×

Қаламгерлер мен оқушылар бас қосты

Аталмыш шара оқушылардың шығармашылығын дамытуға арналған

Қаламгерлер мен оқушылар бас қосты
Фото: ашық дереккөзден

Таяуда Алматыдағы №168 мектеп-гимназиясы балалар басылымдарының бас редакторларымен кездесу өткізді. Танымдық кеш оқушылардың кітапқа, балалар басылымдарына деген құштарлығын ояту, қызығушылығын арттыруға бағытталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Ұрпақ тәрбиесіндегі балалар басылымдарының рөлі» деген атаумен өткен шарада оқушылар көкейдегі сауалдарына жауап тапты. Шығармашылыққа жаны жақын, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін сүйіп оқитындары журналистика, филология саласына қатысты сұрақтарына жауап алып, аталмыш мамандықтың қыр-сырымен танысты.

Айтулы шарада «Балдырған», «Ұлан», «Ақжелкен» журналдарының бас редакторлары сөз алып, оқушылардың балалар басылымдарына деген қызығушылығын оятты.

Алматыдағы үздік мектеп-гимназиясының дарынды оқушылары аталмыш басылымдарға жас тілші ретінде тырнақалды туындаларын жариялауға мүмкіндік алды.

«Мектеп, ата-ана, ұстаз – осы үшеуі үштаған. Бірлесіп жұмыс істеуі керек. Қазақта «аюға намаз үйреткен таяқ» деген мәтел бар. Балаларға қазір «оқы» деп айтпасаң, оқымайды. Біз балалар ең қызығып көретін «Комиксті» журналдың әр санында береміз. Осындай дүниелермен оқушылардың қызығушылығын оятып, танымдық дүниелерді көбірек беруіміз керек. Сонымен қатар балалардың ой-санасын дамытатын ойындар ды да жиі жарияласақ, сыни ойлау қабілетін жетіле түседі», – дейді «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов.

«Маған балалар басылымдары қатты ұнайды. Себебі ішіңдегіні ақ парақ бетіне түсіріп, ойыңды еркін жеткізесің. Ал жазғаның журнал бетіне шыққанда төбең көкке жеткендей ерекше қуанасың. Келесі туындыңды жазуға ерекше шабыт аласың. Және басылымға жарияланған еліміздің өзге өңірлерінің оқушыларының шығармашылығымен танысасың, ой түйесің. Жаңа дос табасың. Мен сол үшін де балалар басылымдарын жақсы көремін», – деді оқушы Томирис Төлен.

Айта кетейік 1985 жылы «Балдырған» журналының тарылымы 280 мың дана болса, бүгінде 12 мың данаға дейін азайған. «Ғаламтор мен гаджеттерге телмірген оқушыларды балалар басылымдарына қызықтыру – оңай жұмыс емес» дейді журнал редакторы.

«Қазіргідей ақпараттық технология дамыған уақытта оқушылар газет-журналдарға қызықпақ түгілі, оқымайды. Қалай болғанда да ғаламтордағы ақпарат кітап пен журналды парақтап оқып, қолына ұстап, мазмұн түйіп, көкжиегін кеңейтетіндей мәлімет бермейді. Әрі нақты деректерге сүйеніп жазылған, расталған ресми ақпарат көзі емес. Ал басылымдардың қай-қайсысы да интернеттен көшіріп алатын дүние емес. Ой еңбегі – ең құнды мұра. Бізде насихат аз. Жеткізе білетін білікті мамандар тапшы. Осы олқылықтарды толтыруымыз керек», – дейді ол.

Бүгінде 20-дан аса балалар басылымдары еліміздің түкпір-түкпіріне тарайды. Алайда оның 4-еуі ғана мемлекеттік. Кішкентай оқырмандар үшін сапалы контент жасауға, оның сапасын арттыруға барын салып, оқушылармен, мұғалімдермен, мектептермен тығыз байланыс орнатқандары саусақпен санарлық. Сағаттап әлеуметтік желіде отыратын балалардың 20 минуттық назарын кітап оқуға бұру – күн тәртібіндегі мәселе.

Шара барысында «Ұлан» журналының бас редакторы Есей Жеңісұлы мен «Ақжелкен» журналының бас редакторы Жадыра Нармахан балалар басылымдарының қиындығы мен қызығы туралы тілге тиек етті. Сондай-ақ жазу әдебі, оның қыр-сыры мен мәдениеті жайында да кеңінен ақпарат беріп, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін оятты. 

Екі сағатқа созылған жиында балалар басылымдары Алматы қаласының үздік №168-ші мектеп-мектеп гимназиясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

«Біздің мектепте өтіп жатқан шара аты айтып тұрғандай жас ұрпақты оқуға, кітапқа баулуға бағытталған. Бүгін елге танымал балаларға арналған журналдардың редакторлары келіп, екіжақты мемарандумға қол қойдық. Бұл келісім тәлімгерлердің сұранысын қанағаттандырып, әдебиеттегі сапаны одан ары жақсартуға мүмкіндік береді», – деді жиында сөз алған №168 мектеп-гимназиясы диреторының міндетін атқарушы Бауыржан Айткәрім.

Еске сала кетейік, аталмыш шара «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасының негізінде ұйымдастырылды. Танымдық кеш соңы оқушылардың шара қонақтарымен естелік суретке түсуімен аяқталды.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Алматыда «Түрксой» медиа білім беру және зерттеу орталығы ашылды
22.11.2024ж. 15:37

Алматыда «Түрксой» медиа білім беру және зерттеу орталығы ашылды

Орталық «Түркі дүниесі жастары» атты форум аясында іске қосылып отыр
ҚазҰУ ғалымдары құны 32 млрд теңгені құрайтын 400-ге жуық жобаны жүзеге асыруда. 
13 қараша күні Талдықорған қаласы оқушылар сарайында облыстық балалар құрылтайы өтті

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →