×

Ербаян жараланған әжетханадан сарбаздардың мұрны қанап шыққан – адвокат Инга Иманбай

Инга Иманбай тергеу мүлде тоқтап тұрғанын айтты

Ербаян жараланған әжетханадан сарбаздардың мұрны қанап шыққан – адвокат Инга Иманбай
Фото: Qaz365.kz / ашық дереккөзден

Ұлттық Ұлан сапында мерзімді әскери қызметте болып жараланған, комаға түскен сарбаз Ербаян Мұхтардың ісі бойынша Астанада әке-шешесі журналистердің алдында брифинг өткізді. Ербаянды жақын арада туған-туыстары Германияға апарғалы жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Жүздеген әскер табытпен оралуда»

«Ербаянның ісі үлкен резонансқа ие болғанымен, соңғы жылдары жүздеген әскер үйлеріне табытпен оралып жатыр. Мүгедек болып оралып жатыр. Сол отбасыларында қордаланып қалған, көп жылдан бері жиналып қалған мәселеге Ербаянның келісі үлкен леп берді. Яғни мұндай резонанс бір адамның тағдырынан пайда болған жоқ. Ол - мыңдаған қазақстандықтың басындағы бейнет. Ербаянның ісін 3 ай бұрын заңгер ретінде алғаннан бері бұл мәселе БАҚ-та көп талқыланғаннан бері маған ондаған ата-ана хабарласты. 3 жыл болған, 5 жыл болған оқиға. Олардың әрқайсысының оқиғасын тыңдап шығу – жүрекке салмақ. Бейбіт күнде  Қазақстанның қаншама ата-анасы әскерге борышын өтеуге жіберген баласының басына құран оқып жүр не мүгедек асырап отыр», - деді брифингте Инга Иманбай.

Адвокаттың айтуынша, билік осы мәселені ашық айтып, резонанс көтерген азаматтарға жала жауып, халық пен әскердің арасына от салған. 

«Қайрат Үмбетов (Ұлттық гвардия бас қолбасшысының орынбасары) сияқты алдын-ала өзінің болжамымен, долбарымен сот шешімін шығарып жүрген шенеуніктер халықтың сенімін одан әрі сейілте береді. Керісін ше билікке деген сенімсіздікті ұлғайта береді. Сондықтан біз бүгін айтқымыз келеді. Біз ашық тергеу үшін, әділетті сот үшін және Ербаян халықтың көмегімен шетелде тиісті  емін қабылдап, аяқтан тік тұрып кету үшін барлығын жасаймыз. Тіпті бүгін ата-анасын қабылдаймын деп министр өзі ниет білдіргеннен кейін ол кездесуге бардық. Ербаян жағдайын талқыладық. Сол сияқты ақылға қонымсыз, Ұлттық Ұлан Ішкі істер министрлігіне қарайды ғой, сондықтан ІІМ болсын.. Мысалы, бүгін министр Әльназарова бізді қабылдап, өзімізден бүкіл ақпаратты білді. Сол сияқты неге Ұлттық Ұланның жетекшілері шақырып, біздің ойымызды білмейді. Тергеудің қалай өтіп жатқанын бізден сұрамайды?» - дейді ол.