Бұл дәстүрлі түрде білімді кеңейтуге мүмкіндік беретін ауқымды форум
Түркістан қаласында «Қазақ Анестезиологтар мен Реаниматологтар» қоғамының VII конгресі өтіп жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жиын – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің және Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен жүзеге асырылуда. Конгресске медицина саласындағы соңғы жетістіктер мен инновацияларды талқылау үшін Қазақстаннан және бүкіл әлемнен анестезиология мен реаниматология саласындағы жетекші мамандарды жиналған.
Жиында сөз алған «Қазақ анестезиологтар және реаниматологтар қоғамы» ҚБ басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ағзам Жұмаділов конгресстің тек анестезиологтар мен реаниматологтар үшін ғана емес, жалпы медицина саласы үшін маңызды екендігін тілге тиек етті.
«Қазақстан Республикасының анестезиологтар мен реаниматологтар конгресі осы жылдар ішінде аталған саланы дамыту бойынша тәжірибе алмасу және сындарлы ұсыныстар әзірлеу үшін заманауи кәсіби алаңға айналды. Бұл диалог алаңы өмірді құтқару саласындағы өзекті трендтер мен үрдістерді талқылауға, практикалық жұмыстың егжей-тегжейін терең түсінуге мүмкіндік бермек», – деді Ағзам Шаймарданұлы.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, бұл дәстүрлі түрде білімді кеңейту, инновациялық әдістерге шолу жасау, халықаралық ұсыныстарды, науқастарға медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздік стандарттарын зерделеуге мүмкіндік беретін ауқымды форум. Сондай-ақ, жиында Қазақстан нарығындағы фармацевтикалық өнімдер мен медициналық техниканың заманауи үлгілері таныстырылуда.