×

Нартай Аралбайұлы Талғардағы 16 жастағы өліміне қатысты Үкіметке бірнеше ұсыныс жасады

Ол мұндай жағдайда тек қана заң үстемдігіне иек арту керек екенін айтты

Нартай Аралбайұлы Талғардағы 16 жастағы өліміне қатысты Үкіметке бірнеше ұсыныс жасады
Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы 16 жасар Шерзат Болаттың өліміне әкеліп соққан Талғардағы жағдай туралы Үкімет басшысына сауал жолдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Қоғамды қамықтыратыны сол, соңғы уақытта жасөспірімдердің бір-бірін аяусыз соққыға жығуы, қорлауы, ең сорақысы арты өлімге апаратын қайғылы жайттар жиілеп кетті. Телеарнаны қосып қалғанда, газет бетін ашып қалғанда, радионы басып қалғанда азаматтар бірі-бірін ұрды, соқты деген ақпараттан көз ашпайтын болдық. «Біздің қоғам қайда бара жатыр?» деген сұрақтың көпшіліктің көкейінде көлкіп тұруы заңдылық осындайда. Кеше ғана Талғардағы дүкенде болған жағдай есімізді екеу, түсімізді төртеу қылды. Талғардағы тексіздердің тентектігінен 16 жастағы бала, бір әулеттің аймаңдай азаматы Шерзат көз жұмды. Әкесі мен бауыры соққыға жығылды. Баланың ажалына не себеп деген сұрақ туады. Сондағысы бір бөтелке сыра. Қазақ «Арақпен достастым дегенше, адамгершілікпен қоштастым де» дейді. Ішкіштің өзі адамгершілігімен қоштасып қана қоймай, кінәсіз кісілердің өмірімен қоштасуына себеп болғаны қатты қапаландырады», - дейді Нартай Аралбайұлы. 

Оның айтуынша, осындайда біздің қоғам қауіпсіз бе өзі, заң кімнің жағында деген сұрақ туады. 

«Себебі Шерзаттың әкесі тергеудің тұралап тұрғанын, аудандағы құзырлы орын өкілдерінің істі созбаққа салып жатқанын, қылмыскерді қойып баласынан айырылған отбасын түнде тергеуге шақырып алып өктем сөйлегенін айтып бейнеүндеу жасады. Ел өре түрегелді, артынша «істі ІІМ өз бақылауына алды» деген ақпарат тарады. Қоғамды қорқытатыны осы, қылмыскерді жазалау үшін, әділдікке жету үшін бейнеүндеу жасап әр істі бір министрдің бақылауға алғанын күтіп отыру керек пе? Неге жергілікті жердегі құқық қорғау орындары дереу істің ақ-қарасын анықтап әділ тергеу өткізбейді?», - дейді депутат. 

Ол мұндай жағдайда біз тек қана заң үстемдігіне иек артуымыз тиіс деп, Президенттің: «Біздің елімізге заң үстемдігі және азаматтық тәртіп аса қажет» деген сөзін еске салды.

«Сондықтан қылмыс орын алғанда құқық қорғау органдары бірден әрекет етуі керек. Әйтпесе, жапа шеккен отбасының мүшелері ашуға бой алдырып, қылмыскерді жазалауға өздері бекінуі мүмкін. Сондықтан оған қоса мемлекеттік деңгейде полиция мен құқық қорғау органдарына деген сенімділікті арттыратын жұмыстарды іске асыру маңызды деп білемін. Қаперлеріңізге тағы бір жайтты салайын, осы жылдың қыркүйегінде Ақтөбе облысында 14 жастағы Сыдық Нұржанды жоғарғы сыныпта оқитын оншақты оқушы жабылып сабаған, салдарынан бала көз жұмды. Ол кезде де марқұмның әпкесі әлеуметтік желіге шығып әділдік іздеп құзырлы органдарға жүгінді. Қылмыскерлер жазасыз қалмайтынына сенсе жұрт бұлай шарқ ұрмас еді. Сол Алматы облысының Талғар ауданында қыркүйек айының соңында бір тәрбиесіз бұзақының кішкентай баланы аяусыз сабағаны түсірілген бейнежазба тараған еді. Ол кезде Алматы облысының полицейлері істі бақылауға алдық деді. Алайда арада апта өткенде сол Талғарда 16 жастағы ұлды бір топ қылмыскер өлтіріп кеткенін естіп-біліп отырмыз», - дейді ол. 

Ол Үкімет басшысына осы ретте бірнеше ұсыныс айтты:
    •    Алматы облысы Талғар ауданында 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс. 
    •    Аталған іс бойынша барлық құқық қорғау органдары тізе қосып, оқиғаның заңды құқықтық бағасын тез арада беруі қажет. 
    •    Білім беру ұйымдарында «Құқық негіздері» атты пән бар. Бірақ оның сапасына қатысты сын көп. Аталған пәннің бағдарламасын қайта жасап, балалар өмірде бетпе-бет келетін жайттар мен өмірден алынған нақты кейстерге сүйеніп оқыту керек. 
    •    Мемлекет басшысы ұсынған заң мен тәртіп қағидатына сүйене отырып, елдегі құқық қорғау жүйесіне, полицияға деген халық сенімін күшейту, қоғам көзқарасын өзгерту бойынша жалпымемлекеттік деңгейде кешенді шаралар қабылдау қажет. Ол үшін халыққа адал қызмет ету керек, адал қызмет болмаса, сенім болмайды, ал сенімсіз атқарылған істің бәрі еш кететіні әмбеге аян.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Талғардағы қанды оқиға бойынша сот ашық өткізу талабы дұрыс — Абзал Құспан
Бүгін, 18:20

Талғардағы қанды оқиға бойынша сот ашық өткізу талабы дұрыс — Абзал Құспан

«Бишімбаев сотынан кейін қоғамның ашық онлайн режімдегі сотқа деген сұранысы арта түскен»
Медеу аудандық сотының экс-судьясына қатысты 2021 жылы алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық іс қозғалды

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →