Инга Иманбай тергеу мүлде тоқтап тұрғанын айтты
Ұлттық Ұлан сапында мерзімді әскери қызметте болып жараланған, комаға түскен сарбаз Ербаян Мұхтардың ісі бойынша Астанада әке-шешесі журналистердің алдында брифинг өткізді. Ербаянды жақын арада туған-туыстары Германияға апарғалы жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Жүздеген әскер табытпен оралуда»
«Ербаянның ісі үлкен резонансқа ие болғанымен, соңғы жылдары жүздеген әскер үйлеріне табытпен оралып жатыр. Мүгедек болып оралып жатыр. Сол отбасыларында қордаланып қалған, көп жылдан бері жиналып қалған мәселеге Ербаянның келісі үлкен леп берді. Яғни мұндай резонанс бір адамның тағдырынан пайда болған жоқ. Ол - мыңдаған қазақстандықтың басындағы бейнет. Ербаянның ісін 3 ай бұрын заңгер ретінде алғаннан бері бұл мәселе БАҚ-та көп талқыланғаннан бері маған ондаған ата-ана хабарласты. 3 жыл болған, 5 жыл болған оқиға. Олардың әрқайсысының оқиғасын тыңдап шығу – жүрекке салмақ. Бейбіт күнде Қазақстанның қаншама ата-анасы әскерге борышын өтеуге жіберген баласының басына құран оқып жүр не мүгедек асырап отыр», - деді брифингте Инга Иманбай.
Адвокаттың айтуынша, билік осы мәселені ашық айтып, резонанс көтерген азаматтарға жала жауып, халық пен әскердің арасына от салған.
«Қайрат Үмбетов (Ұлттық гвардия бас қолбасшысының орынбасары) сияқты алдын-ала өзінің болжамымен, долбарымен сот шешімін шығарып жүрген шенеуніктер халықтың сенімін одан әрі сейілте береді. Керісін ше билікке деген сенімсіздікті ұлғайта береді. Сондықтан біз бүгін айтқымыз келеді. Біз ашық тергеу үшін, әділетті сот үшін және Ербаян халықтың көмегімен шетелде тиісті емін қабылдап, аяқтан тік тұрып кету үшін барлығын жасаймыз. Тіпті бүгін ата-анасын қабылдаймын деп министр өзі ниет білдіргеннен кейін ол кездесуге бардық. Ербаян жағдайын талқыладық. Сол сияқты ақылға қонымсыз, Ұлттық Ұлан Ішкі істер министрлігіне қарайды ғой, сондықтан ІІМ болсын.. Мысалы, бүгін министр Әльназарова бізді қабылдап, өзімізден бүкіл ақпаратты білді. Сол сияқты неге Ұлттық Ұланның жетекшілері шақырып, біздің ойымызды білмейді. Тергеудің қалай өтіп жатқанын бізден сұрамайды?» - дейді ол.
Тергеу тоқтап тұр
Инга Иманбай тергеу мүлде тоқтап тұрғанын мәлімдеді. Сөзінше, үш ай бұрын істі анасының өтінішімен қолға алған кезде іс тоқтап тұрған.
«Иә, пресс-конференция жасағаннан кейін осы журналистердің қолдауымен резонанс басталғаннан кейін тергеу қайта бір бап бойынша жанданды. Республикалық тергеу органына іс берілді. Тергеу тобын құрдық деді. Бірақ тергеу тобының мүшелерін біз әлі көрген жоқпыз. Тек тергеуші Уәлихан Қыдырбайды көрдік. Бірақ 3 айдан астам уақытта тергеуші Қыдырбайды 2 рет қана көрдік. Яғни 2 ғана тергеу әрекеті болды. Бір рет анасынан қосымша сұрақ алу әрекеті, екіншісі біз талап еткен тәуелсіз эксперттердің қатысуымен өткен сот медициналық сараптама. Қазір біз соның қорытындысын күтіп отырмыз. Дәл сол екі кездесуде анасының көзінше біз оның қорғаушылары және адвокат Жалғас Сапарханова тергеушілердің алдына бірнеше мәселелерді қойғанбыз. Ол сол жердегі бейнежазбалардың барлық видеоларын сол күнгі емес, біз жалпы объективті жағдайда білгіміз келеді ғой. Бір ай бұрынғы видеоларды алу, оны сараптамаға беру және объективті болу үшін тәуелсіз сараптама жасау үшін ол видеоларды беру», - дейді Инга Иманбай.
«Ербаянға қандай ота жасалғанын білмейміз»
Ербаянмен болған ауруханадағы жағдай туралы да сөз болды. Азаматтық клиникадан әскери клиникаға ата-анасының рұқсатынсыз неге ауыстырғанын ешкім түсіндірмеген. Оған қандай ота жасалғанына ата-анасы хабарсыз.
«Сол кездегі дәрігерлерді тергеу әрекеті, мәселенің барлығы не болып жатқанын, қалай жүріп жатқанын тергеу бар ма, жоқ па біз білмейміз. Себебі тергеуші бізге хабарласпайды. Екі тергеу әрекетінен кейін хабарсыз қалды. Тек өткен аптада резонанс қайта көтерілгеннен кейін тергеуші Уалихан Қыдырбай хабарласып, «видеолар дайын, сізді шақырамыз, көрсетеміз» деді. Бірақ тура баратын күні менің уақытым келмей қалды деді. Одан бері тағы бір апта өтті. Мен видеоларды әлі көрген жоқпын. Сондықтан тергеуге жауапты адамдарға айтқым келеді. Тергеу жүріп жатқан жоқ. Ал тергеу жүрмеген, сотқа іс жақындамаған жерде өздерінің болжамын, долбарын жасаудың қажеті жоқ», - дейді ол.
Инга Иманбай Ербаянның басына қатысты бес диагноз қойылғанын айтады.
«Қазір біз медициналық сараптаманың жауабын күтіп отырмыз. Біз оған үміттіміз. Себебі онда тәуелсіз сарапшылар отыр. Осыған дейін журналист Дина Төлепбергенге Тахир Халимназаровтың берген сұхбатын көрдім. Ол бір соңғы медициналық сараптама болмаса да, сарапшы айтып отыр. «Бір құлағаннан ер азамат өз бойымен өзі құлағаннан баста сонша травма болуы мүмкін емес. Сондықтан біз медициналық сарапшы емеспіз, тергеуші емеспіз. Осылай-осылай болды деп айта алмаймыз. Үш ай бұрын іс мынандай желеумен тоқтап тұрды. Әскерилердің ішкі тексеру нәтижесінде бала өзі құлады деген болжаммен іс жабылып тұр. Сол кезде тексеруді қарасаңыз. Түнгі сағат екі. Неге екенін белгісіз, әжетхананың жанында 7-8 адам жүр. Бейнежазбаларды ата-анасы көрді. Ол видеокадрларда солдаттар бар. Солдаттар бір минут сайын, екі минут сайын әжетханаға кіреді шығады. Кейбірі мұрнынан қан ағып, мұрнын басып шығады. Ербаянға қатысты жағдай орын алғаннан кейін Ербаянды қан-қан күйінде әжетханадан шығарып алып кеткеннен кейін, неге екені белгісіз сол жерден бір сержант қолында белдікпен шығады. Ең болмағанда осы видео-кадрлардың бәрін көре тұрып, Ербаянға қатысты медициналық жарақаттардың барлығын көре тұрып ю, әскерилердің істі өзі құлады деп тоқтатқаны қалай?» - деді Инга Иманбай.