Ділназ Ахмадиева әкесінің жұмыстан қалай шығып қалғанын айтып берді
Эстрада әншісі Ділназ Ахмадиева Ұйғыр музыкалық комедия театрында әкесінің жұмыстан қалай шығып қалғанын айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Ол жақта сорақылық болып жатыр. Қорқатын түгім жоқ. Мені танитын адамдардың бәрі өтірік айта алмайтынымды біледі. Өсекке мен жоқпын», – дейді әнші.
Әнші әділеттілік үшін күресіп жүргенін айтады. Сөзінше, бұл күрес әкесінің еңбегі үшін күрес.
«Әкем қаншама күш-қуатын, білімін, өмірін осы Ұйғыр театрының тіршілігі жолында сарп етті. Қайта жөндеді. Әкем үшін қатты уайымдадым, себебі ол өте жайсыз оқиғаға тап болды. Бүкіл өмірін Ұйғыр театрына арнап, сол жолда еңбек етіп, Ділмұрат Бахаров дегеннің келуімен (ол қазір директор) әкеммен ақша жағынан есеп айырысып, еш мәселені түсіндірмей, зейнетке адамша қоштаспай, жұмыстан шығарды. Тура айтқанда, итше шығарып жіберді», – дейді ол.
Әнші Ділмұрат Бахаровты бірнеше жылдан бері білетінін, ол жігітпен көп жұмыс істегенін, бірге ән салғанын айтады. Тіпті Бахаров Ділназға ұйғыр альбомын жазып берген.
«Не себепті ол өзін осылай ұстағаны белгісіз. Мәселенің мәнісін біліп жатырмын. Түбі шындыққа жететінімді білемін. Өйткені әкем қатты ренжіп, бір айдай ауырды. Ол үшін бұл жайт қатты соққы болды. Өз басым бұл оқиғаны мүлде әділетсіздік деп есептеймін. Ол жерде жалғыз менің әкем емес, басқа да адамдар бар. 180 адамның ішінде 30-ы жұмыстан шығарылған. Сонымен қатар, 22 жыл жұмыс істеген мен де. Ол келді де, бір сәтте бәрі осылай болады деп шешті», – дейді ол.
Ділназ Ахмадиева даудың жалғасып жатқанына жарты жыл болғанын атап өтеді.
«Мен ол жерден өз еркіммен кеттім. Ол менен жұмыстан кетуімді өтінді. Менің күнде жұмысқа бара бермейтінімді біліп, өзінше шешкені. Ал мен вокалдамын. Мен жұмысқа келуім үшін маған бағдарлама керек. Мен ұйғыр әндерін дәлізде айтып жүруім керек пе? Мен оған сұрақты қойдым. Ол жұмысқа келмей, айлық аласың деп, қылмыстық іс туралы айтты ма, бірдеңе. Бұл өте күрделі сұрақ. Оның әрекеті өте дұрыс емес. Эгосын көрсетті. Билік сынағынан өте алмады. Өйткені оны біреу қолдаған сияқты. Бәрі реттеледі. Мен бұл мәселені жайдан-жай қалдырмаймын. Мені өкпелетсе кете салар едім, бірақ әкем үшін Эверестке дейін жаяу бара аламын. Жетемін де!» – дейді Ахмадиева.
Мемлекеттік Құдыс Қожамьяров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театрының тарихы өткен ғасырдың 20 жылдарынан басталады. Мұнда тарихтан белгілі А.Розыбакиевтің «Мансаппараст» сатиралық комедиясы (1919), З. Баширидің «Садыр Хонрук» (1923), Н. Абдусаматовтың «Назугум», М. Имашев пен Ж. Ганиевтің (1925) пьесалары қойылған. 1974 жылы тетар жанынан «Яшлык» ансамбі ашылған. Оның басшысы – Мұрат Ахмадиев. Ансамбль 1978 жылы Ленинградта Бүкілодақтық эстрада әртістері конкурсында дипломант атанған.
2007 жылы театрды басқарған Мұрат Ахмадиев Мәжіліс депутаты болып сайланған.
Ал Ділмұрат Бахаров – 1999 жылы «Дервиштер» тобының негізін қалаушыларының бірі. Топ халықаралық «Азия Даусы» байқауына қатысып, Ділмұрат «Үздік аранжировка үшін» жүлдесін жеңіп алған.