×

«Шаршаған жоқпын»: 75 жастағы Мәжіліс депутаты жастарға орнын бермейтінін айтты

Өзінің күш-қайраты, тәжірибесі жеткілікті екенін айтты

«Шаршаған жоқпын»: 75 жастағы Мәжіліс депутаты жастарға орнын бермейтінін айтты
Ашық дереккөздерден

Тілшілер Мәжіліс кулуарында ең егде депутат Бақтықожа Ізмұхамбетовті біраз қыспаққа алды. Ұзақ жылдан бері билікте жүрген ол былтыр Мәжіліске депутат болып сайланған. 75 жастағы депутат әлі де тың екенін айтып, саясаттан, күнделікті жұмыстан шармағанын жеткізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Жасыңыз болса біразға келді, депутат болудан шаршаған жоқсыз ба? Жастарға  орын бермейсіз бе?» – деп сұрады тілшілердің бірі депутаттан.

Мәжілісмен жауап беруде аса сасқан жоқ. Өзінің күш-қайраты, тәжірибесі жеткілікті екенін айтты. 

«Бұл сұрақты бұған дейін де қойған. Мен айтайын, Мәжілістің VIII шақырылымы әжептәуір өзгерді. Енді сол депутаттықты жаңадан бастап жатқандарға өндірісті білетін, заңды білетін, өңірді білетін, экономиканы білетін адамдар керек болған секілді. Сондықтан маған Amanat партиясынан ұсыныс болды. Сол себепті келдім. Әкім болған адаммын, бірнеше өндірісті басқарғанмын. Ғылым докторымын. Әдебиетті, мәдениетті білемін. Тіпті, бірнеше тілді де меңгергенмін», – дейді Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Сондай-ақ ол заң шығарушы органның қауырт жұмысын уақытылы орындап жүргенін айтып мақтанды. 

«Шаршаған жоқсыз ба?» дедіңіз ғой. Шаршамадым. Мен өзім спортпен айналысамын. Спорттың кейбір түрлерінен федерация басқарғанмын. Ешқандай шаршамадым. Тапсырылған жұмысты орындап жатырмын», – дейді депутат.

Дәл осы депутат Мәжіліс кулуарында журналистермен пікір таластырып, мұнай шыққалы 100 жыл болған Атырау өңірінде неліктен жұмыссыздық бары жөнінде сұраққа жауап берген.

«Зауыт салынбады деп кім айтты? Мұнай өңдеу зауыты бар. Химия өңдеу өнеркәсібі ашылды. Жұмыс жоқ деген сөз өте қате. Еш уақытта олай айтуға болмайды. Жұмыс көп. Жұмыссыздық Америкада да, Қытайда да, басқа елдерде де бар. Жұмыспен қамту мәселесі... Американы қараңыз. Мен барлық уақытта Атырауға да, Оралға да барамын. Жақында ғана барып келдім. Басқа жерге қарағанда бәрі жақсы. Несі жақсы? Табысы жақсы», – дейді ол.

Бақтықожа Ізмұхамбетов 1948 жылы Атырау облысында дүниеге келген. Әр жылдары Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының әкімі болған. Парламент Мәжілісінің төрағасы қызметін де атқарған.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →