×

17 млн теңгеге кәдесыйлар: Алматы облысының туризм басқармасы өткізген мемлекеттік сатып алуларға шолу

Басқарма жыл басынан бері мемлекеттік сатып алу порталына 36 хабарландыру жариялаған

17 млн теңгеге кәдесыйлар: Алматы облысының туризм басқармасы өткізген мемлекеттік сатып алуларға шолу
egemen.kz

Алматы облысының Туризм және креативті индустрия басқармасы жыл басынан бері мемлекеттік сатып алу порталына 36 хабарландыру жариялаған. Оның ішінде жабдықтар сатып алу, интернет қызметі, тұрмыстық құралдар алу сынды мемлекеттік сатып алуларды қоспағанда облыстық туризмді дамытуға бағытталған бірқатар іс-шараны ұйымдастыруға қатысты лоттар бар. Qaz365.kz тілшісі бүгінгі материалында аталған басқарманың жариялаған хабарландыруларына, соның ішінде ауқымды жобаларына шолу жасайды.

Ақпараты аз ақпараттық тур

          Қаңтарда Алматы облысының Туризм және креативті индустрия басқармасына қарасты «Алматы облысының туристік ақпараттық орталығы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Welcome to Konaev турын өткізуге байқау жариялаған. Ондағы мақсат — Қонаев қаласымен таныстырып, облыстың туристік әлеуетін халықаралық және отандық нарықта ілгерілету, шетелдік және отандық әріптестермен байланыс нығайту. Жалпы саны 50 адамның басын қосып, мемлекет қаржысынан 8 750 000 теңге бөлген. Мемлекеттік сатып алу нәтижесінде үш қатысушының ішінде азырақ сома ұсынған (7 400 000 теңге) Kaz Investments ЖШС жеңімпаз болған.

goszakup.gov.kz сайтынан жасалған скриншот

Туризмді насихаттау мақсатында ақпараттық тур ұйымдастыру — бұрыннан белгілі, көбірек нәтиже әкелетін әдіс. Өйткені аймақтың әсем жерлерін көрсетіп, атқарылып жатқан жұмыстарымен таныстырады. Осылайша ақпарат кеңістігінде облыс жайлы жарыса жазылған материалдар көптеп жарық көреді. Теория бойынша осылай дестік. Іс жүзінде қалай болды? Welcome to Konaev тегі бойынша іздеу жүйелерінде шыққан нәтижелерді қарап көрелік. Бұл тегпен бар болғаны 5 бет шықты. Оның өзінде көпшілігі Kona ev, Konaev сынды сөздерге байланысты табылған. Яғни дәл ақпараттық тур жайлы табылған нәтиже саны көңіл көншітпейді: Қонаевта «Welcome to Konaev» халықаралық туристік форумы өтті,  Международный туристский форум "Welcome to Konaev" прошел в областном центре Алматинской области, В 2022 году Капшагай посетили более 1 миллиона туристов, Все флаги мира в гости к нам!. Осы төрт материалда тур туралы ақпарат берілген. Көбі Алматы облысына қарасты БАҚ бетінде жарияланған. Атап айтқанда, «Огни Алатау» басылымы, Qonaev gorod сайты, alataunews сайты және Қарасай аудандық Naqty апталық газетіне шыққан. Ал республикалық сайттардың ішінде «Адырнаға» жарияланған «Туризмді төрге шығардық» деген материалды ғана таба алдық.  

          Осы ретте мемлекеттік сатып алу келісімшартын қарап шықтық. Қатысушыларды іріктеуге қатысты арнайы бөлім бар. Ол жерде жеке құрамды тапсырыс берушінің бекітетіні шегелеп жазылған. Сонымен бірге шетелден 5 оператор, 3 тілші шақырылып, қажет болса, олардың визасының шығынын, барып-келу билеті төленетіні айтылған. Ал отандық туристік операторлар өкілдерінің саны шарт бойынша 10 адамнан кем болмауы керек. Облыстық және қалалық БАҚ-тан — 15 адам, блогерлерден — Instagram не Facebook әлеуметтік желілерінде кемінде 10 000 оқырманы бар 10 адам болуға тиіс деген. Алматы облысының БАҚ өкілдері деген санат бойынша 7 адам, тапсырыс беруші тарапынан — 2 адам, өнім беруші жақтан 2 адам еріп жүреді деп көрсетілген екен. Талаптарының ішінде Almaty Region Travel логотипімен брендтелген естелік кәдесыйлар жиынтығының болуы керегі бар. Атап айтқанда, қағаз пакет, күнделік, қалам, термостақаннан тұратын жиынтық міндеттелген. Қатысушыларға поло футболка, қалпақ, бейдждер де бар. Іс-шараның қорытындысы ретінде баспа материалдарының сілтемесі, фото және 1 минуттық видеоны басқарма кеңсесіне тур аяқталған соң 10 күн ішінде тапсыру керек делінген. Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған техникалық сипаттамада 2 күнге жоспарланған іс-шара туралы қорытынды бейнероликті ашық дереккөзден таппадық. Бірақ сол күндері өткен Alatau Hike халықаралық форумынан түсірілген кадрларды жинап, үзіндісін ресми парақшаларға салған екен. Айтпақшы, тур бағдарламасында B2B, туристік операторлардың презентациясы болатыны, келушілердің форумға қатысатыны көрсетілген. Іздеу жүйелерінде осы форум жайлы біршама ақпарат бар. Әрі бұл іс-шарада сала мамандарының талқысы болғандықтан, көлемді материалдар жарық көрген. Сараптама бағытындағы мақалаларға қарап отырсақ, Welcome to Konaev турынан осы халықаралық туристік форумның «үні» басымырақ шыққандай сезілді. Бұл форумға алда ораламыз. Ал енді сол күндері түсірілген контентке келсек, блогер Рашит Ильясов турдан ақпарат беріп, видео ұсынған. Сондай-ақ, Sxodim парақшасы Қонаев музейі жайлы пост салған. Ал бағдарламада музейге бару деген тармақ болған. Байқағанымыз, ұйымдастырушылар бірыңғай хештег ойлап таппаған. Болмаса, ресми парақшаны белгілеу сынды шарт та қойылмаған секілді. Жоғарыда атап өткендеріміз — іздеу нәтижесінде тапқанымыз ғана. 

Тур өткізуге шебер ЖШС немесе «көшірме» шарт

          Сомасы жөнінен көзге түскен келесі хабарландыру — Халықаралық туристік операторлар мен нарықтың басқа да қатысушылары үшін FAM TRIP тұжырымдамасы бойынша Alatau Hike ақпараттық турын әзірлеу туралы. Бөлінуге жоспарланған қаражат — 10 312 500 теңге. Бірақ бұл жолы да алдыңғы Welcome to Konaev турын ұйымдастыруға ниет білдірген үш ЖШС қатысып, нәтижесінде тағы да жеңімпаз болып Kaz Investments бекітілген. Ең төмен сома — 9 470 000 теңге ұсынған. Кәсіптің тіркелгеніне 8 жылдан астам уақыт болған. Осы уақыт ішінде әр жылдары төлеген салық мөлшерін төмендегі скриншоттан көре аласыздар. 2023 жылы төленген сома — 1 519 теңге. Бағыты бойынша автобус тасымалдарымен айналысатын ЖШС.

  Дереккөз: kgd.gov.kz 15.08.2023

Бұл мемлекеттік сатып алудың техникалық ерекшелігін қарап отырып, алдыңғы турдың мәтінін жартылай көшіріп алғандай әсер туындады. Шаблон ретінде қолданғанды түсінуге болады. Әйтсе де, бұл жерден көлемді copy/past байқадық. Салыстыру үшін құжаттаманың техникалық сипаттамаларының скриншотын беріп отырмыз. Қала ішіне экскурсия, форумға қатысу, кешкі ас, ұшу уақыты бірдей. Одан кейінгі мәтін де айна-қатесіз көшірілген. Бұл басқарманың барлық турды бірдей стандартпен ұйымдастыратынын білдіре ме, әлде осы іс-шаралар арқылы бір оқпен екі қоян атып түсірілді ме? Жоғарыда бұл форум туралы ақпараттың да көбірек әрі тұшымдырақ болғанын айтқан едік.

Alatau Hike ақпараттық турының техникалық сипаттамасы

Welcome to Konaev ақпараттық турының техникалық сипаттамасы

          Талаптарында тапсырыс берушінің Түркия, Әзірбайжан, Ұлыбритания, Нидерланд, Германия, Италия, БАӘ елдерінен 8 қатысушы көруге ниетті екені көрсетілген. Жақшаның ішіне үш блогер келсе болатынын да жазыпты. Форумға расында шетелдіктер келді, мәселелерді талқылады. Оны БАҚ беттерінен көруге болады. Ал өзге елден келген блогерлердің ішінде Rashida Badawala Instagram парақшасына бірнеше видео жариялаған. Қазір Дубайда тұратын трэвел-блогер (22,7 мың фоллоуер) Шоңжы, Шарын, Шымбұлақ, Көлсайға барғанын, Қонаев музейі жайлы пост салған. Ол жазбаларының соңына #visitalatau хештегін қосқан. 

          Басқарманың ең «қымбат» хабарландырулары

          Жыл басталғалы жарияланған хабарландырулардың ішінде ұсынылған ең ірі сома — 17 000 000 теңге. Мұндай сомасы бар екі лот шықты. Біріншісі — халықаралық Іле-Балқаш регатасы, екіншісі — Алматы облысының туристік әлеуетін көрсетуге бағытталған брендтелген кәдесый өнімдер жасау. Ақпанның аяғы, наурыздың басында салынған хабарландырулар бойынша бүгінде жұмыстар атқарылған. Техникалық сипаттамаларына шолу жасап кетелік. Іле-балқаш регатасын ұйымдастыруға бюджеттен 17 857 142 теңге бөлу жоспарланған. Мемлекеттік сатып алуға қатысқан 8 үміткердің ішінде бастапқыда «Аян» ЖК жеңімпаз болған. Ол 11 999 888 теңгеге ұйымдастыруға дайын екенін білдірген. Кейіннен онымен келісімшарт бұзылып, екінші орын алған үміткер — «Алихан» ЖК шарт жасалған. Алғашқыда аталған кәсіпкерлік 12 800 000 теңге деп ұсынған. Әйтсе де, артынша қосымша келісімшарт жасалып, ондағы сома көбейген. Нәтижесінде 14 336 000 теңгеге ұйымдастыратын болып келіскен. Бір айта кететін жайт, бұл хабарландыру шарты бойынша кім азырақ сома ұсынса, сол жеңімпаз болады делінген. Соған сәйкес, ең аз сома ұсынған «Аян» ЖК ұтқан еді. Ал соңында қосымша келісім арқылы бекітілген сома үшінші орында тұрған жеке кәсіпкерліктің сомасынан көп болып шыққан. Мәселен TENDERWOMAN ЖШС ұсынған сома — 13 877 000. Әйтсе де, мемлекеттік сатып алуда бірінші орын алған адаммен шарт бұзылған жағдайда автомат түрде екінші жеңімпазбен жасалады.

*Үміткерлердің бастапқыда ұсынған сомасы. Соңында қосымша келісім арқылы «Алихан» ЖК 14 336 000 теңгеге шарт жасасқан

          Бұл сомаға қандай қызметтер кірген? 10 күндік іс-шараны бастан-аяқ ұйымдастыру, қатысушылардың қамтамасыз ету, уеб-сайтты дамыту, ақпараттық қолдау ретінде кемінде 3 БАҚ-қа материал шығарып, әлеуметтік желілерде (Instagram, Facebook, VKontakte) кемінде 10 пост жариялау керек. Сонымен бірге 1 сауда орнында көрсетілім, 2 баспасөз релизі мен 1 материал шығару қажет деген шарт бар. Мұндай ауқымды халықаралық іс-шара туралы ақпарат әдетте БАҚ-та онсыз да шығады. Әрине, барлығы ұйымдастыру шеберлігіне байланысты. Бұдан бөлек, жабдықтармен қамтамасыз ету, тамақтандыру, баннерлер орнату және біткен соң алып тастау секілді міндетті тармақ көп. Айтқандай, дәстүрге айналған іс-шара жайлы БАҚ-та біраз материал жарық көрді.

          17 миллиондық келесі хабарландыру — брендтелген өнім жасауға қатысты. Алматы облысының әлеуетін көрсететін кәдесыйлар жасауға 12 үміткер өтінім берген.   Жоспарланған сома — 17 479 464 теңге. Ұсынылған сомадан шамамен 1,5-2 еседей аз, яғни 10 450 000 теңгеге әзірлеуге Kaisar ЖК келіскен. Жеңімпаз атанғанымен, артынша бұл кәсіпкерлікпен шарт бір жақта бұзылып, екінші орындағы үміткермен (AIDAR GROUP 2017) жасасқан. Келісімшартқа қарасақ, бюджеттен бөлінгені — 13 064 800 теңге. Әйтсе де, бастапқы ұсыныстарды қарасақ, аталған кәсіпкерлік басқа сома  (11 665 000 теңге) ұсынған. Сома өзгеретін болса, қосымша келісім жасалуға тиіс еді. Әйтсе де, келісімшарт мәтінінде ондай тармақ жоқ. Тек 13 миллион теңгеге шарт жасалатыны жайлы жазылған.

AIDAR GROUP 2017 ұсынған сома - 11 665 000 теңге

AIDAR GROUP 2017-мен жасалған шарттың скриншоты

Тапсырыс беруші бұл сомаға жалпы саны 23 түрлі өнім жасау керегін көрсеткен. Атап айтқанда: ағаш мүсін, фанера шошқа банкі, тінтуір тақтасыкерамика, ағаш және шыны магниттер, телефон тірегі, саяхат жастығы, қорап тәрелкелері, футболка, чемодан қақпағы, төлқұжат корпусы, қорап, ұсақтағыш сөмке, эко кофе стаканы, блютуз баған, құжаттарға арналған қағаз папка, ұлттық музыкалық аспап - қобыз, добыра, «Алтын адам» мүсіншесі, «Ұлттық стильдегі қазақ» керамикалық мүсіншесі, ұлттық стильдегі тоқыма эко сөмкесі, Алматы облысының ағаш картасы, панель, пакеттер және жапсырма. Жиынтық бұйымдарының атауын шарттағыдай қаз-қалпында ұсындық. Бұлардың ішінде кейбірін —10, енді бірін 1000 данадан жасауға тапсырыс берілген.

          Материалды әзірлеудегі мақсатымыз — еліміздегі өңірлерде туризмді дамытуға бағытталған іс-шаралардың түрі мен оларға жұмсалған қаражат жайлы хабар беру. Әсіресе, туризм басты сала ретінде көзделіп отырған Алматы облысын назардан тыс қалдырмағанымыздан да содан. 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Рамазанова сотта Қуандық Бишімбаевтың құқығы шектелгенін айтты
Адвокат Игорь Вранчев жарыссөзде алқабилерге жүгінді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →