×

Оқушылар арасындағы жаппай төбелес: Бір бала ауруханаға түсті

Оқушылар арасындағы жаппай төбелес

Оқушылар арасындағы жаппай төбелес: Бір бала ауруханаға түсті
Фото: әлеуметтік желіден

Алматы облысында оқушылар жаппай төбелесті. Төбелеске Іле ауданына қарасты мектептің оқушылары қатысқан, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Qazaq.today-ге сілтеме жасап.

Әлеуметтік желілерде бір-бірін аямай соққыға жыққан төбелестің видеосы жарияланды. Жасөспірімдердің жаппай төбелесі Іле ауданының Жәпек батыр ауылында орын алған. 30-дан астам жасөспірім полиция басқармасына жеткізілді.

Төбелеске бес мектептің оқушылары қатысқан. Оңбай таяқ жеген бір бала қазір бас жарақатымен ауруханада жатқан көрінеді. Жоғары сынып оқушыларының арасында болған төбелеске қатысты 17 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Футбол ойнаған балалар дейді. Футбол ойнап, жеңілген команда мен жеңген команда арасында осындай кикілжің болған дейді. Біздің мектептен 13 бала қатысқан. «Біз білмедік, апай, Мадияр былтыр бір нәрсе айтқан мен туралы, соны неге айттың деп сұрап едім, ол маған секірді» дейді. «Мен үлкен болғаннан кейін оған жауап қайтардым» дейді. Енді күнделікті бірге жүріп, бірге ауылға қайтып, бір ауылда ойнап жүрген балалар ғой», – деді Іле ауданы №51 Орта мектеп директорының міндетін атқарушы Шәпия Бектұрғанова.

Футболға жиналған балалар үйлерінде жатқан оқушыларды да шақырып, төбелеске қатыстырған. Жаппай төбелестен 9-сынып оқушысының миы шайқалып, ауруханаға түскен. Полиция «бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

«Желтоқсанның 3-і күні әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Жәпек батыр ауылында төбелс болғаны анықталды. Аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Іле ауданының полиция басқармасына 30-дан астам жасөспірім жеткізілді. Олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бір жасөспірім ауруханаға жеткізілді, қазір жағдайы бірқалыпты. Басқа балалар дене жарақатын алмаған», – деді Алматы облысы Іле ауданы ПБ бастығы Ертіс Тоқтаров.

Жаппай төбелеске қатысқан оқушылардың айқайлаған аяусыз сөздері де көпшілікті шошытты. Тіптен «ұста», «басына секір»  деп айқайлаған. Өзен жағасындағы бұйрықты ересек оқушылар бұлжытпай орындаған. Білім бөлімінің бастығы Лаззат Каткеева басқаратын бұл ауданда оқушылардың арасындағы төбелестің орын алуы бірінші рет емес. Білім бөліміне қатысты заңсыздықтарды прокуратура анықтаған. Тіптен бұған дейін оқушылардың төбелесі баланың өлімімен аяқталған оқиға да болған.

«Аталған дерек дереу аудандық полицияда ҚР ҚК 293-бабы бойынша тіркелді. Тексеру барысында 29 қараша күні  2008 жылғы 9-сынып оқушысы мен 2007 жылғы 10-сынып оқушысы арасында келіспеушіліктер туындап, кейіннен жаппай төбелеске ұласқаны анықталды. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеттері басталды. Сондай-ақ, психологтардың қатысуымен осы оқиғаға қатысушылармен профилактикалық тәрбие жұмысы жүргізілді. Сонымен қатар жоғарыда аталған жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127, 435-баптары бойынша 17 әкімшілік хаттама толтырылды», – деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →