×

«Соңына дейін барамыз»: Полиция басшысы зорлады деген қыздың адвокаты мәлімдеме жасады

Адвокат мәлімдеме жасады

«Соңына дейін барамыз»: Полиция басшысы зорлады деген қыздың адвокаты мәлімдеме жасады
ФОТО: «Егемен Қазақстан»

Талдықорған қалалық полиция басқармасының бастығы Марат Күштібаев қыз зорлады деген күдікпен қамауға алынғаны туралы ақпарат тараған. Осы жағдайдың мән-жайын толық білу үшін Qaz365.kz тілшісі жәбірленуші қыздың адвокаты Нұрлан Молбаевпен сөйлесті. 

«Тергеу процесі жүріп жатыр. «Зорлау» бабы бойынша сараптама тағайындалған. Күдікті адам уақытша ұстау изоляторында. Ертең сот санкциясымен екі айға қамауға алынады деп күтіліп отыр», – дейді Нұрлан Молбаев. 

Жалпы, елде мұндай басшылардың күдікке ілінгенде бірден қамауға алынуы сирек. Талдықорған қалалық полиция басқармасы басшысының шұғыл ұсталуы да көпшілікті таңғалдырды.

«Қылмыстың өзі категорияға бөлінеді ғой. Бұл әрекет – өте ауыр қылмыс. Екіншіден, күдікті 30 жылдан астам полицияда еңбек еткен. Полковник шеніне дейін алған. Қаншама достары, таныстары бар. Бірден изоляторға қамамаса, құтылып кетуі мүмкін еді. Сондықтан осылай  тырп ете алмайтындай қылып ұстады», – дейді адвокат. 

12 қараша, яғни жексенбі күні учаскелік инспектор қоғамдық тәртіпті бұзды деген айыппен 27 жастағы қала тұрғынын Талдықорғандағы Ішкі істер басқармасына жеткізген. Осы жерде анықтаушының кабинетінде сұрақтарға жауап беріп отырған қызды басқарма басшысы кабинетіне әкелуді бұйырады. Әрі қарай зорлық-зомбылыққа жол берілген. Адвокат кешегі сұхбатында «Сендей әдемі қызға протокол толтырғызбаймын» деп, қызды жыныстық қарым-қатынасқа мәжбүрлеп, тиісе бастағанын айтқан еді. 

«Ол қыз ешқандай құқық бұзбаған. Жәбірленуші Жетісу облысында жекеменшік фирмалардың бірінде қызмет атқарады. Жәбірленуші құқық қорғау орган қызметкерлерінің қамқорлығында. Ешқандай қысым жоқ», – дейді Нұрлан Молбаев. 

Адвокат кеше осы жаңалық ақпарат құралдарына шыққан кезде жаңсақ пікірлер көптеп жазылғанын айтты. Аяқтан шалу, арандату деп ойлағандар бар көрінеді.

«Мен өзім осындай істермен айналысамын. Жәбірленуші қыздан арыз жазасыз ба деп едім, «иә» деді. Онда соңына дейін барамыз дедім. Қалалық полиция басқармасының басшысын орнынан алып тастау дегенді мақсат етпедік. Бопсалап ақша алу да ойымызда жоқ. Өзім де қыз өсіріп отырмын. Әйелім, анам бар. Мен әділдік болғанын қалаймын. Осындай қызметте отырып, зорлық-зомбылыққа бару жақсылық емес», – дейді ол.

Нұрлан Молбаевтың айтуынша, жәбірленуші адвокатқа хабарласқан. Одан кейін ол Ішкі істер министрлігіне қарасты Өзіндік қауіпсіздік департаментіне арыз жазған. Астанадан  ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастығы Арман Саданов өзі келгенін айтып отыр.

«Ол қыз полиция басшысының кабинетіне қалай тап болды? Бұрыннан таныс па?» деген әңгімелер тарап жатыр. Негізі, ол маған хабарласты. Содан кейін Ішкі істер министрлігіне қарасты Өзіндік қауіпсіздік департаментіне шықтым. Арыз жаздым, басшылық дұрыс түсініп, қолдады», – дейді адвокат. 

Айта кетейік, осы іс бойынша ҚР ҚК 120-бабы 2-бөлігі зорлау бойынша қылмыстық іс қозғалған.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →