Салдарынан 25 адам, оның ішінде 1 бала зардап шекті
Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тасжолында ірі жол апаты болып, 25 адам зардап шекті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 31 қаңтарда Жуалы ауданында ауа райының нашарлауына байланысты Тараз қаласынан Түркістан облысына қарай, Нұрлыкент ауылына дейін 2 шақырым жетпей, ірі жол апаты болды.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты (көктайғақ, көрінудің шектелуі, боран) 26 көлік, атап айтқанда, 4 жолаушылар автобусы, 4 жүк көлігі және жеңіл автокөліктер соқтығысқан.
«Қаза тапқандар жоқ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ақпаратынша, жол апаты салдарынан 25 адам, оның ішінде 1 бала зардап шекті. Қазіргі уақытта 4 адам жансақтау бөлімінде, 5 науқас хирургия бөлімінде жатыр. Тағы 15 адам түрлі дене жарақатын алған», – делінген хабарламада.
Нұрлыкент ауылының «Мәдениет үйі» жылыту пунктіне 39 адам (оның 8-і – бала) жеткізілген.
Тараз қаласынан 593-тен 534 шақырымға дейінгі бағыттағы автожол екі жағынан да жабық.