Орташа жалақы мөлшері
2023 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстанда орташа айлық жалақы 350,5 мың теңгені құрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Finprom.kz мәліметінше, бұл бір жыл бұрынғыдан номиналды түрде 16,9%-ға артық. Алайда инфляцияны ескергендегі нақты өсім 3,5%-ды құрады.
Өткен жылдың сәйкес кезеңінде орташа айлық жалақы 299,8 мың теңгені құраған.
Өңірлер бойынша ең жоғары орташа айлық жалақы 602,4 мың теңге көлемінде Атырау облысында тіркелді. Бұл бір жыл бұрынғыдан номиналды түрде 14,3%-ға және нақты мәнде 2,8%-ға артық.
Көш бастап тұрған өңірлер қатарында Маңғыстау (519,1 мың теңге, бір жылдағы өсім нақты мәнде 2,2%) және Ұлытау (471,3 мың теңге, өсім 5,4%) облыстары да бар.
Ең төменгі орташа айлық жалақыны Түркістан облысының тұрғындары алатыны белгілі болды: 248,9 мың (бір жылдағы өсім 1,8%). Бұл үштікке Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстары да кірді.
Салалар бойынша ең жоғары орташа айлық жалақыны дәстүрлі түрде тау-кен өндіру және карьерлерді өңдеу өнеркәсібінің қызметкерлері алды: 756,7 мың теңге. Бұл бір жыл бұрынғыдан номиналды түрде 16,5%-ға көп.
Ең көп жалақы төлейтін үш салаға сондай-ақ қаржы және сақтандыру қызметі (668,9 мың теңге) және ақпарат және коммуникация саласы (525,8 мың) енді.
Елдегі ең төменгі жалақыны өнер, ойын-сауық және демалыс, ауыл, орман және балық шаруашылығы, су жабдықтау және су бұру салаларындағы қызметкерлер алады.