×

«Суық пен сыздың ауыр азабы»: Су тасқынынан зардап шеккен отбасының күйі

Осы жылы еліміздің 10 облысында су тасқыны салдарынан 224 елді мекен 17 603 тұрғын үй зардап шекті

«Суық пен сыздың ауыр азабы»: Су тасқынынан зардап шеккен отбасының күйі
Коллаж Orda.kz

24 қыркүйекте үкімет отырысында Қанат Шарлапаев су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда құрылыс 4 ай ішінде аяқталды деп атап өткен болатын. Дегенмен редакциямызға көктемде үйін су алған Ақмола облысы Қызылжар ауылының тұрғын хабарласып, үйін көк басып, сыздан өзінің ауру болып қалғанын айтты. Оның сөзінше осы суық пен сыздан ауырып, ауруханаға бірнеше рет жатып шыққан. Қазіргі кезде сыздан өкпесінің 50 пайызы зақымданғанын баяндаған әйел мүгедек ретінде тіркеле алмай жүргенін айтты. Жалғызбасты Гүлзира Рамазанның қасында 85 жастағы қарт анасы мен 12 жасар баласы бар, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Orda.kz-ке сілтеме жасап.

Orda.kz тілшісі «қыс түссе, сыз бен көк жайлаған үйден қалай аман шығамын?» деп мұңын шаққан әйелдің жағдайын біліп қайтты.

«Үйін су басқан жалғызбасты ана»

Осы жылы еліміздің 10 облысында су тасқыны салдарынан 224 елді мекен 17 603 тұрғын үй зардап шекті. Шарлапаев үкімет отырысында 9 156 үй жөндеу жұмыстарынан өтті, ал 8 447 үй қалпына келуге жатпайтын болып танылып, нарықтан 5 767 үй мен пәтер сатып алынды деп мәлімдеген болатын. Оның сөзінше, бүгінгі күнде 2 576 үйдің құрылысы аяқталды. 

Көктемде зардап шеккендердің бірі Гүлзира Рамазан 2002 жылы Қытайдан атамекеніне оралған. Ол Көкшетау облысы Қызыл жар ауылының тұрғыны. Жалғызбасты ана бір ұлымен, 80-нен асқан қарт анасымен қазіргі кезде қабырғалары жарылған, көк басқан сыз үйде тұрып жатыр. Көктемде су тасқынынан зардап шеккен Гүлзира Рамазанның сөзінше, оның үйін бағалауға, тексеруге комиссия мүшесі келмеген. Көкшетау қаласы, Қызыл жар ауылдық округіндегі Нұрлы көш көшесіндегі 73/1,73/2,78/1 үйлерді де су басқан. 

«Өткенде мәселемді айтып Amanat партиясына бардым. Олар үйіме тексеру комиссиясы келмегеніне өздері де таңқалып отыр. Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Даниярбек Қалиұлы Көкшетау қалалық комиссиясының мүшесі. Ол жақтан да тексеріп адамдар келмеді», — деді Гүлзира Рамазан.

Гүлзира Рамазан қолқаны алатын этан газ сасыған, көк басқан үйден аллергиялық астмаға шалдықтық деп отыр. 

Фото: Бейнеден кадр

Қарт анасы  - 16 бала дүниеге әкелген көп балалы ана екен. Ол үйдің кезегінде мыңыншы болып тұрған. Соңғы рет барғанда 1333-шы болып кезегі өзгеріпті.

«Тек зейнеткер ретінде тіркеліпті деді. Содан Алтын алқасын тіркеттім. Біз он жылдың алдында тіркеткеніміз қайда қалды деп таңқалдым», — дейді Гүлзира Рамазан.
Көп балалы қарт ананың алтын алқамен марапатталғаны жайлы құжат

«Жалған уәде»

Гүлзира ханым су тасқыны кезінде бүкіл дүниесін су алып, қорасының құлап қалғанын айтты. Этан газы сасып үйді де, ауланы да алып кеткенін айтып мұңын шақты. Оның сөзінше бүкіл дүниесімен қоса арғы беттен әкелген киіз үйі де суға кеткен.

«Мемлекет жөндеу жұмыстарын жасамады. Сол үшін өзім бар ақшамды жиып үйге жөндеу жұмыстарын жасағанмын. Бірақ қабырғалары жарылып, этан газы сасып, көгеріп тұр. Бірнеше рет жедел жәрдем шақырдық. Бар тапқан таянғаным дәрі мен емге кетіп жатыр. Қарт анам осымен алты рет ауырып ауруханаға жатып шықты. Менің өзім оныншы рет ауырып тұрмын. Хондроз болып тұрмын», — деді Гүлзира Рамазан.

Гүлзира осы әкімдікте статистика бөлімінде істейтінін айтты. Денсаулығы нашарлап, емханаға баруға мәжбүр болған Гүлзира Рамазанның қысқа баласына деп алған аяқ киімнің көк басқан үйде көгеріп кеткенін айтты. Содан оны отқа жаққан. Басқа киімдері де көгеріп, сасып кеткенін айтып шағымданды.

Оның айтуынша ол әкімдік әрекет істемеген соң, президент апаратына да арыз жазып, өз жағдайын жеткізген. Алайда ауруханада жатқан кезінде әкім келіп, арызды қайтып алуын өтініп, бар жағдайды жасаймын деп уәдені үйіп-төгіп беріпті. Содан арызын қайтып алғанын айтты.

 

«Арызымды жіберген соң аурып, ауруханада жатып қалдым. Сонда осы Қызыл жар әкімі Серікжан Мейрамұлы жалынып, жалбарынып арызымды қайтып алуымды сұрады. Мен ауырып қалсам да Ақордаға, республикалық прокурорларға барып арыз жазғанмын. Хаттар, бейнежазбалар, бәрі алдарында жатыр. Сол Ақорда мен Бас прокротура алдында жатыр. Олар маған жергілікті орын көмек беру керек. Бермесе тергеп тексереміз сіздердің әрекетті бақылап отырмыз деген болатын», — деді Гүлзира Рамазан.

Алайда Гүлзира ханым қазіргі кезде оның халіне әкімдік немқұрайлы қарап отырғанын айтты. Әкімдікте істейтін Гүлзира ханым өзіне маусым мен шілде айлары бойынша медицина сақтандыруын төлемегенін, соның кесірінен ем ала алмай қалғанын айтты.

«Менің алтыншы және жетінші айда сақтандыруыма внос түспепті де, не дәрігер ауыру парағын бере алмай, созып не мүгедектікке жібере алмай емханада сандалып отырмын», — деді Гүлзира.

«Әкімдік қорқытып отыр»

Ол төленбегенін айтып, әкімге жіберген хатын көрсетті. Оның сөзінше әкімдік медицина сақтандырулардың төленгені жайлы құжат жасатып алған. Ал ауруханаға барса, дәрігерлер төленбеген деп жауап қайтарады екен.

«Дәрігерлер сіз бір аурумен ауырмаған соң мүгедектік бере алмаймыз деп отыр. Оның бәрінің ықпалы әкім. Аурухана қызметкері хабарласып, «әкім жұмыстан шығарамын деп отыр, ренжімеңіз. Мүгедектікке жібере алмаймын» деп айтты. Осынша мәселеден күйініп отырмын. Қантым өрлеп, ауруым өршіп жұмысқа да шыға алмадым», — деді Гүлзира Рамазан. 

Сонымен қатар ол медицина сақтандыруы төленбесе де, дәрігерлердің соған қарамай көмектескенін айтып, солардың арқасында емделгенін де жеткізді.

«Ем алып жатқанымды қайта қайта сұратып, жалғызбасты әйел, мына мені ақсақалдар жиынана салып, қудалады. Медициналық сақтандыруымды уақытылы төлемей, ем алуыма кедергі болды. Соның салдарынан емімнің уақытын өткізіп алып, баламды жетектеп, жедел жәрдемнің көмегімен тубдиспансердің пулманологиясына жатып, ақ халатты абзал жандардың арқасында ем дом жасап жатыр. Бұлай қорлауы, шеттен келген деп көзге ілмеуі адамгершіліктен жұрдай. Мұндай адамдармен алысып шаршадым», — деді Гүлзира Рамазан.

«Ұлыма сасып келмеуші едің ғой деді»

«Үйім дымқыл сыздан қопарылып жатыр. Артынан шөп өсті. Оны орайын десе, этан газға уланасың деп жолатпайды. Үйдің ішінде де шөп өскен. Қандай күн кешіп жатырмыз... Тілшілердің бәрін әкім жолатпайды. Облыс әкімі қабылдаймыз деген. Бір жылдан бері сол жақта мына біздің әкімдіктің таныстары бар сияқты, кіре алмай отырмын. Маған сіз өзіңіз арызыңызды қайтып алыпсыз деп айтады. Ыза болдым. Арызымды қайтып алатын жынды болып қалған жоқпын. Кездесе алмай жүргенімді айттым», — деді Гүлзира.

Гүлзира Рамазан өзі тұрып жатқан үйден көк пен сыз басқаннан бөлек, өте жағымсыз иіс шығатынын айтты. Этан газ тартқан құбырынан адам төзгісіз иіс шығып, киімдер де сасып кеткен. Ұлын сабағына жібергенде, күлімсі иісті сыныптастары байқаған екен.

«Балама сыныптастары «сен осылай сасып келмеуші едің ғой» депті. Қанша әтір алып берсең де, дымқылданып, сасып, шөп өсіп, жарылып жарылып тұрған үйдің иісі бәрібір шығып тұр. Қай жерден келіп жатқаны белгісіз. Әжетхана суға толып кете береді. Ауыстырсам да, қайта толып алады. Үйдің ішіне жайылып кете ме деп қорқамын», — деді Гүлзира.

Сондай-ақ ол жарықшақтары болған соң, жылынбайтынын баяндады. Осы қыстан қалай баласы мен анасын алып шығатынын уайымдайтынын айтты.

Orda.kz осы мәселе бойынша Ақмола облысы Көкшетау қаласының әкімдігіне арнайы сауал жолдаған болатын. 

Көкшетау қаласының әкімдігі Orda.kz ақпараттық-талдау порталының Гүлзира Рамазанның су тасқынынан зардап шегуі туралы сұрауына ресми жауап берді. Алайда әкімдік біздің сауалымыздағы қолқаны қапқан этангаздың сасығаны жайлы және көк басқан, дымқыл үй жайлы сұрақтарға жауап бермеді.

Әкімдіктің жауабына қарасақ, Гүлзира Рамазан табиғи апатқа байланысты әлеуметтік көмек алу үшін 2024 жылдың мамыр айында өтініш берген. Оған қосымша көмек ретінде 100 АЕК (369 200 теңге) мөлшерінде қаржы бөлінген. Алайда, шығынды өтеу бойынша комиссияға өтініш берілмегені атап өтілді. Жергілікті билік өкілдері оқиға орнын тексеріп, тек ауласының су басқанын растаған, бірақ үйдің өзі зақымданбаған деген жауап қайтарды. 

Әкімдіктің сөзінше, Қызылжар ауылдық округінің әкімдігі су тасқыны кезінде шалшық суды сорып, үйдің іргесін бекіту жұмыстарын жүргізген. Қазіргі уақытта 2025 жылға арналған су тасқынына қарсы іс-шараларға дайындық жұмыстары басталды.

«Медициналық сақтандыру мәселесіне келетін болсақ, әкімдік барлық міндетті төлемдердің уақтылы жүргізілгенін және Гүлзира Рамазанның алдында қарыздың жоқтығын мәлімдеді. Егер Гүлзира Рамазан қабылданған шешіммен келіспесе, ол Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес оны шағымдануға құқылы», — деп жауап берді әкімдік.  

Су тасқынынан зардап шеккен, көк басқан, сыз үйде өз ауруымен алысып жүріп, ұл тәрбиелеп, 85 жастағы анасының жағдайын жасайын деп жүрген Гүлзира бізге жергілікті тілшілер әкімдікке қарасты болған соң, мәселесін жазбай отырғанын айтты. Ал кейбір редакциялар «бір-екі үйді су алғанын» жазбаймыз деп бас тартыпты. 

Біз баяндап отырған бұл оқиға су тасқынынан зардап шеккен бір үйдің ғана жағдайы. Жалғыз басты адамға бір отбасын асырап алып шығудың өзі қандай қиын екені бәріне түсінікті шығар. 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
«Ломбардқа оқуымның ақшасын жабу үшін бардым»: Шымкентте тапаншалы қылмыскерді тоқтатқан жігіт кім
Бүгін, 16:50

«Ломбардқа оқуымның ақшасын жабу үшін бардым»: Шымкентте тапаншалы қылмыскерді тоқтатқан жігіт кім

Тұран аудандық полиция қызметкерлері дер кезінде келіп, құқықбұзушыны тұтқындаған
Оқиға болғаннан кейін қызға анасын өлтіремін деп қорқытып, ешкімге айтпауды талап еткен

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →