×

Студенттер мен магистрлер үшін айрықша мүмкіндік: Сәтбаев университеті мен АҚШ-тың Penn State университеті келісімге келді

Бұл университет әлемнің үздік 100 университетінің қатарына кіреді

Студенттер мен магистрлер үшін айрықша мүмкіндік: Сәтбаев университеті мен АҚШ-тың Penn State университеті келісімге келді

Статистикалық мәліметке сүйенсек, өткен жылы Qs World University Ranking рейтингі бойынша жаһандық үздік университеттер орналасқан 9 қала анықталды. Соның ішінде Қазақстанның Сәтбаев университеті 23,9 көрсеткішпен 481-орында тұр. Ал QS WUR – сапалы білім беретін әлемнің жетекші білім ордаларын зерттейтін бірегей өлшем жүйесі саналады. Дәл осы рейтингте көш бастаған – Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті студенттер мен магистранттарға бірегей мүмкіндіктер беріп отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Еліміздегі маңдайалды белді оқу орнының шәкірттері енді әлемнің топ-100 университетінің санатына кіретін Penn State білім ошағында тәжірибе алып, таным көкжиегін кеңейтетін болады. Таяуда ғана аталмыш университеттің халықаралық академиялық бағытына жауапты маман, проректор Сабина Клэр Сәтпаев оқу орнына келіп, екіжақты меморандумға қол қойды. Қазақстанға бір топ делегациямен келген проректор еліміздегі білім ордасына жоғары баға берді.

«Қазақстан – қонақжай, тамаша мемлекет. Сәтбаев Университетімен стратегиялық серіктес орнатқанымызға көп болды. Бұл жерде студенттердің жоғары деңгейлі сапалы білім алатынын білемін. Олар өз дүниетанымын кеңейту мақсатында ағылшын тілін тереңдете оқиды. Менің ойымша, халықаралық және жаһандық білім беру жүйесі – барлық елдердің арасындағы бейбітшілікке ықпал етеді. Қос университет арасындағы меморондум жақсы бастамаларға жетелесін», – деді проректор С.Клэр.

                           «3+1+1» бағдарламасының тиімділігі

Penn State университеті ұсынатын «3+1+1» бағдарламасы бұрынғыдан өзгерек. Себебі мұнда тек академиялық емес, сонымен қатар ғылыми-зерттеу саласы бойынша да білімдерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Қос университетке де тиімді бағдарлама – студенттердің техникалық сала бойынша ең үздік ұстаздардың дәрістерін тыңдап, сапалы һәм инновациялық білім алуға жол ашады.

Сәтбаев университетінде Мұнай инженериясы кафедрасының меңгерушісі, химия ғылымдарының докторы, профессор болып қызмет ететін Гүлжахан Елігбаева Жақпарқызы Сәтпаев студенттері үшін әлемнің жетекші университтерімен мықты стратегиялық байланыс орнатқан оқу орнында білім алу – зор мүмкіндіктер беретінін айтады.

«QS рейтингі бойынша алғашқы жүз университеттің тізіміне енген Penn State білім ордасында студенттеріміз енді «3+1+1» бағдарламасы бойынша білім алады. 5 жыл ішінде олар магистратура дәрежесін де иеленеді. Penn State университетіндегі әріптестерімізбен келісім жүргізу жұмыстары 2023 жылдың күзінде басталған болатын. Содан бері аталмыш оқу орнымен жыл бойы байланыста болдық, білім беру бағдарламаларын талқыладық. 4-курс студенттеріміз магистратурада оқуы үшін деңгейге сай тиісті келетін пәндер туралы да сұрақтарын қойды. Penn State университеті жайлы кеңінен ақпарат алып, кампус, белгілі бір пәнді оқытудың ерекшеліктері мен қыр-сыры туралы сауалдарына жауап алды. Студенттер үшін бұл жаңа білім алуға, ағылшын тілін жетілдіруге, танымын кеңейтуге, жаңа әлем есігін ашуға тамаша мүмкіндік. Шәкірттеріміз өздеріне үлкен жауапкершілік жүктелетінін жақсы түсінеді. Біздің жастарымыз күш-жігерін аямай, Penn State университетінде оқуын жалғастыруға қазірден дайын», – дейді ол.

Гүлжаһан Жақпарқызының айтуынша, қазіргі таңда елімізде техника мен технология саласында жаңа кадрларды, соның ішінде өндіріске инженерлерді даярлауда сапалы мамандар тапшы. Кадрлық әлеуеті артқан мемлекет қана бәсекеге қабілетті озық елдердің көшіне ілесе алады. Бұл тұрғыда Сәтбаев университетінің студенттер мен магистранттар үшін ұсынып отырған бірегей оқыту бағдарламасы – уақыт жағынан тиімділік әкеледі. Небәрі 5 жыл ішінде қос дипломның иегері атанады.

Сәтбаев университеті жас ғалымдарды қолдайды

Жетекші қазақстандық университет Орталық Азия бойынша да көшбасшылығын дәлелдеп келеді. Аталмыш білім ордасының қоғамдық-саяси, экономикалық жағдайлардың өзгерісіне қарамастан, бүгінгі күні заман талабына сай студенттерін сапалы біліммен сусындатып, жаһан сұранысын қанағаттандырып отыр.

Әлемнің алдыңғы қатарлы іргелі Penn State университетінде шетелдік тағылымдамадан өтуге жас ғалымдарға да тамаша жағдай жасалған. Айталық, Сәтбаев Университетінің «Киберқауіпсіздік, ақпаратты өңдеу және сақтау» кафедрасының аға оқытушысы Аристомбаева Меруерт Тұрлыбекқызы  өткен жылы «500 ғалым» бағдарламасымен Иллинойс университетіне шәкіртақыға ие болған. Биылғы жылдың ақпан айында Сәтбаев Университетінің делегациясымен бірге Penn State университетіне  барғаннан кейін, ғылыми тағылымдасын дәл осы оқу ордасынан өтуге  шешім қабылдаған.

«Penn State университетінен Қазақстанға келген күні-ақ Experiential Collaborative Engagement Leadership ExCEL бағдарламасына қатысуға ұсыныс түсті. Сәтбаев Университетінің делегациясымен бірге сапар барысында IST колледжінің деканы Андреа Тапиа «Киберқауіпсіздік» бағыты бойынша «3+1+1» бірлескен білім беру бағдарламасына қолдау көрсетіп, ынтымақтастық қарым-қатынасқа дайын екенін білдірген еді. Біздің студенттер мен оқытушылар құрамын 2024 жылдың тамыз айында қабылдауға дайын екендерін де жеткізді. Сондай-ақ профессорларға кейбір пәндерден сабақ жүргізуге мүмкіндік беретінін де айтты. Өзім қызмет ететін Сәтбаев университетінің осындай мүмкіндіктер беріп, жас ғалымдарды қолдайтыны үшін алғысым шексіз», – дейді аға оқытушы Меруерт Тұрлыбекқызы.

 Халықаралық білім стандарты бойынша қос диплом алуға мүмкіндік беретін Сәтпаев университеті жасап отырған стратегиялық үздік бағдарлама жас ғалымдардың алаңсыз ғылыммен айналысуына жол ашуда. Одан бөлек мыңдаған студенттердің оқу ақысын төлеуде жеңілдіктер мен шәкіртақылар беріліп, білім алушы жастарды барынша ынталандырып келеді. Өз саласының білікті маманы болып қалыптасуына, тұлғалық дамуына, шығармашылық тұрғыда шыңдалуына бірегей мүмкіндіктер ұсынған Сәтбаев университеті – алдағы уақытта да биік межелерді бағындырады деп сенеміз!

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Алматыда «Түрксой» медиа білім беру және зерттеу орталығы ашылды
Кеше, 15:37

Алматыда «Түрксой» медиа білім беру және зерттеу орталығы ашылды

Орталық «Түркі дүниесі жастары» атты форум аясында іске қосылып отыр
ҚазҰУ ғалымдары құны 32 млрд теңгені құрайтын 400-ге жуық жобаны жүзеге асыруда. 
13 қараша күні Талдықорған қаласы оқушылар сарайында облыстық балалар құрылтайы өтті

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →