Оның айтуынша, баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген
ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева боксшы Бейбіт Шүменов қатысқан төбелес бойынша Ішкі істер министрлігіне жүгінгенін мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Ішкі істер министрлігіне қылмыстық әрекет жасаған тұлғаның жәбірленушінің қолында болған баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргенін ескеру қажеттігі туралы жүгіндім. Балаға қауіп төну фактісі әлеуметтік желілерде жарияланған бейнекадрларда анық көрінеді», – деп жазды уәкіл Facebook парақшасында.
Сондай-ақ, ол өз лауазымы аясында ұлттық заңнамаға бала қауіпсіздігімен байланысты өзгертулер енгізуді жоспарлап отырғанын мәлім етті.
«Бұл жағдайда тұлғаны Қылмыстық кодекстің 115-бабы («Қорқыту») бойынша да жауапқа тарту қажет деп ойлаймын. Қолданыстағы заңнамада баланың қауіпсіздігі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдай туғызу әрекетіне жауапкершілік көздейтін бап жоқ. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамаға дайындалған өзгерістер блогына тиісті ұсыныс енгіземін. Жалпы, біз, ересектер, кез-келген жағдайда балалар туралы ойлауымыз керек», – деп жазды Динара Зәкиева.
Астана қаласы полиция департаментінің дерегінше, 18 маусым күні 102 пультіне «Мега Силкуей» сауда ойын-сауық орталығынан екі ер адамның жұдырықтасып қалғаны туралы хабарлама түскен. Ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сұнтаев Астанадағы кафеде ер адаммен төбелескен адам боксшы Бейбіт Шүменов екенін растады. Кейін Бейбіт Шүменов өз нұсқасын айтты. Мәдениет министрлігі де Бейбіт Шүменовтің басынан өткен жайтқа қатысты пікір білдірді.