×

«Көрермендер жылап қалды»: Шерзат Болаттың оқиғасы қойылымға арқау болды

Қойылымды қоюларына Талғардағы оқиға себеп болған

Әлеуметтік желіде Шерзат оқиғасынан көрініс қойған жастардың видеосы тарап кетті. Аталмыш видео Тиктокта 2-3 күннің ішінде 3,5 млн қаралым жинаған. Оқырмандар да қызу талқылауда, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Студенттер жүрегімен сезінді

Алдымен, Талғардағы қанды оқиға жайлы қойылымның кадрлары Тикток  әлеуметтік желісіне тарап кетті. Студенттер қойған шағын спектакльде Шерзат Болат қылмыскерлердің қолынан өлген сәтін көрсеткен. Әлеуметтік желідегі көрермендер кадрларды көріп, өте көп реакция білдірген. Кейбір азаматтар көзіне жас алғанын жазды.

Qaz365.kz тілшісі қойылымның кадрларын таратқан  Іңкәр Кеңесбаймен тілдесті. Одан қойылымды Алматы қаласындағы Инновациялық колледжде стомотология мамандығында оқитын студенттер қойғанын білдік. Іңкәрдің айтуынша, ол көріністі студенттер  күзгі балда өз өнерлерін көрсеткен кезде қойған. Қойылымды қоюларына Талғардағы оқиға себеп болған.

«Талғардағы оқиғаны негізге алдық. Қазіргі таңда тек Талғар оқиғасы ғана емес, жасөспірімдер арасында одан да бөлек  төбелестер көп болады ғой. Жаңалыққа шықпай жатқандары қаншама?! Балалар төбелесте болдық деп әке-шешісіне айтпайды. Ата-аналарының қалай қиналатынын білмейді.  Ондағы біздің мақсат – аналарымыз қаншалықты қиналып, жүректері жараланатынын көрсету. Көп жастардың өздерімен бірге қалталарында пышақ жүретіні белгілі. Ата-ана, мұғалім айтқанмен тыңдамайды ғой. Ең бірінші өздерінің жүректеріне жеткізіп көрсетпесек, оны қанша айтқанмен тоқтата алмайды. Сондықтан осындай көрініс қойып, соны көрсеткіміз келді», – дейді ананың рөлін сомдаған Іңкәр.

Іңкәрдің сөзінше, көріністі көрген көрермендердің көбісі көздеріне жас алған.

«Көрермендердің көбі жылады, бізді мақтады. Жылаған студенттер де, мұғалімдер де көп болды. Бастысы, студенттерге жетті, жүректерімен сезінді. Алдымызда 16 желтоқсан келе жатыр. Оған да осындай қойылым дайындасаңдар деген», – дейді ол. 

«16 желтоқсан да да осы көріністі қоясыңдар ма» деген сауалымызға «Жоқ, қазір буллинг деген көбейіп кетті ғой. Сол тақырыпты да алуымыз мүмкін» деп жауап берді сабағына бара жатқан Іңкәр.

Талғардағы трагедия

Еске салсақ, Талғар қаласында бір топ азаматтың арасында төбелес болып, 16 жастағы Шерзат көз жұмған еді. Артынша марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов әділ сотты талап етіп, үндеу жасады.

Бұдан бұрын тараған ақпараттарға қарасақ, марқұм Шерзат Болат дүкенде сауда жасап тұрған әкесімен ерегескен клиентпен төбелескен. Сыраны тегін алып кетпек болған жігіт достарын шақырып, әкесі мен баласын, туыс ағасын соққыға жығады. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Пышақпен келген бұзақылар анасының жанайқайына қарамай, жасөспірімді соққыға жыққан.

Ресми орган тергеу объективті жүргізіліп, кінәлілердің бәрі заң аясында жазасын алатынын мәлімдеді. 

Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді. Марқұмның әпкесі Бақыт Реймова полицейлер төбелеске қатысушылардың барлығын қамауға алмағанын айтты. 

Талғарда Шерзат Болатты өлтірді деген күдіктілердің суреті тарады. 9 қазанда мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Талғардағы жағдай туралы Үкімет басшысына сауал жолдады. Ал мәжіліс депутаты Абзал Құспан  Талғардағы қанды оқиға бойынша сот ашық өткізу талабы дұрыс екенін айтты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Сондай-ақ осы оқиғадан кейін бірнеше шенді қызметінен кетті. Талғар әкімі мен оның орынбасары қызметтерінен босатылды.

«Хуторлықтардың» лидері деп аты шыққан Хасан Қасымбаев Орда басылымына сұхбат беріп, өзі жөнінде әлеуметтік желіге тараған ақпараттың бәрін жоққа шығарды. 16 жастағы Шерзатты өлтіру ісі мен әкесінің Талғардағы үйін өртеу ісі бойынша бес сараптама тағайындалды. Алматы облысы Полиция департаменті «Хуторлықтар» бандасының жетекшісі атанған Хасан Қасымбаев қамауға алынғаны туралы мәлімдеме жасады.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Жәбірленушіні төмен түсіріп, медициналық көмек көрсетілді
Қаулы жобасы 13 желтоқсанға дейін қоғам талқысына шығарылды.
2024 жылдың басынан бастап Қазақстанда балалар қаза тапқан 15 өрт тіркелген

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →