259 млн теңге шығын келтірілген
Қазақстанның 10 өңірінде Eolus компаниясы атымен қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына қатысты қылмыстық істер тергеліп жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ҚМА мәліметіне сілтеме жасап.
Істер Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жетісу облыстарында, сондай-ақ Алматы, Астана және Шымкент қалаларында тіркелген.
"Eolus компаниясының шын мәнінде жұмыс істейтінінің дәлелі ретінде, ұйымдастырушылар ENERGY EOLUS QAZAQSTAN ЖШС бір азаматтың атына тіркеу арқылы оны өздерінің қылмыстық іс-әрекетіне тартқан. Салымшылар қаражатты инвестициялау кезінде ақшаны алу үшін қажетті соманы жинақтай отырып, күн сайын 2,5-тен 3,5 пайызға дейін пайда алады. Жаңа пайдаланушы тартылған кезде салым сомасының 10 пайыз мөлшерінде біржолғы ақшалай сыйақы, сондай-ақ жаңа пайдаланушының жыл ішіндегі күнделікті табысының 4 пайызы төленеді", – делінген хабарламада.
Осылайша, сыйақы сомасы жылдық 3000 пайыз болған, ал ҚР Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі жылдық 16 пайызды көрсетеді. Қазақстандағы өкіл ақша қаражатын екінші деңгейдегі банктегі өз шотына қабылдайды, содан кейін криптобиржаға аударып, айырбастауды жүргізеді. Соңында криптошелек арқылы energyeolus.top. платформасындағы өз шотына аударады.
"Тартылған азаматтардың жалпы саны кемінде 3 000 адам, оның ішінде 1 773 салымшы 259 миллион теңге сомаға мүліктік зиян келтірілгені жайлы өтініш берген. ҚМА Қаржы пирамидаларын құру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын және мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейтінін ескертеді.
Егер сіз қаржы пирамидасының құрбаны болсаңыз, тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеу департаментіне хабарласуыңызды сұраймыз", – делінген ҚМА хабарламасында.