×

Қазақстанға ресейшіл сепаратизм қауіп төндіре ме

Өңірдегі өзекті мәселе – қазақ тілді мектептер мен балабақшалардың санының аздығы

Қазақстанға ресейшіл сепаратизм қауіп төндіре ме
Ашық дереккөздерден

Қазақстанға ресейшіл сепаратизм қауіп төндіре ме? Бұл сауалға Qaz365.kz тілшісі жауап іздеп көрді.

Украинаның Донбасс қаласында басталған сепаратистік жағдайдан кейін бұрынғы Кеңес Одағының кез келген елі мұндай ситуацияға үрке қарайды. Мысалы, жақында «Настоящее время. Азия» арнасы еліміздің солтүстігіндегі Петропавл қаласы туралы «Қазақстанға ресейшіл сепаратизм қауіп төндіре ме?» деген тақырыппен репортаж жасаған.

24 минуттық видеоны автор көктемде қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынған «Петропавл халық кеңесі» деп аталған топтың әрекетінен бастаған. 2023 жылғы 19 наурызда Солтүстік Қазақстан университеті колледжінің ғимаратында «халық кеңесінің» 20 мүшесі қатысқан жиналыс өткен болатын. Онда топ өздерін «СССР-дың ізбасары» деп есептейтінін мәлімдеген еді.

Видеода Петропавлда мемлекет құраушы ұлттың аз екені айтылған. Өйткені Петропавл – Қазақстандағы 17 облыс орталығының арасында этникалық қазақтардың саны 50 пайызға жетпейтін жалғыз қала. Яғни қазақтардың саны небәрі 33 пайыз болса, орыс ұлтының саны 53 пайыздан асады.

Сосын журналист қала орталығында қойылған Абай мен Пушкин ескерткішіне тоқталып өткен. Өйткені екі ұлттың ұлы ақындарының Петропавлға тікелей қатысы жоқ екеніне мән берген. 

Айта кетсек, бұл ескерткіш 2006 жылы Ресейдегі Абай жылы және Қазақстандағы Пушкин жылының аяқталуына орай тұрғызылған. 

Айтпақшы, Солтүстік Қазақстан облысында Қазақстанның арналары көрсетпейтін елді мекендер бар екен. Мысалы, жақында 130 жылдығы аталып өткен Мағжан Жұмабаевтың атындағы ауданға қарасты Чисто ауылында тек ресейлік арналар ғана қосылған. Мұны репортажда Валентина есімді жергілікті тұрғын растады. Осыған байланысты жергілікті тұрғындардың Украинадағы Ресей бастаған соғыс туралы өзіндік пікірі бар. 

«Террористерді жақсы адамдар деп кім айтады. Бұлар адам емес. Онда не болып жатқанын көріп отырсыздар», – дейді жергілікті тұрғын.

Кімді лаңкестер деп атайтыны туралы сұраққа біржақты жауап болды.

«Зеленскиймен 2014 жылы билікті басып алғандар. Ол жерде дәл осы бандитизм ошағы гүлдеп жатыр», – деп жауап берді жергілікті тұрғын.

Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде Петропавл қаласының атауын ауыстыру туралы үнемі айтылып келеді. Бірақ әлі күнге бұл мәселеге ресми билік бел шешіп кіріскен емес. 35 жылдан астам журналистика саласында еңбек еткен жергілікті тілші Өмір Есқали 2010 жылы Парламентте қала атауын ауыстыру туралы алғаш мәселе көтерілгенін тілге тиек етті.

«Жергілікті тұрғындар тарихи «Қызылжар» атауын қайтару туралы қол қою парағында жинаған. Бірақ саяси жағдай әзірге мүмкіндік бермейді. Қалада қазақтардың саны аз. Рефердендум өткізсе, жеңіліп қаламыз», - дейді Өмір Есқали.

Айта кетейік, 2010 жылы төменгі палатаның 13 депутаты Петропавл қаласының атауын Қызылжарға ауыстыруды ұсынды. Сол кезде қала тұрғындарының басым бөлігі қарсы шықты. Ал былтыр Ерсұлтан Нұрғалиев есімді азамат egov.press сайтында Петропавл қаласының атауын Қызылжарға ауыстыру туралы петиция жариялаған. 

Журналист репортаж жасау барысында көшедегі тұрғындардың пікірін сұраған. Этникалық қазақтар «Қызылжар» атауын қолдаса, өзге ұлт өкілдері Петропавл атауы қалуы керек деп санайды.

Ресей мен Украина арасындағы соғысқа дейін бұл облыстың жастарының көбісі Ресейге кетіп қалатын. Білімді де сол жақтан алатын. Қазір жағдай өзгерген. Моблизациядан кейін, керісіншеі Ресейден Петропавлға келетіндердің саны артқан. Мысалы, Санкт-Петербург тұрғыны Станислав Курганский бір жылдан бері Петропавлда тұрып жатқан көрінеді. Оның көзқарасы Ресей билігіне кереғар. Сондықтан кетіп қалған.

«Ресейде хайп хабарламалар көп айтылады. Сосын бір айдан кейін ұмтылады. Ядролық қару қолданамыз деді. Одан бері де бір жыл өтті. Сондықтан Ресей билігінің айтқанын тым салмақты қабылдай берудің қажеті жоқ», – дейді Станислав Курганский.

Бұл өңірдегі тағы бір мәселе – қазақ тілді мектептер мен балабақшалардың санының аздығы. Өңірде жалпы білім беретін 454 мектептің 112-сі ғана қазақ тілінде, 96-сы аралас, 246-сы орыс тілінде білім береді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →