Әлеуметтік желіде иттерге таланған балалардың видеосы қызу талқылануда
Әлеуметтік желіде иттерге таланған балалардың видеосы қызу талқылануда. Желі қолданушылары иттерді атуға тыйым салынғандықтан, балалар зардап шегіп жатқанын айтады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Ит, ит деп, балаларды, халқымызды қырыңдар! Ит адамнан қымбат болды ғой. Иттерін байламағандардың бәрін соттау керек. Қылмыстық кодекске түзетулер енгізу керек. Үй жануарын ұстау ережелері сақталмайды. Әкімшілік кодекс жұмыс істемейді. Жергілікті атқарушы органдар мен полиция ұйықтап жатыр», – деп жазады Нұреке Алтынбекұлы атты азамат.
Ол желіде итке таланған екі баланың видеосын жариялады.
«Шоқан деген бала бүгін таңертең сағат жетіде иттерден қашып, шұңқырға түсіп кеткен. Қазір алабай иттерді бағу оңай емес. Бұрындары қарыны ашпасын деп жібере салады. Бұлар адамды да талайды. 15 минут шұңқырдың ішінде отырған. Алабайларыңызды байлап, шара қолдану керек. Шоқанның дауысын естіп, шұңқырдан алып шықты», – дейді бір видеода ер адам автобус ішіндегі баланы көрсетіп.
Екінші видеода қыз баланың итке таланғанын көруге болады. Оқушы қыз бетінен жарақат алған.
«Иттерге бірдеңе жасаңыздар. Қызымның басы ауырып тұр», – дейді видеодағы әйел.
Өткен айда бір топ иттің жас баланы қуалаған видеосы тараған еді. Үйдің ауласында әлгі иттерден оқушы әрең қашып құтылған. Оқиға Талғар ауданында болғаны айтылады. Алайда әлеуметтік желідегі сыни жазбаларға Талғар ауданы әкімдігі жауап берген жоқ.
Еске сала кетейік, 2022 жылдың 2 наурызынан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң күшіне енген еді. Жаңа заңға сәйкес 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жануарлардың иелері үй жануарларын тіркеуге міндеттелген. Заң күшіне енгеннен кейін Қазақстанда қаңғыбас жануарларды аулау және өлтіру тоқтатылған. Ал олардың санын мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен стерильдеу жолымен ғана реттеу көзделген.