Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 6 қаңтар күні «Масс-медиа туралы» жаңа заң жобасын талқылауға ұсынған еді
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 6 қаңтар күні «Масс-медиа туралы» жаңа заң жобасын талқылауға ұсынған еді. Министрлік мәліметінше, бұл заң жобасы қабылданса, 1999 жылғы «БАҚ туралы» Заңның күші жойылмақ.
Сенат пен Мәжілістің журналистикаға азды-көпті қатысы бар депутаттарынан тағдыры талқыға түсіп жатқан заң жобасы жайлы пікірін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі nege.kz-ке сілтеме жасап.
“Ол заң жобасын көрген жоқпын. Сондықтан ештеңе демеймін”, – деді Мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов.
“Әлі танысып үлгермедім. Десе де бұл Заң жобасының жасалғаны дұрыс. Шын мәнінде, журналистердің тек қана құқықтық мәртебесі ғана емес, олардың қоғамда алатын орны анық болуы керек.
Мұндай заңы жоқ елдер де бар. Бірақ біздің елдегі жағдайға қарасақ, заң керек сияқты. Өйткені жаңа қоғамның жаңа талаптары бар. Соны ескеруіміз керек. Масс-медиа туралы заңда тек журналистер емес, оларға деген қоғамның қатынасы да реттелуі тиіс. Сол үшін де ол – көкейтесті.
Бұл заңда тәуелсіз, тәуелді журналист деген ұғым болмауы керек. Анығын айтсақ, бұлар социалистік қоғамнан қалған түсінік қой. Журналист халықтың тілегін, мұң-мұхтажын жеткізіп, шындықты объективті түрде жариялап отыруға міндетті.
Шын мәнінде, билік пен халыққа ықпалы болатын БАҚ өкілдеріне мемлекет қолайлы жағдай жасауы тиіс. Заңның ең негізгі міндеті де осыдан шығуы керек деп санаймын. Сондықтан мен журналистердің бұл талқылауға атсалысқанын қалар едім. Олардың ойларын енгізу керек”, – деп ойын бөлісті Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай.
“Бұл заң жобасымен таныс емеспін. Сырттай естігенім болмаса, әлі нақты өз көзіммен көргенім жоқ. Талқыланған нұсқасы әлі қолыма түспеді. Ол енді... Президент тапсырма берді ғой: «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы жаңадан заң жобасын жасаңыздар»,– деп. Соған сәйкес әзірленіп жатыр ғой. Бірақ ол әлі Мәжіліске келген жоқ.
Оның тұжырымдамасы Әділет министрлігінен өтіп, бекітіліп келуі керек қой. Сондықтан талқыланып жатқанда ол туралы толық ештеңе айта алмаймыз.
Шикі жерлері болуы мүмкін, алынып тасталуы мүмкін. Тұжырымдамасы шықсын бірінші. Көреміз ғой. Бірінші Мәжіліске, сосын Сенатқа келеді. Сол кезде айтармыз”, – деп пікірін айтты Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп.
Масс-медиа туралы заң жобасымен танысқаным жоқ. Әлі көрмедім. Қазір бізде қаншама заң жобасы қаралып жатыр. Оған үлгермей жатырмыз. Парламент Мәжілісіне әлі кірмеді. Бірақ ол өте маңызды заң деп есептеймін. Себебі өзім де журналиспін. Бұл заңды міндетті түрде азаматтық қоғаммен, журналистермен, белсенділермен талқылайтын боламыз.
Менің білуім бойынша, онда журналистердің статусы қаралады. Қандай керемет?! Қазір мұғалімдердің мәртебесі көтерілді, дәрігерлерге де статус беріп жатырмыз. Ал журналистерде статус жоқ. Бұл заң жобасында осы мәселе қаралады деген ақпарат бар. Соны күтеміз.
Сарапшылар тобы мен жұмыс тобы құрылады. Бәрі тәртіп бойынша жүргізіледі. Бірінші ол заң жобасы келсін деп өзім де күтіп отырмын. Оған дейін біз де тарқап, VIII шақырылымда ол қаралатын шығар. «16-сы сіздерді таратады ма?» деген сұрақтар қойылып жатыр. Бірақ біз әлі жұмысты жалғастырып жатырмыз. Көреміз қалай болатынын. Бірінші сенаторлардың сайлауы өтсін”, – дейді Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметова.
“Бұл заңмен таныс емеспін. Ол менің комитетіме қарамайды. Журналистиканы бітіргеніммен, қазір экология комитетіндемін.
Дегенмен қазір масс-медиа туралы заң жобасы талқыланып жатыр ғой. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, оның ішінде министр бір жақты емес, жан жақты түрде біздің әріптестеріміз, журналистердің ойын ести білуі керек деп ойлаймын.
Тек қана мемлекеттік БАҚ журналистерін ғана емес, тәуелсіз журналистер мен олардың құқығын қорғап жүрген ұйымдардың да үні естілуі тиіс.
Одан бөлек, қоғамда талқыланып жүрген блогерлерді БАҚ өкілі ретінде заңдастырамыз ба жоқ па, сосын фейк ақпаратпен күрес, журналистердің құқықтық мәртебесі, сөз бостандығы, олардың әлеуметтік жағдайы барлығы талқылануы керек.
Ал «Тәуелсіз журналистерге қысым жасалып жатыр» дегенге қатысты тергеу органдары жауап беретін шығар. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» ғой. Әрине, оны бақылап отырған халықаралық ұйымдар да, басқа да мекемелер бар. Сол себепті бұны біртіндеп шешілетін дүние деп санаймын”, – деген пікірде Мәжіліс депутаты Мәди Ахметов.