Енді оның жауапкершілік мәселесі тәртіптік комиссия отырысында қаралады
Шымкентте гүл ұрлағандарға қатысты тың дерек шықты. Сатушыны қайшымен қорқытқан экс-полицейдің қасындағы екінші азаматтың кім екені белгілі болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Шымкентте гүл сатушыны ұрған бұзақының қасындағы екінші адам Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары болып шықты.
Қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, гүл дүкеніндегі екінші бұзақы Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Д.Елқонды. Енді оның жауапкершілік мәселесі тәртіптік комиссия отырысында қаралады.
Ал сатушыны қайшымен қорқытқан Қаратау ауданы полиция басқармасының бұрынғы қызметкері болып шықты. Ол 19 мамырда отбасылық себептерге байланысты өз өтінішімен ішкі істер органдарынан босатылған көрінеді.
«Бұл азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. ҚР ҚК 191бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып жатыр. Дегенмен бұл жерде атап өту керек, арыз-шағым түскен жоқ. Бұның әлеуметтік желіде шу тудыруына байланысты біздің тараптан сондай шешім қабылданып, тергеп-тексеру басталды», - дейді Шымкент ПД бастығының бірініші орынбасары Ермахан Әбдіраманов.
КТК арнасы осы оқиға болған гүл сататын дүңгіршектің қожайынымен тілдесіпті. Ол қорыққанынан Астанаға көшіп кеткен.
«Мен Шымкентті тастап, Астанаға келуімнің жалғыз себебі: маған және отбасыма орасан қысым көрсетіліп жатыр. Бірінші кезекте Қазақстан тұрғындарына рахмет айтқым келеді. Өйткені сіздер қоғам болып учаскелік полицияның бассыздығын айыптаған соң, ол кісі табылды. Прокурорлар мен полицияның жұмыс істеуіне түрткі болғандарыңызға алғысым шексіз»,- дейді гүл бутигінің иесі.