×

«Жаңаөзен-2023» оқиғасының алдын алуға болар еді – сарапшы

Жанжалдың шығу себептеріне кеңінен тоқталды

«Жаңаөзен-2023» оқиғасының алдын алуға болар еді – сарапшы
Vlast/ Жанара Каримова

Energy Analytics телеграм-каналының сарапшысы Абзал Нарымбетов Фейсбук желісіндегі парақшасында жуырда ғана Астана қаласындағы Энергетика министрлігінің ғимаратының сыртында ереуілге шыққан жаңаөзендік жұмысшылардың наразылығының себептері туралы пікірін білдіріп, тарқатып жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.

«2011, 2022 жылдары Жаңаөзенде болған оқиғаны бәріміз білеміз. Енді 2023 жылы сол тарихтың қайталанғанына тағы куә болдық. Жағдайды түрлі жағынан түсіндіріп көрейін», - деген А.Нарымбетов жанжалдың шығу төркініне кеңінен тоқталды.

Сарапшының айтуынша, 200-ден астам адам жұмыс істеген «БерӘлі Маңғыстау Company» компаниясы бар. Компания тендерді ұтып, жұмысшыларды қажетті жұмыс көлемімен қамтамасыз ете алмағандықтан, қызметкерлерді қысқартқан. Өз кезегінде, басқа оператор – «КезБи» компаниясы ұңғымаларды жерасты жөндеуге арналған осы тендерді ұтып, ереуілге шыққан жұмысшылардың сөзінше, төмен жалақы ұсынған.

«Энергетика министрлігінің ғимаратының сыртында ереуілге шыққан жұмыстан қысқарған қызметкерлер үш негізгі себепке наразылық білдірді:

1) бір компанияда жұмыс істеуге тұрақты штаттық орынның немесе ұзақ мерзімді келісімшарттың (кемінде 3 жыл) болмауы.

2) тек жұмыссыз қалмас үшін кез келген жалақыға келісуге мәжбүр ететін тұрақсыз жалақы, мұны компаниялар өз мүддесіне пайдаланады.

3) бұл еңбек жағдайына кері әсер етеді - демалыс пен әлеуметтік пакеттің болмауы - жұмысшылар қысқа мерзімді келісімшартқа байланысты оны төлей алмайды.

«БерӘлі Маңғыстау Company» және «КезБи» компанияларының тұрғысынан нарықтық жағдайға қарай бейімделген, бұған «ҚазМұнайГаз» АҚ жүйесі итермелеп отыр, яғни мәселе компанияда емес, мәселе жүйеде», - дейді сарапшы.

Келесі кезекте сарапшы «ҚазМұнайГаз» АҚ және Энергетика министрлігінің жүйесі туралы тарқатып айтып берді.

«Біріншіден, ҚМГ әрдайым наразылық білдірушілерге жүйелі емес қысқа мерзімді шешімдер ұсынды. 2015 жылы Жаңаөзендегі ереуілшілер ӨзенМұнайГаздан Астанадағы ҚМГ қызметкерлерімен бірдей жалақымен қамтамасыз етуді сұрады. Бір жылдан кейін талап орындалды. Бірнеше жылдан кейін оқиға 2022 жылы қайталанды, ол газдан басталды, бірақ Жаңаөзендегі мердігерлер де штатқа тұрақты жалақы сұрай бастады. Бір бөлігі бұл талапқа қол жеткізді. Жұмысшылардың ҚМГ-ға қатысты «жыламаған балаға» қағидасын түсінгенін көріп отырмыз. Сол себепті бүгінгі жаңалықты көруіміз қисынға саяды.

Екіншіден, наразылық білдірушілермен келіссөздер кезінде төменгі эмоционалды интеллект пайда болды. 1) Негізінен қазақ тілінде сөйлейтін ереуілшілермен орыс тілінде келіссөз жүргізуге болмайды. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл! 2)Келіссөзге депутаттар келді, ал халық алдына компанияның топ-менеджерлері мен Энергетика министрлігінің өкілдері шығуы керек еді. Бұл басшылықтың жұмысшылар мәселесіне бейжай қарамайтынын білдіруші еді. 3) Бастапқыда жұмысшылар бейбіт митинг өткізуді жоспарлаған, бірақ басшылық оларға шықпағасын, олардың биодәретхана мен қайнаған сумен қамтамасыз ету туралы өтінішіне ешкім құлақ аспаған соң, далаға түнеуге мәжбүр болып, жағдай айтарлықтай өзгерді. Меніңше, олардың көпшілігі ораза ұстаған, бірақ компания мен министрлік былқ етпегесін, далада түнеуге мәжбүр болды», - деген пікірін білдірді.

Абзал Нарымбетов наразылық білдірушілердің мәселелерін қандай жолдармен шешуге болатынын көрсетіп берді.   

«Компания мен министрліктің топ-менеджменті ҚАЗАҚ тілінде бейбіт келіссөз жүргізуі керек еді, бұл батыс өңірінің мәдени ерекшелігін ескерсек, өте маңызды. Тіпті, мен ереуілшілерді жақсы білетін сол ааймақтағы билік өкілдерін келіссөздерге шақырар едім. Дамыған елдерде мұндай келіссөздерге қатты ашулы топпен жұмыс істей алатын келіссөз жүргізуші психологтар да тартылады. Егер ереуілге шыққан мұнайшыларды ұстаған бейнедегі пікірлерге қарасаңыз, халықтың ереуілшілерге жан-жақты қолдау көрсеткенін көресіз. Бұл наразы топпен және тұрғындармен жүргізілген профилактикалық жұмыстардың төмендігін көрсетеді. Әлеуметтік ахуал ушығып тұрған Жаңаөзенде 200-ден астам жұмысшыны қысқарту сияқты жаһандық кадрлық шешімдерді түсіндіруде көбірек ашықтық қажет. Заң тұрғысынан компаниялар заң бұзбады, бірақ олардың әрекеттері тағы бір әлеуметтік дүмпуге әкелді», - деді ол.

Абзал Нарымбетов алдағы уақытта осындай әлеуметтік дұмпулердің алдын алу мақсатында тағы қандай іс-шараларды жүзеге асыру қажеттігі туралы ойымен бөлісті.

«Біріншіден, Жаңаөзен мен жалпы Ақтаудың толық қаржыландырылмауы себепті әлеуметтік шиеленіс жұмысқа ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік және инфрақұрылымның дамымауы салдарынан да туындайды. Егер Түркістан облысына биылдың өзіне республикалық бюджеттен 2 млрд. доллар инвестиция салынса, Маңғыстау облысы республикалық бюджеттен тыс қалған. Бұл өңір 2023 жылға дейін барлық салаға донор болды. Бұл ретте, соңғы 10 жылда Маңғыстау облысында халық санының өсуі 77%-ға жетті.

Екіншіден, ҚМГ бюджеті шексіз емес екені түсінікті, әрқашан жұмысшылардың талаптарын орындау мүмкін емес, бірақ мемлекет халыққа жұмыссыздықпен көмектесуі керек. Бұл орайда жұмыссыз халықты қайта даярлау және кәсібін мүлде басқа салаға ауыстыру мәселесі туындайды», - деп түйіндеді сарапшы өз пікірін.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

қосымша іс-шара өткізер болсақ, демеушілердің көмегімен өткіземіз
Қазақстан адам саудасына қарсы күрес бойынша әлем елдерінің екінші санатына кіреді
Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →