Президенті болған Қаныш Сәтпаев экономикалық-әлеуметтік саламыздың дамуына үлес қосты. Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбанов, Әлкей Марғұлан, Мұрат Айтқожин сияқты тағы да көптеген есімі тарихта қалған тұлғаларымыз Ұлттық академияның қалыптасуына, дамуына, әлемдегі ең ірі ұйымдармен серіктестік орнатуға даңғыл жол салып берді. Академияның мәртебесін көтергендер – ел есінде!
Ұлттық академияның жұмысы жайлы сөз болғанда, ғылымға өлшеусіз үлес қосып, тарихта аты алтын әріптермен қалған ардақты азаматтардың еңбегін елеусіз қалдыра алмаймыз. Себебі академия – алаштың қамы үшін елінің рухани жаңғыруына барын салған, ғылымды дамытқан көрнекті қайраткерлердің есімін дәріптеп, ұлықтаудан жалыққан емес. Олар салып берген ізбенен бүгінде Ұлттық академия Президентіміз бекіткен стратегияны жүзеге асырып келеді.
«Айқын үш бағытты жүзеге асырдамыз»
Ғылым саласы – ұдайы ізденісті, жылдарды қажет ететін ұзақ әрі күрделі процесс. Соған қарамастан академия үлкен мақсаттар қойып, жаңашылдыққа ұмтылуда. Тіс қаққан академиктер жастарға жолбасшы боп, тәжірибесімен бөлісіп жатады.
Бүгінде ғылымды дамытуда жас ғалымдарға қолдау көрсетуге басымдық беріліп, гранттар бөлінуде. Мұның барлығы – Мемлекет басшының елді дамытуға қойған мардымды мақсатының жемісі.
Айта кетерлігі, оның ішінде стратегиялық маңызы бар жекелеген бағыттардың өзі стратегиялық бастамаларға бөлінеді. Ұлттық академия осы мақсатта жұмыс істейді. Яғни ғылыми зерттеулер мен ғылымды дамытуға басымдық беріп қана қоймай, сонымен қатар стратегиялық ғылыми зерттеулерді жүргізумен айналысады.
Академия ғылыми-техникалық, әлеуметтік және экономикалық дамудың бағыттарына басымдық беріп, өзекті мәселелерді талқылауда. Осы жүктелген міндет негізінде академияның жаңа миссиясы үш айқын бағыттың жүзеге асуына күш салып келеді. Біз соны жүзеге асыруға барымызды салудамыз.
– Мемлекет басшысы «Біз алдымызға ғалымдардың санын көбейту, ғылыми эко жүйені нығайту сияқты мақсаттар қойып отырмыз. Сондай-ақ ғылыми жаңалықтардың коммерциялық тиімділігін арттыру және ғылымды басқару жүйесін жетілдіру басты назарда болады», – деген болатын. Осы мақсатта ұзақмерзімді ғылыми-технологиялық дамуды тиімді жоспарлаудың жолы қандай деп ойлайсыз?
– Орынды сұрақ. Ұзақмерзімді ғылыми-технологиялық дамуды жоспарлау үшін, ең алдымен, қай бағытта даму керегін анықтау алуымыз керек. Ол үшін көпфакторлы, көпкомпонентті кешенді талдау жүргізу қажет. Ал бұл ретте технологиялық трендтерді анықтауға, оны болжауға мүмкіндік беретін бірқатар құралдар бар. Мұндай мақсатты зерттеулер «форсайт» деп аталады. Нәтижесінде қысқа, орта және ұзақмерзімді перспективада ғылым мен технологияны дамытудың басымдықтары анықталады. Сол басым бағыттарға сәйкес, негізгі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің нәтижелерін коммерцияландыру үшін бағдарламалық құжаттар мен техникалық тапсырмалар әзірленеді.
Ұлттық академия құрылғаннан бастап, Қаныш Сәтбаев бастаған белді тұлғалар күрделі ғылыми зерттеулерді қалай жандандырған болса, біз де сол мақсатта ғылымды дамытуға, ел өркениетін байытуға, экономикалық және әлеуметтік дамудағы сұранысқа сай бүгінгі күндегі ең өзекті мәселелердің шешім табуына жұмыстанамыз. Ұлттық академия әлемнің ең ірі ғылыми ұйымдарымен серіктестік орнатып, отандық ғылымды дамытуға, Мемлекет басшысы бекіткен нақты стратегияларды жүзеге асыруда.
Бұған, әрине, біздің академиктеріміз бен жас ғалымдарымыздың сіңірген еңбегі орасан. Оны да айтпай кетпеуге болмас. Ұзақмерзімді ғылыми-технологиялық дамуды тиімді жоспарлаудың бірден-бір жолы – бірлесіп, жұмыла жұмыс істеу. Ұлттық академия осы қағиданы берік ұстанады. Себебі ортақ, айқын мақсаттар ғана нәтижеге апарады.
– Абай мырза, Ұлттық академияның кадрлық және институттық әлеуеті жоғары. Мұны Президентіміз де айтқан болатын. Сараптама жасайтын құзіреттілік нені өзгертуі мүмкін? Жалпы академик лауазымы кімдерге беріледі?
– Ұлттық академия барлық мүдделі тараптар үшін ашық алаң. Бұл әсіресе талантты жастарға, соның ішінде экономика мен қоғамның дамуына елеулі үлес қосуға қабілетті жандарға, өтінім білдірген тәжірибелі ғалымдар үшін – зор мүмкіндік деп есептеймін. Өйткені ұлттық академияның негізгі міндеті – ғылымда жүрген жас таланттарға қолдау көрсету, ғылым саласында жүрген кадрлардың жағдайын жасау.
Қазір ғылыми дәрежесі бар қызметкердің орташа жасы 57 мен одан жоғары жасты қамтиды. Оның 15%-ы зейнет жасына жетті. Сондықтан ғылым саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдық берген ең негізгі аспектісі де – осы мәселе. Жас ғылыми кадрлардың саны артуы үшін қажетті жағдайлар жасауға тиіспіз.
Әрине, тек жас ғалымдарды ғана қолдап қоймай, отандық ғылымды құрып, оның дамуына еңбегі сіңгендерді де ұмытпауымыз қажет. Экономика мен қоғамның дамуына өлшеусіз үлес қосқан аға буын ғалымдарының тәжірибесін қолдана алуымыз керек.
Ұлттық академияның мүшесі болуға ниетті тұлғалар құрметке бөлену не мансап үшін емес, отандық ғылымды әлемдік деңгейге көтеруді мақсат етсе ғана үлкен жетістікке жетеді. Яғни үлкен қажырмен талмай еңбектенген, жанашырлықпен, жанкештілікпен, өз ісін сүйіп істеу – кез келген ғалымның міндеті.
Заңнамамызға сәйкес, ғылым саласында жетістіктері бар тұлғаларды уәкілетті органның өзіндік тәртіп пен шарттарына сай келген ғалымдар ғана академик мәртебесі беріледі. Сол үшін бұл талаптардан өтуге үміткерлердің еңбектері жете қаралады. Үміткерлердің өзі ғылым саласына қандай инновация әкеледі, нендей ғылыми зерттеулер жүргізді, еңбек өтілі қандай деген сынды бірқатар талаптарға сай келсе ғана ұсынылады.
– Ғылым академиясы атқарып жатқан істер – тікелей Президентіміздің бақылауында. Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін арттыруды тапсырды. Ғылым академиясының биылғы жоспары қандай? Ғылымға қаржы бөлінеді, ал ол нәтижені ақтай ма?
– Ұлттық академия жұмысына қатысты сын да жоқ емес, әрине. Ғылым саласында көңіл көншітерлік нәтиже жоқ деп жатады. Бірақ көп адам ескере бермейтін бірқатар кедергілер бар. Зерттеуші ғалымдар үшін ең үлкен кедергі қажетті деректерге бірден қол жеткізе алмауында. Дәл осы деректер тапшылығы – еліміздің қай саласын болмасын ақсатады. Мысалы, бизнеске қатысты туындаған мәселеде жеке тұлға оны талдауға, ғылыми әрі сенімді әдістерге негізделген себептерді түсінуге тырыспайды. Сол секілді ғылымды дамыту үшін оның басым бағыттарын айқындауға қаржыландыру әлбетте керек. Бұл мәселе түбегейлі шешім табу үшін сапалы ғылыми зерттеулер мен сараптамалық аналитика жүргізу жұмыстары ғана нәтиже береді. Ал ол қажырлы еңбек пен төзімді талап етеді.
Ғылым академиясы мен қоғамдық қауымдастықтардың жұмысы көпке пайда береді, ол арқылы әлеумет өзгереді. Осы мақсатта Ұлттық академия отандық ғылымның әлеуетін ашатын, қоғамға пайда беретін, кеңесші орган ретінде жұмыс істеуге, ғылымды дамытуға үлес қосуға, идеясы бар талантты жастарды қолдауға әркез дайын.
Академия қандайда бір туындаған мәселеге қатысты түрлі көзқарасты, пікірді жүйелі интеграциялауға басымдық береді. Оның перспективаларын анықтап, сыни тұрғыдан бағалайды. Ұлттық академия осы мақсатта сенімді, ғылыми негізделген фактілерге сүйене отырып, ел дамуына үлес қосады.
Жетекші ғалымдардың басын біріктіріп, ғылыми әлеуеттің жай-күйін бағамдайды. Академиядан басқа да ғылыми ұйымдар мен мүдделі субъектілердің ғылыми көзқарасы ескеріледі. Нәтижесінде бұл ғылымға озық инновация әкелуге мүмкіндік беріп, дербес ғылыми бағдарламаларды жасауға жол ашады. Бұл әрине, ең ауқымды, күрделі мәселелерді шешу үшін қолданылады.
Айта кетерлігі, Ғылыми қауымдастық пен басқа да мүдделі тараптардың қолдауымен біз Мемлекет басшысы бекіткен нақты стратегиялар мен межелі міндеттерге оңай жетеміз. Ол үшін біз басымдық берген ең негізгі үш аспекттің жүзеге асуына күш саламыз. Бұл қадамдар Қазақстандағы ғылымды дамытып қоймай, еркін ойлайтын, талантты жас ғалымдардың артуына, инновация әкелуіне, әлемдік деңгейде үлкен жетістіктерге жетуімізге жол ашады. Осы мақсатта Ұлттық академия кезең-кезеңімен бекітілген жоспарларды жүзеге асыруда деп нық сеніммен айта аламын.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет.